Түркістанда жаңа шағын аудан бой көтеріп келеді

Оңтүстік Қазақстан облысында  Түркістан қаласын дамыту мақсатында соңғы жылдары кешенді жобалар қолға алынып келеді. Соның ішінде өңірдегі өзекті мәселелерді шешу мақсатында 30 мыңнан астам тұрғын үй мен жер теліміне деген азаматтардың сұранысын қанағаттандыру үшін қаланың шығыс бөлігінен «Отырар» ықшам ауданы бой көтеруде.  Қазіргі таңда мұнда 8 үйдің құрылысы жүргізілуде. Осы жұмыстардың барысымен танысқан Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаев көп ұзамай мұнда жаңа қала қалыптасатынын жеткізді. 

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев  жыл басында Түркістанға жасаған жұмыс сапары барысында жаңа шағын ауданының  құрылысын сапалы әрі мерзімді жүргізілуіне мән беруді тапсырған болатын. Өңір басшысының тапсырмасын тағы бір пысықтап шыққан қала әкімі әр қайсысы 60 пәтерлік 8 үйден бөлек биыл мұнда тағы да 6 үйдің құрылысы басталатынын айтты. 

«Келер жылы мұнда 20 көпқабатты тұрғын үй салынса, одан бөлек 150 коттедж бой түзейтін болады.  Мұнда қоныстанған отбасылардың балалары үшін қазіргі күнде балабақша, мектеп мәселесі туындап отыр.  Біз мәселенің түйінін мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында шешуді жоспарлап отырмыз», – деді Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев.

 Таяу күндері «Отырар» шағын ауданынан 280 орындық балабақша құрылысы басталады деп күтілуде. Ал келер жылы жаңа мектеп ғимаратын салу жоспарда бар. Бұл құрылыстардан басқа  ауданда 200 орындық балаларға арналған психологиялық-түзету орталығы бой көтеретін болады.  Қаланың әкімшілік іскерлік орталығы да осы шығыс бөліктен салынбақ.  

 

 ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған