«Туған жер» бағдарламасы біртұтас алаш идеясымен біте қайнасып жатыр

 Жақында ғана Елбасы мақаласының негізгі рухани темірқазығын осыдан 100 жыл бұрын іргесі қаланған Алашорда үкіметінің ұстанымдарынан алғанын айтқан едік. Олай дейтініміз «Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру» мақаласында Елбасы негізгі басымдықтарды айта келіп, «Туған жер», «әліпби ауыстыру», «100 оқулық», «100 тұлға» қатарлы ерекше бағдарламаларды алға тартқан болатын.

Бұл ой ғасыр бұрын «жүз жылдық жаңғыруымызға» азық болған алашорда көсемдерінің көксегені еді. Елбасы соны іске асыруға мүмкіндік жасады.

Алашорданың 100 жылдығы қарсаңында Елбасы мақаласында айтылған рухани жаңғыру бағдарламаларын алаш идеасымен сабақтастыра отырып тарқатып көрсек. Бүгінгі қаламымызға арқау еткіміз келгені «Туған жер» бағдарламасы.

Қазақ ұрпағын «Отан – от басынан басталады» деп тәрбиелеген халық. Демек отбасындағы тәрбие отанды сүюге, туған жерді қадірлеуге, мемлекетшілдік рухқа, елдік мүддеге тәрбиелейтін болған.

«Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады» – дейді Елбасы өз мақаласында. Демек, туған жер де, туған ел де бір-бірінен ажырамас біртұтас ұғым.

Осындайда танымал саясаткер Ерлан Қариннің жиі айтатын бір сөзі еске түседі. Ол еліміздің географиялық картасына қарап тұрып: «Мына сызықтарды көрдіңіздер ме, қандай ирек-ирек көп болса, соншама тартыс, соншама маңдай тер, жүйке-жүйе кеткенін көруге болады. Демек біздің елде, Қазақ елінде бір қадам жер үшін кіммен болсын текетіреске түсе алар азаматтар болғанын көруге болады» – дейді Ерлан Тынымбайұлы.

Расымен, қарыс жері үшін қан кешіп, сүйем жері үшін сүймендесіп өткен бабаларымыздың аманатын сақтауда кешегі алашордашылардың еңбегі ересен екенін айтпауға болмайды.

«Бұрын адам аз, жер көп болған, мұны біздің қазақ өз көзімен көріп отыр. Жердің көп-азына қарамай, жердің һауасына қарай адам баласы мал баққан иә егін салған. Жер көп болып, мал бақса, бұл шаруаны қылған жұрт малмен бірге көшіп жүрген. Жер аз болса, жердің һауасы егінге қолайсыз болса, мал шаруасын ұстап отырып, малды көшіріп қойып, жұрт өзі отырықшы болған…» – дейді Әлихан Бөкейхан.

Ал Елбасы өз мақаласында «Туған жерге деген сүйіспеншілік нені біл­діреді, жалпы, бағдарламаның мәні неде?» – деген ссұрақ қоя отырып, оған төмендегіше жауап береді.

«Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді.

Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі.

Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс.

Екінші, басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек.

Үшінші, жергілікті билік «Туған жер» бағ­дар­ла­масын жинақылықпен және жүйелілікпен қолға алуға тиіс.

Бұл жұмысты өз бетімен жіберуге болмайды, мұқият ойластырып, халыққа дұрыс түсіндіру қажет» – дейді Президент.

Осыдан-ақ кешегі Әлиханның айтатын «оның әрбір тасы, қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек» деген сөзінің өзегін байқаймыз. Сонымен бірге біртұтас Алаш идеасының негізіндегі «жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ» – ұғымының бүгінгі қазақ үшін де өзектілігін жоймай отырғанын байқауға болады.

Осындайда Әлихан Бөкейханның айтатын: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмейді» деген сөзі мен Елбасының «Тағы да айтамын: ауылшаруашылық жерлерін шетелдіктерге сату деген мәселе жоқ және ол талқыланбайды» деген сөзінің бір мүддеден, бір көзқарастан, бір елдің ертеңі үшін алаңдаған алаң көңілден туған тұжырым деп айтпай көріңіз?

Алаш идеасының екінші ұстанымы: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Жаңа жоғарыда айтқанымыздай Әлиханшылап айтқанды: «Оның әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек».

Ал Елбасы бұл ұстанымды: «Осы арқылы қалаларды көгалдандыруға, мектептерді компьютерлендіруге, жергілікті жоғары оқу орындарына демеушілік жасауға, музейлер мен галереялар қорын байыта түсуге болады.

Қысқаша айтқанда, «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады.

Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады» – деп күллі қазақтың, қала берді бүкіл қазақстандықтардың ортақ ісіне айналдырып отыр.

Осы орайда, яғни Елбасының өзі айтқандай «Туған жер» бағдарламасы арқылы «жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіру» барысында алашордашыларға жасап жүрген бір қиянатымызды дұрыстаудың реті келіп тұр. Олай дейтініміз, мысалы, Ахмет Байтұрсынұлы тек Қостанайға, Шәкерім мен Абай тек Семейге, Мағжан – Қызылжарға, Сұлтанмахмұт Павлодарға ғана керек секілді көретініміз өтірік емес. Ал шын мәнісінде олар өз заманында күллі қазақтың қамын жеді емес пе?! Рушылдық, жершілдік, жүзшілдікті дәл осы алаш арыстарына келгенде ысыра тұратын уақыт жетті. Бұл жайлы алдағы уақытта Елбасы мақаласында айтылған «100 тұлға» бағдарламасын талдау барысында да кеңірек тоқталатын боламыз.

Сөзімізді қорыта келгенде рухани жаңғырудың бастауында тағы да алашорда үкіметінің негізгі ұстанымдары тұрғанын байқаймыз. «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру барысында алаш арыстарының еңбегін де ұмытпай, соны негізге ала отырып, іске асырсақ қандай жарасымды болар еді. Себебі «сен кешегі күнге топырақ шашсаң, келер күн саған тас ататынын» ұмытпаған абзал.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған