Тоқалды күндес деп санау дұрыс па?

Бай-бағландардың жемсауына түспеңдер! Ұлтымыздың түбіне керенаулық жете ме деп қорқамын. Мұным көпке топырақ шашқаным емес. Қазақтай мырза, қазақтай таза, қазақтай шыдамды халық жер бетінде өте аз.

Дәл қазақтай қызы мен анасын ардақтау жағынан қай ел алдымызға түсе алады? «Ұлың өссе ұлықтымен ауыл бол, қызың өссе қылықтымен ауыл бол» деген қазақтың көрегендігі де осында жатыр. Бойымыздан адами әдеп-ғұрыптардың барлығы табылады. Ендеше, неге қырмызыдай құлпырған қыздарымыз бақыттарын жат жұрттан іздейді, шетелдерде қаншама қыздарымыз ажал құшты десеңші! Әкесіз бала өсіріп, салтымызда жоқ жат әдеттерге бауыр басқандар легі жылдан-жылға көбеюде. Неге? Бұл үрдіс кең етек алып жайыла берсе, арты жақсылыққа апармасы белгілі. Үкімет бұл мәселеге енжарлық танытып, маужырап отыр. Бірнеше мәрте осы мәселеге ат шалдырған азаматтар болды. Амал нешік, тыңдар құлақ болмағасын, қоғамдық пікір тумағасын, барлығы жүре тыңдалып, айтылған-айтылған жерінде қалды. Енді қайтпек керек? Қазақтың келешегін, демографиялық ахуалды ойлаған жанға кәрі қыздардың көптігі, жалғыз басты аналардың күйбең тірлігі ой салары һақ. Қалталы азаматтардың жасырын түрде екінші әйелі болып, қара басын күйттеп жүрген сылқымдар қаншама?! Сондай қадамға барғандары үшін оларды кінәлауға бола ма? Қытымыр өмірдің құрсауынан шыға алмай, «бай-бағландардың» жемсауына түскендер де кездеседі. Әртүрлі жолмен тағдыр байласып, жан сезімдерін жариялауға батпай жүргендер аз ба? Таяуда Сенат төрінен Жабал Ерғалиұлы қазақ қыздарын шетел асырып оқытудың келеңсіз тұстары мен ұлтымызға кереғар астарын жұртшылыққа ашып берді. Егер шындықтың жүзіне тура қарасақ, көтерілген мәселе орынды. Мәселен, биліктегілер мен қалталылар: «Менің ұлым Лондонда, менің қызым Швецарияда», — деп, кеуде керіп сөйлегенде көкпен тіреседі. Кімге қалай екенін білмеймін, менің оларға жаным ашиды. Себебі кейбіреулерінің ұл-қызы елі мен Отанның қадір-қасиетін сезінбей жатып шетелге кетеді. Әке-шешенің тәрбиесі, ата-әженің ұлағаты, қазақы менталитет бойына сіңбеген баладан күні ертең ұлттың жоғын жоқтар азамат шығады дегенге сену қиын. Олардан ертең ұлт түгілі, әке мен шешеге жаны ашымайтын дәлдүріштер, тілден жұрдай, діннен безгендер шықпасына кім кепіл?! Сонда деймін-ау, осы біз қандай болашаққа еңбек етіп жатырмыз? «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген өнегелі сөзге құлақ түріп жатқан жан көрінбейді. Сыртта оқып жатқандардың дені билік басындағылардың үрім бұтағы. Ал сенатордың ойын өртке тиген желдей іліп әкеткен жан көрмедік. Үкімет те әзірге үнсіз. Қазақтілді БАҚ «тілдерін тістеп», жан айқайға үн қоспай, өзекті өртейтін жағдайға атүсті қарап, сыдыртып өте шықты. Тек орыс басылымдары ғана аттандап біраз жерге барды. Тұлыпқа қарап мөңіреген сиырдай дәстүрі түгілі тілін білмейтін бауырларымыз шетелге қыз баланы оқытудың түрлі салдарына көз жұма қарап, жабайылықтың бір түріне балаған қалып танытты. Туралап айтқанда, депутат сауалына қарсылықты «халықтың көзі һәм құлағы» арқылы жеткізіп, ұпай жинап қалғандары өзегімді өртеді. Осы жерде қазақы менталитет, ұлттық ұстаным тілінен ажырағандарды толқытпайтынына көзім анық жетті. Ал мен қозғағалы отырған тоқал мәселесі бәзбіреулердің «қытығына» тиер. Дейтұрғанмен, қоғамдағы қаны тамшылап тұрған жағдайға көз жұма қарай алмадым. Кейбір келеңсіздіктерді қопарып, ара жігін ашуға тырыстым. Әйтсе де, тоқал мәселесіне бір жақты қарап, көп әйел алуды көпшілікке жарнамалап, қолдағаным емес. Көптен көкейде жүрген түйткілді қоғамның талқысына салуды қалағаным.

Бабалар жолы өрге сүйремек
Бір кездері Парламентте қызу талқыланып, БАҚ-тың «түндігін желпіген» көп әйел алу жайлы тақырып қоғамды дүр сілкіндіріп барып басылғаны естеріңізде болар. Сол кездері Амангелді ағаны теледидардан көзім шалды. Бір журналист: «Өзіңіз депутат болғанда тоқал алғанға қарсы болмадыңыз, соны қалай түсіндіресіз?» — деген тарапта сұрақ қойды. Сонда Амангелді ағам не деді дейсіз ғой. «Қарсы болмаған себебім: қыздарымыз көп. Олар тіпті бізге мұңдарын айтып хат жазады. Олармен де санасу керек қой. Шынымен екінші әйелдікке барғысы келетін, жүрегі қалап тұрған қыз-келіншектерге бөгет болу жат қылық. Ер-азаматтар оларды асырауға қауқарлы, болып-толып тұрса, неге алмасқа? Барлығы да заң жүзінде іске аспаса, бәрі бекер». Өрелі сөз айтқан Амангелді ағаға қалай риза болмассың? Осыдай кейін кей ер-азаматтар қоқиланып баққанымен, шыбыштай шыбжыңдаған бір сіңлім: «Еркектер екі әйел алса, біз, әйелдер де, екі байға шығамыз», — деп, айды аспаннан шығарды. «Айналайын-ау, қазақылықты, исламды былай қойғанда, әлем тарихында болмаған сұмдықты дәтің барып қалай айттың?» — деп, бетіне түкірген ешкімді көрмедік. Шынымен бойында қазақы тәрбиеліктің бір тамшы ұрығы болғанда, әлгі байғұс ол сөзді айтар ма еді, қайдам. Міне, мәселе қайда жатыр?! Жасыратын түгі де жоқ, көп әйел алу — нәпсіқұмарлық емес, ұрпақ өрбітуге деген талпыныс. Кенжелеп қалған демографияны дамытуға қосылар үлес болмақ. Дәстүрінің дені исламмен астасып жатқан бабалар жолы ұрпағын орға емес, өрге сүйремек. Онда бұдан қорқуға не себеп? Осы жерде бойжетіп қалған кезімде көзіммен көрген оқиғалар тізбегін айта кетейін. Үйімізге екі әйел ерткен жездеміз жиі келіп тұратын. Бірін дәу әпке, екіншісін кіші әпке деп атайтынбыз. Келіп-кетіп жүргенде байқағаным — кішкене балалардың барлығы дәу әпкенің айналасында үйіріліп жүреді. Әкпеміз де балаларды айналып-толғанып отырады. Сонымен қатар дәу әпке кіші әпкемізге жылы шыраймен келініндей қарап, сыйластықтары көзге ұрып тұратын еді. Кіші әпке де оның қас-қабағын бағып отыратын. Білмейтін адамға ене мен келін тәрізді көрінетін. Сөйтсек, кейін білдік қой бәрін. Дәу әпкенің етегіне оралып үпір-шүпір болып жүрген балалардың бәрін кіші әпкеміз туыпты. Өзінен бала болмағасын, отбасының бақытын ойлаған дәу әпке күйеуіне тоқал алуға кеңес беріпті. Кейін сол балалардың бәрін өзі бағып-қағып қатарға қосты, біреуі облыс басшысы. Бүгінгі таңда екі келіннің басын бір шаңырақтың астында татулыққа шақыру қиын. Тағы бір жарқын мысал мынау. Келін болып түскен жерімде «генерал, дәу апа», «кіші апа» деген кісілер болды. Сол «генерал апа» ауылды ақылмен биледі. «Байтал шауып бәйге алмас» дейтіндерге бұл сабақ болса, қанекей! Алайда ол кісі ер-азамат түгілі, кішкентай ер баланың алдын кесіп өтпейтін аналардың санатында еді. Бір қызығы, «генерал апа» сымбаты мен ақылы келіскен, атына заты сай тоқалды күйеуіне өзі алып беріпті. Бұл жерде де асыл ананың көкейінде азаматым ұрпақсыз өтпесін деген ізгі ниет жатқанын баса айтқым келеді. Соның терең ұстанымын түсінген қос әйелге қандай құрмет те лайық. Олардан тараған ұрпақтың бүгінде рулы елге айналғаны өнегелі тәрбие. Бір бұл емес, қазақтың даласындай дарқан аналар ұрпақ мәселесіне немкеттілікпен қарамағанын еліміздің әр пұшпағынан кездестіретіндеріңіз сөзсіз. Онда неге осы бір жарасымды сыйластық бізден алыстап барады?

Тоқалдан туғандар да ұлт мақтаныштары
Әлемге аты мәшһүр көптеген даналарымызбен бірге, Абай да, Шоқан да тоқалдың балалары. Олар ақ некемен дүниеге келген ұлт мақтаныштары. Ақылды да айбарлы бабаларымыз әйелдерін бөлектемей, балаларын жіліктемей, бір үйдің балаларындай ынтымақта ұстауы қандай жарасымды! Шежіреге толы тарихымызды ақтарсақ, мұндай мысалдарды жүздеп, тіпті мыңдап келтіруге болады. Бүгінгі біздің қоғамда осы үрдісті жалғастыруға неге болмасқа. Аллаға шүкір, қалталы да аталы, ақылды да сабырлы ер-азаматтар елімізде аз емес. Кейбірінің заңсыз тоқалдары бар! Базбіреулері жасырып жауып, ұрпақ мәселесіне жүрдім-бардым қарап, «бала белде, қатын жолда» үрдісін ұстанып әлек. Бәйбішесінен, туыс-туғанынан таса ұстауға тырысады. Өз айтары бар азаматтар «құпиясын» жасырмай, халықтың талқысына тастап, ойын еркін айтып жүр. Өйткені олар адамнан жасырғанмен, Құдайдан жасыра алмайтын істерін көптен неге көлегейлесін. Себебі некесіз туған бала мен әйелдің обалы атан түйеге жүк болардай ауыр. Тексіздік деген сөздің бір қыры осы тұста ашыла түседі. Кедейлер қауымы екі әйел алмақ түгілі, «байтал түгіл бас қайғы» болып, қара бастың қамын күйттеп жүр. Қоғамдағы теңсіздіктің бір айғағы осы. Сонда қарап отырсаңыз, бар мәселені байлық шешетіндей. Осы тұрғыдан келгенде, тоқал мәселесін жүйелеу керек. Бұл мәселені қаузамас бұрын мына нәрсеге тоқтала кетейін. Бәрімізге белгілі, еліміздің барлық облысында жезөкшелердің ордалары бар. Алматыдағы «мекені» танымал. Астанадағы жылы «қоныстарының» айы оңынан туып келеді. Соңғы статистикалық мәліметке сенсек, еліміз бойынша күніне жүздеген қара көз қыздар жеңіл жүріспен ұсталып жатады екен. Тергеу орындарына апарып тергеп тексергеннен басқаға дәрмендері жоғын құқық органдары жасырмайды. Себебі оларды жазалауға, тәубесіне салуға заңымыз әлсіз. Оны жиырма жылда жөнге салуға не кедергі болды? Түсініксіз? «Жеңгетайларға» ғана заң қолданған болады…оның өзі көзбояушылық. Айтпақшы, «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің» демекші, мәжіліс депутаты Айткүл Самақова төсек қатынасын мектеп бағдарламасында оқытуға шақырды. Мың жерден жаһандану жағадан алды деген күннің өзінде, осылай. Апырай, біз қайда кетіп барамыз осы? Тастанды балалардың дені қара көздер, балалар үйіндегі қара домалақтар қаншама. Осының себеп-салдарын іздеп, болашақ аналар тәрбиесіне неге тез арада кіріспейміз? Менің көптің талқысына тастағым келгені — қыздарымызды бөлек оқытуға күш салу. Бұл жаңалық емес. Қаны бір, жаны бір, діні мен тілі бір түрік бауырларымыздың бастамасымен ашылған ҚТЛ-дердің көптеп ашылуы да қыздарымыз бен ұлдарымыздың өресін өсірері һақ. Өйткені аз жылдың өзінде ҚТЛ мектептерін бітірген түлектер білім парасатымен көпшілікке танымал. Әдеп, иба жағынан да өздерін мойындатып үлгерді.
Мен анамын, әжемін. Немерелер, шөбере сүйіп отырмын. «Қызға қырық үйден тыю» дегенді естен шығарған жанұяларды көріп жүрмін. «Тәрбие басы — тал бесік» деген бабалар даналығы қандай!? Елімізде статистика бойынша әйел заты алдыңғы орында. Еркектер аз. Демографияны қалыптастыруға, дамытуға бұл да бір кедергі. Себебі некесіз балалар көбейді. «Көкек аналар» молайды. Олардың тағдырына немкетті қарауға болмасын баршамыз сезінеміз. Солардың жартысы ойнап жүріп от басқандар болса, қалғандары жанұялы азаматтардың «нақ сүйерлері». Тағы айтамын, көп әйел алу сән емес. Оған шошына қарайтын түк те жоқ. Көңіл жарастырып, қосылып жатса, неге заңдастырмасқа дегің келеді. Сол үшін «Неке және отбасы» заңына толықтырулар мен өзгертулер енгізсе, ешкімнің де намысына ши жүгірткендік болмас еді. Қуыс-қуыста жасырынып, дүниеге келген ұрпағына өз ныспысын жаздыра алмай жүргендерге жаным ашиды. Сонда деймін-ау, балаға әкелік мейірім мен сүйіспеншілік қайда? Оны сезінбеген ана мен баланы толыққанды жанұя деуге келе ме өзі? Байлыққа бөккеннің жары не тоқалы болу бақыт па? Еркегі именшек, әйелі қожа отбасы да оған жатпас. Ұмытпасам, бірде теледидардан белгілі айтыскер әйелді «меншікті мекеннен» көрсетіп жатыр. Әлгі әйел беті былш етпей «біз бақытты отбасымыз» деп сайрап отыр. Жастай қосылған қосағын тастап, екі баласымен әкесіндей адамға тигенін бейне ел-жұрт білмейтіндей көсіледі. «Буыршын көзін сүзбесе, бура бұйдасын үзбейді» деген қазақ қандай данышпан еді… Ұлттық телеарнамыз басқа үлгі ететін отбасы таппағанына…

Түйін: Қарап отырсам, кейбір қыздар дүние байлық үшін, арзан бақ үшін жеңіл жүріске салынып, әкесіз ұрпақ әкеліп, қалтасы қалың біреудің тоқалы болып, материалдық байлыққа қызығып, «шаттанып» жүр. Нағыз бақыт рухани байлықта екенін сезінбейтіндеріне қалай күйінбессің. «Арым — жанымның садақасы» деген елдің қазіргі қыздары ерлі-зайыптыларды ажыратып, балаларын жетім қалдырып жатқанын естисің. Ал қалталы биліктегі кей азаматтар (атын атап, түсін түстемей-ақ қоялық) тоқалдарына үй, машина т.б. алып беріп, бар жағдайын жасағандай кейіп танытып жүр. Ал кіндігінен өрбіген ұрпағына ата тегін беруге түрлі сылтаулар айтып қашқақтайды. Бұл жас тоқалдың өмірін өксітіп, перзенттерін тірі жетім еткенмен бірдей емес пе? Ешқандай дүниеге айырбасталмайтын әкелік махаббатты қайда қоямыз? Әлгіндей еркектер дүниеге келген баласын перзентханадан алып шығудан қорқады. Неге оларға басымен істегенін мойынмен көтермеске. Екі әйелге шамасы келмеген адам қалай ел басқармақ?! «Менің аты-жөнімді айтушы болма, мен үшін бірінші кезекте отбасым тұр», — дейтіндер де табылады мына қоғамнан. «Ең басты байлығымыз — адам», — делінген Ата Заңымызда. Демек, қалған тірліктің бәрі адамзат игілігі үшін. Елімізде 350 мыңға жуық кәрі қыздар,95 мыңға жуық жетім балалар бар екен. Жезөкшелікпен айналысқан қаракөздеріміз қара бастарының қамын күйттеп жүр. Қыздары мен аналарының әлеуметтік жағдайының төмендігі билікке сын. Атам қазақ жесірі мен жетімін жылатпаған. Мұның бәрі ұлттық тәрбиенің жоқтығынан туындап отыр.
Қоғамдағы тастанды балалардың денінің әкесі аты-жөнін беруден қашып жүр. Бұл жерде солқылдақ заңның да кесірі тиіп тұр. Осы тұрғыдан келгенде, «көкек аналарды» ғана емес, «қыран» әкелерді де тұзақтайтын заң керек. Әйтпесе бәрі бекер. Менің айтпағым — солқылдақ заңға «жағдайы келіп тұрса, ұрпақ, ұрпақ үшін, екінші әйел алуға болады» деп енгізсе. Балаға әкенің ныспысын беруге, балаға бар жағдайды жасауға ерекше талап қойылуы керек. Оны орындамаған жағдайда қызметінен қуылып, қатаң жазалар қолданылса. Бірнеше әйел алып, керісінше байларын тастап басқа байға тиіп жүрген кімдер деген сұраққа жауап дайын. Олар, негізінен, «биліктегілер, қалталылар, теспей сорып семіргендер». Бүгінгі солқылдақ заң солардың сөзін сөйлеп тұр. Таршылықтың, жоқтықтың кесірінен қаншама отбасылар үйлі-баранды бола алмай ажырасып жатыр. Сонымен, қысқасын айтсақ, «Отбасы және неке туралы» Заңды қолға алатын кез жетті…
Жоғарыда айтқанымыздай, шетелде оқыған қыздардың намыссыздығынан «жиендеріміз» әлемнің түкпір-түкпірінде көбейіп келеді. Күлеміз бе, жылаймыз ба? Қазақ қыздарының құны неге соншалықты арзандап кетті, ағайын? Мысалы, Мысырда жат жұрттың қызын алатын болса, 100 мың АҚШ долларын сұрайды. Өзге де елдердің қыздары алтыннан ардақты. Ал біздің қыздарымыз тышқақ лақ құрлы жоқ па? Кім көрінген пайдаланады, еліне жетектеп алып кете береді. Яғни ондай күйеу болғысы келгендерге заң жүзінде тосқауыл қою қажет. Мысыр немесе Түркіменстан сияқты қымбат баға қоялық. Сонда ол намысымызды да, қыздарымызды да қорғайды. Өзге де елдерде қыздары алтыннан ардақты. Ал бізде ше? Өзіңіз ойлай беріңіз…

СӘУЛЕ МЕШІТБАЙҚЫЗЫ

20 thoughts on “Тоқалды күндес деп санау дұрыс па?

  • 04.05.2016 at 6:09 +06
    Permalink

    Өте орынды көтерілген мәселе. Бүгінгінің Жібегіне, Бекажан да, Төлеген де керек емес болып қалды ғой. Аңсары ағылшын деп ауып тұрады. Нәтижесінде “әкесі құстан, шешесі тышқан” дүбәрә ұрпақ дүниеге келуде. Бұған кім кінәлі, қаракөздерімізді ұстап қала алмаған біз бе? Әлде, Батыс пен Шығыстың “өркениет” деген өрті ма? Әлед… Сұрақ көп, жауап табу қиын-ау…..

    Reply
  • 04.05.2016 at 12:03 +06
    Permalink

    Ия, қыздарымыздың өз ұрпағын қоқысқа тастап немесе басқа ұлтқа телмірмеуінің бірден-бір жолы осы. Мақаладағы мәселе жақсы көтерілген екен.

    Reply
  • 05.05.2016 at 7:48 +06
    Permalink

    Мақала авторының қозғаған мәселесі қоғамға ой салары анық.Осы мәселе төңірегінде телевидение арқылы да хабарлар ұйымдастырылса жөн болар еді.

    Reply
  • 05.05.2016 at 15:43 +06
    Permalink

    Ғаламторда шет елдік шал-шауқандар “танысу бұрышын” ашып алыпты. Көбісі 60 тан асқан, тұрмыс жағдайларын ертегідей сипаттап, суретін жариялап , достық ұсынады,Алла сақтасын! Сананы тұрмысқа билеткен кейбір бойжеткендеріміз, отырып қалған қыздарымыздың көбісі олардың торына түсіп,ақыры қайғылы оқиғамен аяқталып жатқан оқиғалар аз емес.Осындайды саралай келіп, шамасы жеткен ер-азаматтарымыздың намысы оянып, үйдегі бәйбішелерімен кеңесе отырып, дұрыс шешімдер қабылдап жатса жақсы болар еді !

    Reply
  • 05.05.2016 at 19:48 +06
    Permalink

    Үндістанның Мизора штатының тұрғыны Циона Хананың 39 әйелі, 94 баласы, 33 немересі бар. Олардың барлығы 100 бөлмелі 4 қабатты үйде тұрады, – деп жазады stan.kz yvision.kz

    Reply
  • 05.05.2016 at 19:50 +06
    Permalink

    Қазақ
    Қосыламын ұрықсат еткендері дұрыс, бырақ рұқсат алу жүйесін енгізу керек екы отбасын асырай ала ма жоқ па соны толығымен тексерып барып рұқсат берілуы керек деп ойлаймын. Тек женгетайлар ғана емес жезөкшелерге де қылмыстық іс қозғау керек. Сосын отбасын құрамын деген жас отауға үкімет тарапынан қолдау көрсетілсе нұр үстіәне нұр болар еді.

    Reply
  • 05.05.2016 at 19:53 +06
    Permalink

    Дұрыс, тоқал алуға рұқсат беру керек. Тоқалды жағыдайы барлар ғана алады. Көшеге симай жүрген әр-бір джип мінгендер 2 әйел алса 2шаңырақ ауқатты болады.

    Reply
  • 05.05.2016 at 19:54 +06
    Permalink

    мендеи тақыр кедеи қайдан алсын тоқалды

    Reply
  • 05.05.2016 at 19:58 +06
    Permalink

    Бай бол, кедей бол, дүниеге келген баланың ризығын Алла береді. Қытайға босқа тиіп кетіп жатыр қыздарымыз, соларды жібермей әр қазақ жігіті алуы керек. Әйелдері оған түсінікпен қарау керек ертедегі әжелеріміз сияқты.

    Reply
  • 05.05.2016 at 20:02 +06
    Permalink

    Қыздарымыз жатқа кеткенше ортамызда,барынша қамқорлығымызда болғаны ғанибет! Менің әйелім таяуда мүмкіндігіміз келіп тұрғанда екі қызды бақытты етіп,ұрпағымыздың санын көбейтсек ,деген ұсыныс айтты. Шын айтамын,түсім емес,өңім!

    Reply
  • 06.05.2016 at 2:27 +06
    Permalink

    Күйеуіне өзі таңдап тоқал алып беретін бәйбішелер көбей берсін, әй қайдам….тоқал әпермек түгілі “тоқал телефоныңды” қадағалап өмір бойы әлденеге алаңдаумен өтетін қатындарымыз ондай сәлиқалы бәйбішелік өреге жеткенше бар ғой…

    Reply
  • 06.05.2016 at 2:44 +06
    Permalink

    Сәуле апамызға көп рахмет айытқым келеді. Жазбаларын газеттен (көбінде ғаламтордан) оқып риза болып отырамын. Ұлттық мәселелер төңірегінде, ұлттық болмысымыз төңірегінде айтып жүрген пікірлері көңілге қонымды, өзіндік бөлекше дауысы бағдары бар. Бір кезде оралмандар туралы жазған мақаласы Қытайдағы қазақтардың вичат желісіне көшіріп басылып неше жүз адам оқып көңілдері бір желпінген еді. Монғолиядағы қандастарымыз да оқыған екен сол мақаланы. Орынды уәжіне қалайша келіспеске? Ал бұл жерде қозғап отырған отбасы төңірегіндегі “тоқал” тақырыбы да аса ауқымды дүние. Кезінде парламентте қызу талқыға түскен тақырыпты жеңіл мәселе ретінде қараған кейбір адамдар “ойбай, депутаттар өздерінің ашыналарын, заңдастырып алмақшы” деп те байбалам салғаны есімізде. тоқал мәселесі толқытып жіберген еді парламентті. Осы тоқал алуды заңдастыруды әліде болса жан-жақтылы талқылап, қоғамдық сараптамалардан өткізіп барып тиісті заң-тармақтарын қабылдау керек деп санаймын. Отбасы төңірегінде қабылдауға, реттеуге тұрарлық көптеген мәселелер бар бізде, әкенің міндетін, шешенің міндетін заңмен айқындау керек секілді. Себебі- тек қана кодексті тыңдап, сонан жасқанатын, ұят, иман, ар ілімі жазылмаған заңдылықтарды, қазақы құндылықтарды артына қыстырғысы келмейтін адамдар молайып кетті. Бұл тармақтар сондай жауапкершіліктен қашатын “көкектерге” безбұйректерге керек, тіпті баласын туып алып тастап жатқандарды кем дегенде 15 жылдан соттаса да артық емес.Айта берсек сөз көп, барлығынан да маңыздысы осындай ой саларлық мақалаларды көбірек жазып, қоғам талқысына салып отыруымыз керек, бұған діни тұрғыдан, қазіргі қоғамдық жағдайдан дегендей сан қырынан үңілсек, оқыған адамдардың көз аясын кеңітуге жетелей білсек онда қалам ұстаған қауымның еңбегінің ақталғаны. Ұлт үшін қосқан ұлесі деуге тұратын дүние. Тұралап бара жатқан домографтялық ахуалымызды оңалтуға, байтақ даламызды игеруге бәріне де қазақтың мол болғаны керек. Сәуле апамызға көптен-көп алғыс айтамын! деніңіз сау, отбасыңыз аман болсын, ойлы, отты мақалаларыңыз көбей берсін!!!

    Reply
  • 06.05.2016 at 2:52 +06
    Permalink

    Осындайды әйелдерімізге естірте беруіміз керек, құлақтары үйренсін, ойлансын. Кім біледі бір күні менің келіншегім өзі таңдап бір кіші жардың қолынан жетелеп келіп менің алдымда “отағасы, рұқсат етңіз, сіздің әулетңіздің өсіп-өнгенін қаладым, АЛЛА ризашылығы үшін бұл қызды қабылдаңыз” де тұрама? егер олай болып жатса қайда сиғызтамын ей????

    Reply
  • 06.05.2016 at 2:55 +06
    Permalink

    Дұрыс жазылыған!!! Мен қолдаймын, қсыламын. Бүкіл достарымның әйелдерін жинап алып апамыздың мақаласын дауыстап оқып берсем бе екен деймін,

    Reply
  • 06.05.2016 at 3:04 +06
    Permalink

    Аталарымыз мықты болған ғой, ол кезде жалпы қоғам солай болған, коммунистер бүлдірді барлығын. Әйітпегенде қалыпты ауқаты бар еркектердің көбісі тоқал алған екен бұрын. Қазір заман басқа, заң басқа дегендей, Ең әуелі осындай пікірлерді қоғам талқысына жиі салумыз керек секілді, сосын кәрі қыздардың пікірлерін де тыңдап, оларлдың да ойын біліп отыруымыз керек, ойнастан бала тауып екі дүниеде қор болғанша, екі дүниедеде беті жарық болып жүрудің әлде қайда абызал екенін ұғындыруымыз керек қой. Сосын барлық әйел затының ана болуға қақысы бар, ана болу ол үлкен мәртебе. Ол аса қастерлі ұғым. Осы қастерлі ұғымды ойнастан бала тауып отырғандар өз әлдерінше түсініп алған секілді. Бұған қоса жеріміз жалға беріліп қысық көз қытай қаптамай тұрғанда Қазақстанда бірде-бір бойжеткен артық болып қалмауы тиіс дегенді де еске сақтайық ағайын…. заң жобасына маратори енгенімен сатуға бел буған билік сатпай тынбайды.

    Reply
  • 06.05.2016 at 3:07 +06
    Permalink

    Қыздар оқыңыздар… түсініңіздер, соысын тиянақты бір ойға табан тіреңіздер. Деседе жігіттер өзіміз нашармыз, жағдайымызды жасай алмай жүріп тоқал түгіл тоқал ешкі ала алмасымыз тағы белгілі. Ең әуелі экономикалық қуатымызды оңалтуымыз керек….

    Reply
  • 06.05.2016 at 3:13 +06
    Permalink

    Тоқал алу жағына келгенде уаһабистер маладец деп ойлаймын, сақалдары шошаңдап, балақтары шолтиып жүрседе қатын алғыш бұлар. Қалай иландырып, қалай көндіріп алатынына таң қалам, әлде сиқырлы дұғалары бар ма? Соған таң қалам, қастарына ертіп алған қатындарын тұмшалап киіндіріп алған, біздер қатындарымызға “ей, жалаңбас жүрмесейші” деп өзімізше қоқиланып сөзімізді өткізе алмай жүргенде бұл ақиларың “орнындарына қойып” үлгереді екен ғой. Мені де уаһбист екен деп қалмаңыздар, ойымды айытқаным ғой…

    Reply
  • 29.06.2016 at 12:23 +06
    Permalink

    Өзекті мәселені қозғаған апамызға үлкен рахмет! Менің жасым 45-те. Не куйеу жоқ, не ұрпақ жоқ. Ал некесіз ұрпақты дүниеге әкеліп, имансыз бала болдырғым келмеді (жағдайым жетеді негізі). Қысқасы, ел сыйлайтын, мейірімді, ақ көңіл, адал, бір уйдің ошағын дөңгелентіп-ақ отыратын бір ҚАЗАҚ қызының аты өшеді деген сөз… Ал мен сияктылар ҚАНШАМА елімізде!!! Егер тоқал алу заңдастырылған болса, қаншама кыздарымыз уялмай, қысылып-қымтырылмай, ана бақытын сезінер еді! Халқымыздың саны кобейіп, бірлігі нығая түсер еді! Неке және отбасы туралы заңға өзгерістер енсе екен деп тілеймін. Мен үшін кеш, әрине. Бірақ, бойжеткендеріміз мен сияқты болып қалмаса екен деймін. Осылай жалғаса беретін болса, қыздарымыз қыр асып, көрінгеннің жетегінде кете бермек. Жезөкшелік белең алып, басқа ұлт өкілдері елімізге соғыссыз ақ кіріп, ел ретінде, ұлт ретінде, құрып кетуіміз әбден мүмкін….

    Reply
  • 30.10.2016 at 22:06 +06
    Permalink

    Егер Имантайдын байбiшесi акылды болмаса, Каныштын агасы, Каныштын апасы жане Каныштын озiн Aсима 6 жыл iшiнде дуниеге акелiп, озi окiнiштi бакилыкка аттанды. 60 жаска келгенде Имантай казактын улы тулгасын Асимамен бiрге жарыкка акелi жане балдарын байбiшесi тарбиеледi. Жалпы 40 тан сон дуниеге келген балдар акылды болып келедi, бул тарихи далел

    Reply

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған