Тұрсынжан Шапай. Шайтанға көзқарас

Адамның өз игілігі үшін істеген ерліктерінің негізінде – құмарлық, нәпсі, парасаттың тәкаппарлығы, осылардан шығатын атаққұмарлық, пайда, мақтан жатыр. Абай мұның бәрін —«Шайтан ісі» дер еді.

Шайтан қай істе де — қозғаушы, түрткі. Шайтансыз адам — әрекетсіз, Фаустың жанында Мефистофель бекерге жүрген жоқ. Адам — шайтан мен періштенің тылсым диалогы. Адам жаны — шайтан мен періштенің мәңгі бітпейтін қиян-кескі шайқас алаңы. Бойына өлшеусіз өнер, қисапсыз құмарлық сиған Тұлғаның — шайтаны да зор. Кемеңгерге — қиын! Алла жаратқан өлеңде мағынасыз ештеңе жоқ. Алла шайтанды да бір мәніспен жаратқан. Шайтан — абсолюттік Идея. Шайтансыз — періште де жұмыссыз. Адам өзін жетілдіру арқылы періштесінің көңілін көтереді, мерейін үстем қылады. Бірақ, шайтансыз — періштеде ешқандай мерей, яғни мағына жоқ. Құдай шайтанға да адамгершілікпен қарайды. Бұл — Мефистофельдің пікірі. Фаустың жанында ол, шынында, бекер жүрген жоқ. Аңыздағы Паганини жанын Әзәзілге еріккеннен сатқан жоқ. Мефистофель — әмбебап шайтанның бір мағынасы. Тағы қандай мағыналары бар — Алла өзі біледі. Періштенің көңілі өскен сайын «мұңды шайтанда» тыным жоқ. Бір сат қарап отырмайды — кетігіңді оңай табады. Қай жағың әлсіз — шайтан сонда. Шайтан — талмас жігер, мұқалмас қажыр иесі. Тапқыр, ұшқыр, елезек, табанды… Бұл сипатты сайыпқыран сайтаннан иенде қайтіп-ақ айырыла қойсын?! Айырылмайды! Шайтан — керек. Осынша мықты, пысық, шайтан — сенің әлсіздігің. Әлсіз, қайратсыз — нәпсінің құлы. Пенде әлсіз болуға құштар. Неге? Шайтан білсін!..

Дайындаған: М.Жошы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған