ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕ БИ АУДАНЫНДА 12 МЛРД. ТЕҢГЕГЕ ЖУЫҚ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛҒАН


Түркістан облысы Төлеби ауданының әкімі Бауыржан Омарбековтың ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2018 жылғы қорытындысы мен алдағы тұрған міндеттері туралы берген есебі тыңдалды. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен жергілікті жұрт қатысқан жиын әуелі аудан көлемінде өндірілген өнім түрлері қойылған көрмемен басталды. Онда ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп орындарының озық тауарлары қойылды.

 

Жылдық есебінде аудан басшысы, ең бірінші, негізгі салалардағы жетістіктерге тоқталып өтті.

Төлеби ауданының бюджеті өткен жылы 16 млрд. 655 млн. теңгені құрап, оның 1 млрд. 131 млн. теңгесі өз кірістерінің есебінен толығып, жоспар 100,2 пайызға орындалған. Ал, жалпы өңірлік өнім 98 млрд. 858 млн. теңгеге жетіп, 2017 жылмен салыстырғанда 111,7 пайызды құрады. Бұл жан басына шаққанда 841 мың теңгеге тең.

“Жоспар артығымен орындалған бағыттың бірі – өнеркәсіп саласы. Атап айтсақ, бұл бағытта 32 млрд. 166 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 106,3 пайызды көрсетіпті. Оның ішінде, қайта өңдеу саласында 28 млрд. 360 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 105,5 пайызды құрап отыр. Былтыр өңідегі кәсіпкерлік субъектілерінің саны 8211-ге жетсе, оның ішінде, 7594-і, яғни, 92,4 пайызы белсенді жұмыс жасауда. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау арқылы 12 238 азаматқа 6 млрд. 727 млн. теңгеге несие берілді. 2017 жылы 12 004 жеке азаматқа 5 млрд. 697 млн. теңге несие берілген. Бұл көрсеткішті 2017 жылмен салыстырсақ 18 пайызға артқанын байқауға болады. Одан бөлек, «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 324 млн. теңгелік 6 жобаға инфроқұрылым тартылып, несиелері субсидияланып, гранттар берілді. Аудандағы кәсіпорындар тарапынан 14,3 млрд. теңгенің өнімі Өзбекстан, Тәжікстан және Қытай елдеріне экспортталды”, – деді Б.Омарбеков.

Бұдан өзге, аудан әкімі Төлебидегі инвестиция тарту мәселесіне тоқталды. Мәліметінше, 2018 жылы ауданға 11 млрд. 999 млн. теңге инвестиция тартылған. Оның 4 млрд. 423 млн. теңгесі мемлекеттік, 7 млрд. 575 млн. теңгесі жеке меншік қаражат есебінен тартылған. Ал туризм бағытында өткен жылы 28 350 демалушы келіп, 2017 жылмен салыстырғанда 1640 демалушыға, немесе 6 пайызға көбейген. Оның 3501-і шетелдіктер болса, ішкі туризм есебінен 24 849 демалушы келген. Сондай-ақ, Б.Омарбеков ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, таза ауыз су, электр қуатымен қамту, көгілдір отын тарту сынды коммуналдық қажеттіліктер жайы сынды өзге де салалардағы жетістіктерді баян етті.

Келтірілген деректерді мұқият тыңдаған облыс әкімі географиялық жағдайы алма, жаңғақ көлемін ұлғайтуға өте қолайлы ауданның осы бағыттағы жұмыстарын  жандандыру қажеттігіне тоқталды.

“Мал шаруашылығында тері, жүн өнімдерін терең өңдейтін кәсіпорындар ашу жұмыстары кенже қалып отыр. Бұл міндеттерді іске асыруда тиісті салалық басқармалармен бірлесіп белсенді жұмыстар атқару қажет. Елбасының Жолдауында алдағы 5 жылда ауыл шаруашылығы өндірісі мен өңделген өнімді экспорттау көлемін 2,5 есеге арттыру тапсырылған. Сондықтан да, ауданда көкөніс, бақша және жеміс, өнімдерін өңдейтін цехтарды ашуды қарастыруды тапсырамын. Төлеби ауданында әлі де жұмысты ширататын салалар баршылық”, – деді Ж.Түймебаев.

Сондай-ақ, жиында облыс басшысы аудан тұрғындарын Түркістан қаласының даму жоспарымен таныстырды. Облыс орталығындағы алдағы уақытта бой көтеретін ғимараттардың жобасын көрсетті.

Басқосу соңында, таулы ауданның шетелдік һәм отандық туристерді тартуда әлеуеті жоғары екенін алға тартқан аймақ басшысы келген туристерге қолайлы жағдай жасап, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстарын іске асыруда тиісті салалық басқармалармен бірлесіп белсенді жұмыстар атқаруды аудан басшылығына жүктеді.

         Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған