Тұрмысқа шығатын қызға анасының айтқаны

Шайбани әулетінен Ауф бин Мухаллим текті жерден үйленген еді. Әйелі Харисқызы Умама да қызын ерекше әдеппен тәрбиелеп өсірді. Бойжеткен қызын сынап көріп танысып қайтуға Йемен патшасы арнайы жауапты әйелді жібереді. Екі жақ келісіп қыз ұзатылып жатқан күні анасы:

Қызым! Өсиет әдепті адамға айтылмайтын болса, саған айтылмауы тиіс еді. Бірақ, өсиет ұмытқанның жадына салу және ақылдыға қолдау болу үшін керек. Әйел баласы әке-шешесіне, олардың қызына деген қажеті болғандықтан тұрмысқа шықпайтын болса, әке-шешесінің жанында қалуға сен лайықты едің. Алайда, әйелдер – еркектер үшін, ал еркектер – әйелдер үшін жаратылған. Қызым! Сен туып-өскен ортаңды тастап кетіп барасың. Бой жеткен ұяңды артқа қалдырып, танымайтын бір ұяға бет алдың. Бұрын-соңды көрмеген біреуге жар боп кетіп барасың. Сен оған күңдей бол, ол да көп ұзамай саған құлдай болады. Қызым! Менен мына ақылымды жадыңа түйіп ал, саған өмірлік қазына болады.

  • Қанағатты серік ет. Отбасылық өмірде құлақ салып, бой ұсынушы бол;
  • Күйеуіңнің көзі түсетін және мұрны иіскейтін жеріне мән бер. Көзі сенің жағымсыз жеріңе түспесін, мұрны сенің бойыңнан тек жақсы иіс тапсын. Сүрме қолжетімді ең көрік беруші, су ең қош иіс сыйлаушы;
  • Күйеуіңнің тамақтану уақытына және тынығып ұйықтайтын кезіне мән бер. Өйткені, аштық тез ашуландырады, ал ұйқыдан қалу – ызаландыра түседі;
  • Күйеуіңнің үйін, мал-мүлкіне қорған бол;
  • Күйеуіңнің ешбір сырын ашпа, ешбір бұйрығын орындаусыз қалдырма. Сырын ашсаң, сатқындығынан құтыла алмайсың. Бұйрығына қарсы шықсаң, кеудесінде ашуын оятасың;
  • Ол мұңды кезде қуанудан, ол қуанышты кезде көңілсіз жүруден сақ бол. Біріншісі – кемшілік, екіншісі – ренжіту болмақ;
  • Оны ерекше қатты құрметте, сонда сені ерекше сыйлайтын болады;
  • Оның әрбір ісіне қаншалықты келісе білсең, соншалықты жақын боласың;
  • Өзің ұнатқан және жақтырмаған нәрседе оның ризашылығын өз ризашылығыңнан, оның қалауын өз қалауыңнан биік қоймайынша өзің жақсы көргенге қол жеткізе алмайсың,-деп ақылын айтады.

Анасының ақылын өмірінің алтын қағидасы еткен келіншек күйеуіне жеті бірдей ел басқаратын азаматтар туып берген екен.

Мұса ЕРБАТЫР

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған