Тұрмыс құрған қыз өз тегінде қалуға құқылы ма?

Ассаламу алейкум!
Алла қаласа, жақында неке қидырғалы жатырмын. Болашақ жарымның қай текті таңдағаны жөн. Жалпы тек ауыстыру қайдан шыққан, шариғатымызда бар ма? Сізге рахмет, есімім Әнуар.
 
Уа алейкум ассалам, Әнуар!

Бұл мәселеде Ислам тарихына шегініс жасап көрелік. Даңқты сахаба, Алла елшісінің (с.ғ.с.) екі азаншысының бірі Абдулла анасынан көзі нашар боп туған еді. Әкесі Қайс бола тұра ол Абдулла бин Қайс емес, Абдулла бин Үмму Мактум (Зағиптың анасының ұлы Абдулла) болып аталған.

Табиғин ғұламалары Әбу Дәуід Абдурахман бин Һурмуз – Ағраж (Ақсақ) деген атпен, ал Сүлеймен бин Маһран – Аъмаш (Соқыр) деген атпен тарихта қалған. Қазақта да Балуан Шолақ, Жаяу Мұса деген танымал тұлғалар бар.

Ал, Ислам құжаты болған ғұлама Әбу Хамид Мұхаммедті – әл-Ғазали (тоқымашы) деп танимыз.

Ал, Құран Кәрімде әйелді «Нұхтың әйелі және Лұттың әйелі[1]» және «Перғауынның әйелі[2]» деп күйеуінің атымен атағаны кездеседі.

Әбу Сағид әл-Худари (р.а.) риуаятында: «Зейнеп Ибн Масудтың әйелі (Алла тағала екеуінен де разы болғай) келіп, Алла елшісі (с.ғ.с.) құзырына кіруге рұқсат сұрады. Сонда: «Уа, Алла елшісі мұнда Зейнеп кіруге рұқсат сұрап тұр», – деді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Зейнептердің қайсысы?» – дегенде: «Ибн Масғудтың әйелі»,– деді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Кіргіз»,– деді[3]».

Бұл араб халқы ғұрпында кездесетін аты-жөн үлгісі. Мұны жай халық емес, діни тұлғалар қолданған. Өйткені, шариғат өзіне қайшы емес әдеп-ғұрыпты құптайды. Және ғұрыпты қолдануға ешбір тосқауыл етпейді. Сондықтан фиқһ қағидасы қатарында «әдет-ғұрып төреші құрал» деген ереже бар.

Қорыта айтқанда, аты-жөн жазу, тек мәселесінде адамды әкесінің орнына басқа біреудің атына жазу және атау тыйым етіледі. Басқаша айтқанда, …ұлы, …қызы дегенді ауыстыру.

Сонымен бірге, қазақ салтында келіншегін өз тегіне ауыстыру болмаған. Алайда, екі жақты келісім болса, ер азамат әйеліне өз тегін беруіне болады.


[1] Тахрим сүресі, 10-аят
[2] Тахрим сүресі, 11-аят
[3] Бұхари, Муслим

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған