Түс оңалмай, іс оңалмас!..

Адам өмірінің едәуір бөлігі ұйқымен өтетіні белгілі. Күні бойғы қауырт жұмыстан шаршап келіп, тынығайын деп көсіліп жатып көз ілген сәтіңізді немістер «Тәтті ұйқы – тамақтан кем емес» деп суреттесе, күрдтеріңіз «Ұйқы – қорғасыннан ауыр, қанттан тәтті» деп сипаттайды. Ал сөйтіп жатып аңдаусызда шошынып, «Үрейлі түс көргенше, ұйықтамағаным артық» деп түріктерше тұрып кетуіңіз де, жоқ әлде «Жаманның жан рахаты – ұйқы» деген қырғыздардың танымына басып бүркеніп жата беруіңіз де өз қалауыңыз. Дегенмен, осы ұйықтау, түс көру мәселесінде тарихта болған әйгілі адамдардың шындыққа айналған түстері туралы мысалдар жеткілікті. Мысалы, Харұн Рашидтің Әзірейіл періштеден енді қанша өмірі қалғанын сұрағанда, оның бес саусағын көрсеткен түсін Әбу Ханифаның ғайыптың бес хабарын Алла Тағаладан басқа ешкім де білмейді деп жоруы, Абылай ханның түсін өзіңнен кейінгі ұрпағыңның ұсақталуы деп Бұқар жыраудың жоруы, Шыңғыс ханның қайын атасы Дэй шешеннің түсі, Бабырдың Самарқанд қаласын алар алдындағы және оның өлімге бас байлағандағы көрген түсі, қайда барса өз көрін қазғандарды көрген Қорқыттың түсі, қазақ жерін орыстың басып алу қаупіне алаңдап: «Бұл арадан көшпесең, айтқаныма түспесең, орыс алар қалаңды, шулатар қатын-балаңды, осыны көрдім түсімде!» деген Асан Қайғы бабаларымыздың түсі әлі күнге дейін ұрпақтан-ұрпаққа ұмытылмай келе жатыр. Бұған химиялық элементтердің периодтық жүйесін түсінде көріп барып тапқан әйгілі Д.Менделеевті де қоссаңыз, апыр-ай, түс көру деген не өзі? Ол қалай жорылады?

Жаратушы Иенің түс арқылы болашақтан хабар беруінде қандай мән бар, деген секілді астары жұмбақ бірқатар сұрақтарға жауап іздеріңіз анық.

 1.Ұйқы деген не?

Ірі ғалым Имам Ғазалидың айтуынша, ұйқы – сезімдер басылып, жүректің тыныштықтағы кезі. Ұйқы арқылы ой тазаланып, адам негізгі саф болмысына жақындағанда, Лаухы Махфузбен (күллі жаратылыстардың тағдыры жазылған Құдірет кітабы) екі арадағы перде түріледі. Екі айна арасындағы бөгетті алып тастағанда, бір айнадағы көріністер қалайша екінші айнаға түсетін болса, Лаухы Махфуздағы кейбір мағұлматтардың шағылысы да саф болмысына жақындаған адам жүрегіне түседі. Ұйқы қиялдың қозғалыста жүріп тамашалауына кедергі келтіре алмайды. Жүрек қиял күшінің әсерімен Лаух-ы Махфуздан өзіне түскен мәліметті дереу қабылдап, оны бір белгілермен таңбалайды. Ғайыптық бұл мәліметтер белгі күйінде анағұрлым жақсы сақталып, адамның зердесінде орнығады. Оянғанда, адам көбіне зердесінде сақталған белгілерді ғана еске түсіре алады. Түс жорушыға – түс көрген кісі білетін нәрсе мен осы белгілердің астарындағы мағыналар арасында бір байланыс құруы тиіс болады. Түс жору ілімін жақсы игерген жандарға бұл белгілердің ақиқат әлеміндегі мағыналары ап-айқын (Рүя табирлери, хазырлаянлар: Юсуф Будак, Али Белбағы. Истанбул – 2005, 62 Б.).

2.Түс деген не?

Түс – қарапайым тілмен айтқанда ұйықтап жатқанда көрінген тылсым дүниелер, адамның ұйқыда терең мұхитқа не ғарыш кеңістігіне сүңгуі секілді құбылыс. Кейде талай жерді шарласа да екі көзі жұмулы ештеңені көрмей қайтса, кейде мұхиттың ерке толқындарымен ойнап, дәмді суын жұтып, түбіндегі сан түрлі інжу-маржандарын тамашалап үлкен әсермен қайтады.

Түс – ақиқат әлеміне кең ашылған есіктен бұрын болып кеткен я болашақта болатын оқиғалардың сол күйі не бірқатар рәміздер арқылы тамашалануы. Әркім ішкі жан дүниесінің тазалығына сай өзіне көрсетілген белгілерден мән шығара алады.

3.Түстің түрлері

Түс әр қилы көріледі. Кейде есіңізде қалып кеткен жағдайлар, бұрын болған қандай да бір оқиғалар, күндіз – түні ойыңыздан шықпай, өзіңізді іштей мазалап жүрген күнделікті мәселелер, психикалық ауытқушылықтар – барлығы да ұйқы кезінде әсер бермей қоймайды. Мәселен, соғысқа барып келген адамның бірнеше ай бойы шошынып төсегінен атып түрегелуі осыған жатады. Бұдан басқа ауру-сырқау, уайым-қайғы, түрлі рухани мазасыздықтардан барып көрілетін түстер де бар. Жатарда тұзды тамақ жеген адамның түсінде өзен, көл, сарқырама көруі, ашумен көз ілген адамның түсінде ұрыс-төбелес көруі, құмарлықпен жатқан адамның да соған қатысты жайттарды көруі т.б.

Әбу Хұрайра риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) түстің қанша түрге бөлінетінін білдірген: «Қиямет жақындағанда, мұсылманның түсі көбіне рас шығатын болады. Сіздердің ең шынайы түс көретіндеріңіз – еш өтірік айтпайтындарыңыз. Түс үш түрлі болады: біріншісі рахмани түс немесе Алланың сүйінші хабары, екіншісі шайтанның көңіліңізге қаяу салуы, үшіншісі адамның іштей өз-өзімен сөйлескен нәрселері. Кімде кім жайсыз нәрсе көрсе, тұрып намаз оқысын, ешкімге айтпасын» (Мүслим, Рүя, 6).

Тағы бір хадистерде жаман түс көрген жағдайда, сол иық жаққа түкіру керектігін, сонда ол түстің ешқандай жамандығы тимейтіндігі ескертілген.

Қазақ атамыз рахмани түске «Түс – Тәңірдің аяны», «Түс – Құдайдың елшісі» деп үлкен байыппен қараса, шайтани түске «Түс – түлкінің тезегі» деп аса мән бермеуге тырысқан.

 4.Түсті кімге жорытқан дұрыс?

Алла елшісі (с.ғ.с.) «Кісі түсін өзі жақсы көретін, парасатты кісіге не абыройлы жанға айтсын. Ол жақсы сөз айтып, жақсыға жорысын»» деуімен түсті кез-келген адамға жорытудың жөн еместігін білдірген. Өзі жақтырмаған адамға жорытса, оның жоруы түс көрген кісіні ренжітуі мүмкін екендігін басқа бір хадистерінде білдірген.

Сахабаларымыз көрген түстерін Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп айтатын. Ибн Омардың риуаятымен Бұһаридың жеткізуіне қарағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ондайда «Машаллаһ!» дейтін. Имам Тирмизи Сәмура ибн Жүндәбтан мына хадисті жеткізген: «Алла елшісі (с.ғ.с.) бізге таң намазын оқытқаннан кейін жамағатқа қарап «Түнде түс көргендеріңіз бар ма?» деп сұрайтын» (Әбу Дауыд, Сүннәт, 9; Тирмизи, Рүя, 10)

Түсті тыңдарда жорушының не деу керектігін де Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзі үйреткен. Ибн Зәмилдің айтуынша, «Алла елшісі таң намазын оқытып болғаннан кейін жүзін жамағатқа қаратып, «Араларыңызда түс көрген бар ма?»,- деп сұрады. «Уа, Алланың елшісі, мен көрдім»,- дегенімде, Алла елшісі (с.ғ.с.) «Жақсылық болса көрерсің, жамандық болса сақтанарсың. Жақсылық – бізге, жамандық – дұшпандарымызға. Әлемдердің раббысына мадақ! Ал енді түсіңді айт»,- деді» (Хәйсами, Мәжмауз-Зауаид, 7/183).

Айша анамыз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көрген түстерінің айдай анық шығатынын айтады. Мәселен, Ұхыд соғысының алдында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір түс көрген. Түсінде сауытын кигенін, біраз сиырлардың бауыздалғанын әрі қылышының жүзінің кертіліп сынғанын көріп оны былай деп жорыған: «Сауыт – меніңше, Мәдинаның іші, демек Мәдинадан шықпай қорғанғанымыз дұрыс. Дұшпандардың шабуылын осы жерден күтіп алып, тойтарайық. Бауыздалған сиырлар – сахабаларымнан шейіт болатындары, қылышымның жүзінің кертіліп сынуы – жақындарымның біреуінің қайтыс болуы болса керек». Расында да, айтқанындай, жақын туысы хазіреті Хамза (радиаллаһу анһу) сол соғыста шейіт етілді.

Әбу Разиннің риуаят етуінше, Алла елшісі (с.ғ.с.) былай деді: «Мұсылманның көрген түсі – пайғамбарлықтың қырық алтыда бір бөлігі. Біреуге айтылғанға дейін ол құстың тырнағына ілініп тұрады, айтылған кезде барып түседі». (Бұл хадисті Имам Тирмизиден басқа Ибн Мәжа, Дарими, Хаким мен Ахмад ибн Ханбал да өз еңбектерінде жеткізген).

Әнас ибн Маликтің (р.а.) айтуынша, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) түс жорушыларға мынандай кеңес берген: «Түсте көрілген заттардың атауларын түстің жорылуына негіз етіп алыңыз. Олардың тұспалды мағыналарын жорамалға салыңыз. (Бірнеше жорамалға келетін) Түс алғашқы жорушыға қарай шынға айналады».

Ата-бабаларымыздың “Түсті көруінен емес – жоруынан қорық”, “Түстің басы бұлғақ келеді: жақсылыққа жорысаң жақсылыққа, жамандыққа жорысаң жамандыққа қарай бұрылып кетеді” деп ой түюі осы негізден шықса керек.

 5.Түс жорығанда нені ескерген жөн?

 Имам Мәліктен «Кез келген адам түс жори ала ма?»- деп сұралғанда, ол «Түсті жақсы жори алатын адам ғана жоруы керек. Егер түсті жақсы деп ырымдаса, жақсыға жорысын, жақсыға ырымдамаса да жақсыға жорысын яки үндемесін»- деді. «Жаман түс болса да жақсыға жору керек пе?» – дегенде, «Жоқ! Түс – пайғамбарлықтың бір бөлігі, онымен ойнауға болмайды!» – деп түсіндірді (Құртуби, әл-Жамиу ли ахкамил-Құран, 9/122-127).

Әуелі түс жорушы түсті тыңдағанда немесе оның жаман екенін ырымдап оны жорымағанда я болмаса түсті жеткілікті түрде түсінбегенде былай деп дұға оқуы тиіс: «Жақсылығы – өзіңе, жамандығы – дұшпаныңа, жақсылығын өзің көр, жамандығынан сақтан!». Егер түстің жорамалы түс көрушіге ғана қатысты болса, осылай дұға оқиды. Ал ол түс баршаға қатысты деп есептесе, «Жақсылығы – бізге, жамандығы – дұшпандарымызға, жақсылығын біз көрейік, жамандығынан сақтанайық» деп дұға оқуы тиіс (Ибн Сирин, Мүнтәхабул-Кәлам, 6).

Түсті таңғы уақыттарда жорыған жақсы. Өйткені бұл кезде жорушының миы тынық, ойы сергек, түс көрген кісі де түсін жақсы есте ұстайды. Үш уақытта түс жорымаған дұрыс: таңертең күн шығып келе жатқанда, күн тас төбеде тұрғанда, күн қызарып батып бара жатқанда (Имам Наблуси, Та-тирул-Әнам, І, 6). Көрмеген түсін айтып келген адамның да түсі жорылуы тиіс. Ондайда түстің жақсылығы – жорушыға, жамандығы – түсті ойдан шығарып айтушыға болады. Түс жорушы қасақана түрде түсті жақсылыққа жорымаса, түстің жақсылығы – жорып беруді өтінген кісіге, жамандығы – жорушыға болады (Имам Наблуси, Та-тирул-Әнам, І, 6). Түс жорушы бақсы, балгерлерден, жұлдызнамашылардан көмек сұрамауы тиіс. Олардың айтқандарына ілесіп, дұрыстықтан таймауы тиіс (Ибн Сирин, Мүнтәхабул-Кәлам, 6). Түс жақсылыққа не жамандыққа келмейтін аралас болса, түс жорушы міндетті түрде оны бір жағына жатқызбауы керек. Түс көрушінің уақыты мен орнын, басқа да қосымша ерекшеліктерін ескеруі тиіс. (Ибн Сирин, Мүнтәхабул-Кәлам, 6). Түс өткен өмірге қатысты болуы да мүмкін. Мәселен, бұрын орындамаған уәдесі яки қарызы, кешіктірген тәубесі есіне түсірілу үшін осындай түс көрген болуы мүмкін. Сондай-ақ, түс қазіргі уақыт пен болашаққа қатысты да болуы мүмкін. Адамның жақсылыққа не жамандыққа тап болуын алдын ала сездіруі мүмкін. Өлім-жітім, байлық-кедейлік, абырой-атақ, қиыншылық, т.б.секілді/. Түс кейде оны көрген-ге емес, алыс-жақын басқа адамға қатысты да болуы мүмкін. /Ағайын-туысына, бауырына, көршісіне, т.б./

Үммү Фадл Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп:

– Уа, Алланың елшісі! Жаман бір қорқынышты түс көрдім, – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған:

– Көргенің жақсылық болсын, -деді. Үммү Фадл:

– Уа, Алланың елшісі! Сіздің денеңізден бір ағзаңыз бөлініп кетіп, менің бөлмеме қонғанын көрдім. Бұны естігенде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) күліп:

– Фатима бір ұл туады. Сен оны бөлмеңе апарады екенсің, -деді.

Айтқанындай, хазреті Фатима босанып, ұлы Хасанды көтеріп келгенде, Үммү Фадл оны құшағына қысты (Ибн Мәжа, Рүя, 10).

Түс кейде керісінше де жорылады. Түсінде жылау – өңінде күлу, түсінде күлу – өңінде жылау секілді. Кейде көрілген заттың ерекшелігімен де жорылады. Исі жақсы, дәмі қышқыл жеміс болса – екіжүзділік секілді. Түстегі көрілген әрбір қимылдың, заттың өз мәні бар. Мысалы, қолы кесілгенмен, денесінен ажырамаса, оны ұстаса, бұл балаға не бауырға ишарат, ал қолдың денеден ажырап түсіп қалғанын көру, бауыры не баласының жамандыққа ұшырайтынын білдіреді (Ибн Сирин, Мүнтәхабул-Кәлам, 6).

Түс жоруда түс жорушы үшін аса маңызды үш мәселе бар:

1. Түстегі негізгі заттарды айшықтай білу, оның ерекшеліктерін саралап, жақсылыққа не жамандыққа жататынын ажырата білу.

2. Түсте көрілген әрбір нәрселердің бір-бірімен байланысын құра білу. 3. Мәселеге барынша жіті мән беріп, түстің мазмұнын толықтай ашу.

Аталған жайттар өте маңызды болғандықтан, түс жорушылардың қиналатын тұстары да осылар. Өйткені түстегі негізгі нәрселерді тауып, олардың арасында байланыс құра білу керек. Мысалы, Жүсіп пайғамбар (ғ.с.) дәл жорыған Мысыр патшасының түсі ұғымға сыймайтындай өте күрделі деуге болады. Патша түсінде жеті семіз сиырды жеті арық сиыр жеп жатқанын, бұған қоса жеті жасыл сабақтар мен жеті қураған сабақтар көргенін айтады. Жүсіп пайғамбар оны «жеті семіз сиыр – жеті жылға жалғасатын молшылық, ал жеті арық сиырлар – молшылық жылдарынан кейін белең алатын қуаңшылық жылдар» деп жориды. Ал «жеті жасыл сабақ пен жеті қураған сабақтар бұл жорамалды растап, қуаттай түседі» деп түсіндіреді (Ибн Сирин, Мүнтәхабул-Кәлам, 20-21).

 6.Қай уақытта көрілген түс анағұрлым шынайы?

 Түстің дұрыс шығуында оның қай уақытта көрілгені маңызды. Мәселен, Тирмизи мен Даримидің жеткізуінше, Әбу Сайыд Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай дегенін естіген: «Түстердің ең шынайысы – таңсәріде көрілген түстер». Жағфары Садық түскі уақытта көз шырымын алған кездегі түстің де шынайылыққа жақын екендігін айтқан. Өзендер тасып, ағаштар бүр жарған көктем мезгілі мен жеміс-жидек әбден піскен уақытта көрілген түстердің анық шығатынын айтқан ғалымдар да бар (Ибн Сирин, Мүнтәхабул-Кәлам, 15).

Ибн Ғаннам түстерді айлар мен күндерге қарай жіктеп, олардың жорылуы жайында кең мағлұмат берген. Мәселен, жұма күні мен Рамазан айы туралы былай деген: «Рамазан айында көрілген түс жақсылыққа ырымдалса – игілік, ал жамандыққа ырымдалса, дұрыс болмағаны. Өйткені, бұл айда жамандыққа жол берілмейді. Жұма күні – қасиетті күн. Ол күн жақсылыққа толы, мұсылмандардың басын қосады. Жұма күні – мұсылмандардың мерекесі» (Ибн Ғаннам, Әбу Тахир, Табирул-рүя, Хажы Селим аға КТП, 9А-10А.).

Уақытпен қоса, түсті көрген адамның жай-күйі, мамандығы мен кәсібі, лауазымы да түс жоруда үлкен рөл ойнайды. Мәселен, анар жемісін түсінде бірнеше кісі көруі мүмкін. Алайда, көрілген нәрсе біреу болғанмен, оның жорылуы әр адамның ерекшелігіне қарай әр қилы. Анар: патша үшін өзіне қарататын жаңа бір ел. Оның қабығы – сол елдің қорғаны, ішіндегі дәні – сол жердің халқы. Саудагер үшін: үй, дүкен, қонақүй, кеме, кесе, т.б. Ғалым адам үшін анар: кітаптар. Қабығы – беттері, дәні – ішіндегі жазулар. Бойдақ адам үшін: бай әрі әдемі жар деп жорылады. Аяғы ауыр әйел үшін әлі іште жатқан, болашақта арлы-ибалы болып өсетін қыз деп жорылады (Ибн Сирин, Мүнтәхабул-Кәлам, 9). Байқасаңыз, түсте көрілген анар – патша, саудагер, ғалым, бойдақ және аяғы ауыр әйел үшін олардың қоғамдағы орны, кәсібі, мамандығы, жеке бас жағдайларына қарай бөлек-бөлек жорылған.

 7.Түске сенуге бола ма?

 Түстің астарында ақиқат бары рас, дегенмен, адамға жауапкершілік жүктелетін уақыт – оның ояу кезі. Ұйқы не талып қалу секілді жағдайларда кісі жауапкершіліктен босатылады. Ұйықтап жатып түсінде «күпір сөз» айтқан адам діннен шықпайды. Мәселеге осы тұрғыдан қарағанда, түске жалпыға қатысты деп қарап, объективті түрде баға беруге болмайды, оны әр адам жеке өзіме ғана қатысты деп білгені жөн. Көрген түсі ислам дінінің негіздеріне (Құран мен сүннет) қайшы келмесе ғана, ол оған көңіл бөле алады. Әйтпесе, түске сене беру дұрыс емес. Мәселен, дәулетті адамның «түс көрдім, түсімде арғы атам маған қажылыққа барма депті» деп, қажылыққа барудан тартынуы – үлкен қателік, бұндай түс ол үшін ешқандай да шариғаттық негіз болып табылмайды. Өйткені, қажылық – Құран мен Сүннетте бекітілген парыз. Бұл тұрғыда үзір не кешірім етілетін жайттардың Құран мен Сүннеттен алынған фиқһ кітаптарында жазылғанын ескерсек, керітартпа қанша түс көрсе де, ол кісі фиқһ кітаптарында берілген үкімге қарауы керек (Рүя табирлери, хазырлаянлар: Юсуф Будак, Али Белбағы. Истанбул – 2005, 75 Б.).

Түске қандай шартпен сену мәселесіне осыншалықты сақтықпен қарамаған жағдайда, ол адамды түрлі адасушылыққа ұрындыруы мүмкін. Ал түс арқылы иландырып, жұртты соңынан ертуге әрекет жасау – халыққа жасалған үлкен қиянат. Кешелі-бүгінді оның тарихта мысалдары көп. Ғуләм Ахмед те әуелі өзін ақырзаманда келетін «мәхди» санап, оны місе тұтпай артынша «пайғамбар», бара-бара өзін Құдайға балап қатты адасқан-ды. Әйел-еркегі бар жарнамасын жалаулатып қаптап кеткен бүгінгі «жалған пайғамбарлар» және тым шектен шығып «Жаратушымын» деп көкірек соққандар да әуелде «түс көрдім, аян білдірілді, қасиет қонды» деп бастап, кейіннен жын-шайтанға еріп кеткенін байқамағандар. Оларды асқына келе әл бермей кеткен көрсоқырлықтың құрбандары деуге болады. Демек, дінінен хабардар мұсылман адам үшін түс көрудің де өзіндік жөн-жосығы бар. Қазақ атамыз «Жақсы – ісіне сенеді, жаман – түсіне сенеді», «Түс оңалмай – іс оңалмайды» дегенде, сірә, осыны меңзеген болар.

Құдайберді БАҒАШАР

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған