Түлкібастық кәсіпкерлер жыл басынан бері 8,6 млрд. теңгенің өнімін өндірген

Бұл туралы ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауының Түлкібас ауданында атқарылуы бойынша өткен баспасөз конференциясында аудан басшысы Нұрбол Тұрашбеков хабарлады. Мәліметке сәйкес, Түлкібастың әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыру мақсатында ауданда 1 ірі, 7 орта, 23 кіші және 8 қосалқы барлығы 39 кәсіпорын жыл басынан бері 8 629,5 млн. теңгенің  өнімін өндірген.

«Ауданда кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтіндер саны 17 344 адамға жетіп, бизнесмендер саны 106 адамға немесе 100,6% өсіп отыр. Жалпы кәсіпкерлік саласында белсенді жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 6520 бірлікті құрап отыр. Аудандағы 4 шағын несие ұйымы  арқылы 2712 жеке азаматқа  1237,2 млн теңге несие берілді», – деді Нұрбол Әбдісаттарұлы.

Ауданда кәсіпкерліктің кең қанат жаюы үшін, яғни, бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту аясында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының барлық бағыты бойынша тиісті жұмыстар атқарылып, нәтижесінде, белсенді түрде 235 азамат оқуға жолданса, 34  азаматқа 81,2 млн. теңге  шағын несие берілген. Сондай-ақ, бағдарламаның үшінші бағыты аясында 961 адам жұмыспен қамтылыпты.

Жолдауда айтылған әрбір басымдыққа жеке-жеке тоқталған аудан басшысы кәсіпкерлікті дамытуда мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту жұмыстарының барысын да баяндады. Мәселен, жыл соңына дейін осы бағытта Түлкібастағы Ақбиік ауылында 100 орындық  бір балабақша ел игілігіне берілмек. Және бұл жұмыстар одан әрі жалғасатын болады. Осы көрсеткіштердің нәтижесінде мектепке дейінгі балаларды балабақшамен қамту ісі ауданда биыл 92,6 пайызды құрап отыр екен.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған