Тілеухан мен Сағадиевтің жекпе-жегі: Шабуыл үдей түсті

Бүгін Мәжіліс отырысында депутат Бекболат Тілеухан ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке ҰБТ сұрақтарына қатысты жұрт наразылығын жеткізіп, депутаттық сауал жолдады.

«Жалпы, ҰБТ форматында оң өзгерістер баршылық. Бірақ басты проблема сұрақтың сапасында болып отыр. Білім саласында әрбір қадамның негізгі көздеген мақсатынан тыс идеологиялық бағытын, рухани жүгін ешқашан назардан тыс қалдыруға болмайды. Бұл маңызды мәселе. Бүгінде білім саласының эксперимент алаңына айналып кетуі өте алаңдарлық құбылыс. Негізі білім саласына қатысты бірде-бір мағлұмат жауапсыз жазылуға тиіс емес. Өйткені, онымен сусындаған баланың ертең азаматтық позициясына, мемлекетшілдігіне, елжандылығына, тарихи санасының қалыптасуына әсер ететінін ерекше ескеру керек», – деп сөзін бастаған депутат ҰБТ сұрақтарына қатысты халықтың пікірін министрге жеткізу үшін сауал жолдады.

Тілеухан 1-наурызда газетте жарияланған ҰБТ сұрақтары қоғамның айрықша наразылығына душар болғанын айтты. Ол тест сұрақтарында Ермек Тұрсынов, Баян Есентаева, Нұртас Адамбай, Головкин сияқты шоу-бизнес, эстрада мен спорт өкілдерінің жүргенін тілге тиек етті.

«Елдің пікірін әлеуметтік желілерде білуге мүмкіндік бар. Содан байқағанымыз, елдің наразылығы жойқын. Мысалы, “не үлгісі, не өнегесі жоқ Есентаева мен Тұрсыновты ұрпаққа үлгі қылудан не ұтамыз?” дейді біреуі. Енді біреу “Фредди Роуч не қылып жүр?” деп таңғалады. Шынында да, ол біздің рухани кодымызға, болашақ бағдарымызға, рухани жаңғыруымызға қатысы бар тұлға ма?! “Головкинді бәріміз жақсы көреміз, бірақ ол Олимпиада чемпионы емес” деп те жазыпты. Шишигина мен Сәпиевті депутат деп қоспай-ақ қойсын. Дима Баландин мен Данияр Елеусінов Олимпиада чемпионы ғой. Фредди Роуч, Гонзалес бұл жерде не істеп жүр? Кличконың қажеті не?”. “Жақсы, Шәкен Айманов пен Сұлтан Ходжиковты ұмытсын, қайтыс болды. Асанәлі Әшімов пен Жолжақсыновтар қайда? Олар, кәрі шығар, бәлкім?! Ешкі сүйретіп, елді масқаралаған Ермек Тұрсынов “Жаужүрек мың баланы” түсірген Ақан Сатаев пен “Қазақ хандығын” түсірген Рүстем Әбдірашевтен несімен озды?! Сартай батырдан ешкі, Сәбинка келін Керей мен Жәнібектен артық болды ма?! “Бұл жерде ана тіліне шорқақ адамдарды әдейі таңдай ма” дейді халық. Елдің көзқарасы осындай», – дейді депутат.

Бекболат Тілеуханның айтуынша, классикалық негіз, академиялық нұсқа деген дүние әрдайым ғылымға іргетас болған. Ал осы күні академиялық жазбаларға сүйенбей, интернеттен мағлұмат ала салатын деңгейге жеткен.

«Бұқараның соншалықты наразылығына себеп болған жауапты тұлғалар жауапкершілікке тартыла ма? ҰБТ-дағы осындай өрескел қателіктер жіберген тестологтар шеттетіле ме? Осындай келеңсіздіктерге негізгі себеп жүйеден деп ойлаймыз. Сондықтан, бірінші, оқу бағдарламасы, оқулықтар, ҰБТ-ның жүйесіндегі сабақтастықты қалыптастыру қажет. Екінші, осындай аса жауапты дүние қоғамдық талқыдан өтуі керек. Ұлттық кодымызға, рухани жаңғыруымызға қатысты тұлғалар тура осы жерде өрнек табуға тиіс», – деп қорытындылады Бекболат Тілеухан.

Еске салсақ, бұған дейін Бекболат Тілеухан оқулықтардың сапасына сын айтып, министр Сағадиевті «жекпе-жекке» шақырған еді. Ал министр депутаттың бұл ұсынысын қабылдаған болатын.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған