Түркі елдері саяси одаққа біріге ала ма?

Осы аптаның маңызды жаңалықтарының бірі Шолпан ата қаласында өткен Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VI саммиті болды. Сонымен қатар Дүниежүзілік көшпенділер ойындары да аталған саммитпен қатар өткізіліп, жұрт назарын аудара түсті.

Бауырлас елдердің қатары молықты

Қазірге дейін Түркия, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Әзербайжан қатарлы төрт мемлекеттің бас қосқан кеңесіне бұл жолы Өзбекстан мен Венгрия елдері қонақ ретінде қатысып, кеңес құрамына өтуге ниет білдірді. Бұдан бөлек Ресей Федерациясы құрамында отырған Татарстан басшысы Рүстем Миңнеханов та кеңеске келді. Кезекті саммиттің ерекшелігі — ұйым керегесінің кеңейетіндігімен есте қалғандай. Қазірге дейін бейтарап қалып келген Өзбекстан осы рет саммитке қонақ ретінде қатысты. Саммитте сөз сөйлеген Шавкат Мирзиёев Өзбекстанның аталмыш ұйымның қатарына қосылуға мүдделі екендігін білдірді. Әрі Хива қаласын Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің астанасы етіп белгілеуді ұсынды. Қонақ ретінде қатынасып отырған Венгрия мемлекеті кеңеске бақылаушы ел мәртебесін иеленді.
Саммитте сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі жаһандану заманында ұлттық салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді жас ұрпаққа қалдыру ерекше маңызды екенін айтты. «Осыған байланысты бүгінгі саммит ұлттық ойын түрлерін және жастар саясатын дамытуға арналып отыр. Жүйелі түрде Түркі кеңесі жастары көшбасшыларының форумын, ғылыми конференциялар мен семинарлар өткізуді, түркі әлемінің бірегей тарихи жерлеріне өлкетану экспедицияларын ұйымдастыруды ұсынамын. Бұл шаралар жастарымызды жақындастырып, елдеріміздің мәдени ерекшелігі туралы білімдерін тереңдетуге септігін тигізеді деп сенемін», — деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Түркі кеңесіне төрағалық еткен кезеңдегі нәтижелеріне арнайы тоқталды.
— Біздің төрағалығымыз барысында ғылыми-ағартушылық жұмыстарға айрықша көңіл бөлінді. Атап айтқанда, «Ортақ түркі тарихы» оқулығы әзірленіп, Әзербайжанның, Түркия-ның, Қырғызстанның және Қазақстанның мектеп бағдарламаларына енгізілді. Түркі Академиясы тарихымызды танытып, сананы жаңғыртуға бағытталған 90-нан астам кітап шығарды. Төрт мың жылдық мәдени мұрамызды жинақтап, оны жариялауға арналған «Аталар мирасы» порталы іске қосылды. Туысқан елдердің тіршілік тамырын басып отыратын «Түркбарометр» әлеуметтік зерттеу жобасы жүзеге асырыла бастады. Туризм саласындағы әріптестігімізді жандандыру мақсатымен «Заманауи Ұлы Жібек жолы» атты жоба іске қосылды. Бұл Ұлы Жібек жолында орналасқан елдеріміздің көне тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін киелі орындарын 14 күнде аралап шығуға мүмкіндік береді, — деді Қазақстан Президенті.


Назарбаев сонымен қатар, әлемдегі геосаяси және геоэкономикалық ахуалдың өзгеруіне орай халықаралық қауіпсіздік проблемалары шиеленісе түскенін атап өтті.
— Бұл — терроризм, діни экстремизм, ұйымдасқан қылмыс, заңсыз миграция және есірткі тасымалы. Аталған заманауи сын-тегеуріндер түркі дүниесіне де әсер етпей қоймайды. Мұның барлығы біздің кешенді іс-әрекеттерді қолға алуымызды талап етеді, — деді Елбасы.
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Қазақстаннан төрағалықты қабылдап тұрып, Қырғызстан экономиканы әртараптандыру, транспорт дәліздерін кеңейту, кәсіпкерлікті дамытып, инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелеріне көңіл бөлу қажет деп санайтынын мәлімдеді. Саммитке алғаш рет қатысып отырған Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Өзбекстанның аталмыш ұйымның қатарына қосылуға мүдделі екендігін білдірді. Сонымен қатар ұйым шеңберінде экономикалық ынтымақтастықтарды онан ары дамытуға шақырды. Әрі Хива қаласын Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің астанасы етіп белгілеуді ұсынды.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев сөз кезегінде таулы Қарабақ мәселесін ортаға тастады. «Әзербайжан аумағының шамамен 20 пайызын құрайтын Таулы Қарабақ көп жылдан бері Арменияның «оккупациясында тұрғанын» айтты. «Бір миллионға тарта адам туған жерін тастап кетуге мәжбүр болды. 10 мыңнан астам адам із-түзсіз жоғалды. Армения діни және тарихи ескерткіштерді жойды. Ол мұндай қылмыстарына жауап беруі тиіс», — деді Әлиев. Қазірге дейін таулы Қарабақ мәселесінде Әзербайжан мен Армения елдерін «сабырға шақырудан» аспаған туысқан елдер бұл іс туралы кесім айту болашақтың еншісінде дегендей сыңай танытты. Тек Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған ғана «Түркі тілдес елдер ынтымақтастық кеңесі мемлекеттерін Әзербайжанның аумақтық тұтастығын қолдауы керек» дегенді ашық айтты. Саммит соңында мынадай бірнеше құжаттарға қол қойылды.
1. Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі VI саммитінің декларациясы.
2. Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы мен оның орынбасарын тағайындау туралы шешім.
3. Венгрияға Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіндегі бақылаушы мәртебесін беру туралы шешім.
Мемлекеттер басшылары саммит қорытындысы бойынша мынадай құжаттар қабылдады:
1. Түркі тілдес мемлекеттер интеграциясының тұжырымдамасы.
2. Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі мемлекеттері басшыларының ұлттық спорт түрлері саласындағы ынтымақтастықты дамыту және жастар саясаты туралы бірлескен мәлімдемесі.
3. Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі мемлекеттері басшыларының Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына байланысты бірлескен мәлімдемесі.

Бұл бірігу өзгелерге ұнай қоймас

Аталған саммиттің ерекшелігі Кеңеске мүше елдердің қатарының молая түскендігі еді. Қазірге дейін мәдени қатынастарды тереңдету жолында ықылас танытып келе жатқан бауырлас елдер кезекті саммитте, ынтымақтастықтың аясын саяси және экономикалық тұрғыдан кеңейте түсуді көздейтіндіктерін жасырған жоқ. Түркі тілдес елдер арасындағы мәдени, ғылыми байланыстарға мұрындық болып жүрген «Түріксой», «Халықаралық Түркі академиясы» маңызды мекемелердің атқарған жұмыстарына оң баға беріліп, ендігі жерде ынтымақтастықтың аясын туризм, сауда транзиты, экономикалық қатынастарды тереңдету жағына бұру мәселесі күнтәртібіне көтерілді. Осы арада Түркі тілдес елдер арасындағы мәдени байланыстарды тереңдетудің бір ізге түсіп келе жатқандығын айта кеткен жөн. Бұдан кейінгі маңызды бір мәселе «бір атаның балалары» есептелетін туысқан елдерге арналған «Ортақ Түркі тарихы» оқулығының мектеп бағдарламасына енгізілуі еді. Бұл дегеніңіз тарихи жәдігерлер мен тұлғаларымызды әркім өз меншігіне айналдыру мен сол жолда қызыл кеңірдек болудан аянбайтын «ұлтшылдарға», «Түрікшілдік» идеясын сіңірудің оң қадамы дер едік. Бұдан бауырлас елдердің ұтылмасы анық.
Келесі бір ортақ мүдде, Түркі тілдес елдер арасындағы сауда, транзиттік байланыстарды тереңдету мен дамыту мәселесі. Бұл түрғыдан да саммитке бас қосқан елдердің басшыларының ойлары бір жерден шықты деуге болады. Себебі, жағрапиялық тұрғыдан бір-бірімен көршілес жатқан елдер арасындағы сауда байланыстары мен көліктік транзит мәселесін оңтайландырудан ешкім зиян тарта қоймайтыны тағы бар.
— Біздің елдеріміз құрлықтың ортасында Батыс пен Шығыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасын жалғастырып жатыр. Ақтауда қабылданған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі конвенция өңіріміздің транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға септігін тигізеді. Сондықтан Түркі кеңесі көлік және теңіз әкімшілігі министрлерінің кездесуі аясында тариф саясаты мен әкімшілік тәртіптерді жеңілдету жөніндегі жұмыстарды белсенді жүргізуі керек, — деді Қазақстан Президенті. Назарбаев бұдан бөлек «Астана қаржы орталығының» әлеуетін бірігіп пайдалануды да айта кетті.
Саммитке саяси мән берген, әрі Түркі тілдес елдердің алдына тасталған салмақты мәселелердің бірі «Таулы Қарабақ» мәселесі еді. Қазақстан бұл мәселеде Әзербайжанның ұстанымын қолдаумен қатар, мәселені бейбіт жолмен халықаралық заңнамаларға сәйкес келіссөздер арқылы шешуді алға тартып келе жатқан ел. Ал қырғыздар болса, әзербайжандардың жанды жеріндегі жарақатына жанашырлық таныта қойған жоқ. Кезінде Бакудың позициясын жақтаған Исламабад декларациясына қол қоюдан бас тартқан қырғыз бауырларына әзербайжандар кәдімгідей кейістік білдіріп еді.
Түбі бір түркі елдерінің бұлайша бас қосып, емен-жарқын кеңес құруы қуантарлық жағдай екені шындық. Жер бетінде 200 миллионнан астам халық бар түркілердің ұрпағы ортақ ұйым құра алса, әлемнің геосаясатында маңызы бар күшке айналатыны тағы бар. Алайда жаңа саяси одақтың майданға келуі, қазірге дейін «қожалыққа еті үйренген» Ресей мен АҚШ-қа, тіпті іргемізде тұрған алпауыт көрші Қытайға да ұнамайтыны белгілі. Себебі Түркілік тұтастықты біз жақтағанымызбен, олардың мемлекет ретіндегі тұтастығына тікелей әсер ететіні белгілі…
Алпауыттар ұнатпайды екен деп жайымызға жүре беру де жараспас. Дейтұрғанмен, аталған елдердің әскери әлеуеті, ғылым, технология, экономика жағындағы даму деңгейі көңіл көншітерлік жағдайда емес. Кейде азулы әріптестердің ығына жығылуға да тура келетіні бар. «Мың шақырымдық ұзақ жолдың бірінші қадамнан басталатындығын» ескергенде, қазірге дейінгі іргетасы қалыптасқан мәдени, оқу-ағарту жақтарындағы байланыстарды онан ары тереңдету — маңызды мәселе болмақ. «Ортақ түркі тарихы» оқулығы кеңеске мүше елдердің барлығына жалпыласар болса, үлкен идеологиялық маңызы бар бастамаға айналар еді. Келесі бір түйткілді мәселе, Түркі тілдес елдердің барлығына ортақ латын әліпбиі жобасы мәселесі. Бұл төңіректе, ортақ әліпби туралы ширек ғасырдан бері айтылып келген болса да, түбегейлі шешімін таба алмай отыр. Яғни, ортақ жобаны бірауыздан қолдап, жүзеге асыруға ешбір мемлекет қадам жасаған жоқ…Түркі тілдес елдер ынтымақтастық кеңесіне мүше елдердің ішінде Түркиядан өзгесі, тәуелсіздіктерін алғандарына ұзақ бола қойған жоқ. Сондықтан «жақын туыстармен» болса да, жаңа одаққа бірігу жас мемлекеттер үшін үлкен саяси тәуекел есептелетіндіктен бұл қадамға бару үшін олар асығыс шешім қабылдай қоймайды. Міне осындай факторлардың әсері, түркі елдерінің маңызды саяси одаққа бірігуге кедергі болатыны анық. Қазірше, мәдени байланыстардың тереңдеуі мен экономикалық ынтымақтастықтың кеңеюі төңірегіндегі уағ-даластықтар жүйеге түссе — үлкен жетістік есептелер еді.

Ерқазы Сейтқали

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған


Warning: require() [function.require]: Unable to allocate memory for pool. in /home/c/cq57507/public_html/wp-includes/class-simplepie.php on line 17