ТЕНДЕРГЕ ТЕЛМІРГЕНДЕРДІҢ КЕЛЕШЕГІ НЕ БОЛМАҚ?

Үкімет отырысында тендер мәселесі сөз болды. «Бақсам, бақа екен» демекші, тендер шіркіннің таусылмас «жыры» бұл жаққа да таныс болып шықты. ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік тапсырыс аясында мектептерді уақытында пайдалануға беру мәселесін айта келе, өзекті проблемаға назар аударды. Үкімет басшысы «ағатайлар» тендермен ұзақ ойнап жүретіндіктен балалар мектепке уақытында бара алмай қалады» деп өз ойын жасырмай айтып тастады.  «Осы мәселені ылғи талқылаймыз. Алайда жағдайымыз сол қалпы, өзгермей келеді. Ақша игерілмейді, тендерлерді кеш өткізеді. Сонда қалай? Үлкен ағатайларымыз тендер ойнап жүретіндіктен балалар зардап шегіп отыра бермек пе? Осыны түбегейлі шешу керек. Балалар жаңа мектепке барғысы келеді. Оған қоса, Президенттің нақты тапсырмасы бар. Ұлттық қордан ақша бөлініп жатыр. Соның барлығы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында аймақтарға таратылады. Біз болсақ, жаңа оқу жылы басталса да, тендер ойнап жүрміз», – деді Бақытжан Сағынтаев. Осы орайда Үкімет басшысы өз орынбасарларына қазіргі жүйені толығымен өзгертуді тапсырды.

Үкімет басшысының тап осы сынынан кейін, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев білім беру нысандарының жылу маусымына дайындық мәселесі бойынша есеп берді. Министрдің сөзіне қарағанда, бүгінде 2620 мемлекетік балабақша, 7100 мектеп, 473 колледж және 130 жоғары оқу орны жылу маусымына дайын. «Аталған білім беру мекемелерінің бәрі дайындық актісін алды. Барлық аймақтарда көмір мен отынды жеткізу кестеге сәйкес жүргізіледі. Жалпы жылу маусымына дайындық жұмыстары жалғасуда. Осы мәселені бақылауда ұстаймыз», – деді ол.

Ал денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өзіне қарасты саланың жылу маусымына дайындығы кестеге сай жүргізіліп жатқанын жеткізді. «Жалпы республика бойынша 5774 денсаулық сақтау нысаны жұмыс істейді. Олардың ішінде орталық жылытуға 820 нысан қосылса, 312-сі электр жылытумен қамтылған. Бұдан бөлек, қатты және сұйық отында отырғандардың саны 3817 нысанды құрап отыр. Ал газбен жылынып жатқандар – 825. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес, 5733 нысаны бойынша жылу мауысымына дайындық деңгейі 92 пайызды құрап отыр», – деп ол да ағынан жарылды.

Үкімет басшысы өзге де ведмоства басшыларының баяндамаларын тыңдап, нақты тапсырмалар жүктеді.

Нағашыбай Қабылбек

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған