Тұқым құрыса, өнім де құриды

бұл мәселеге басшылар бас ауыртқысы келмей ме?

Тұқым шаруашылығы саласы егіншіліктің негізі екені белгілі.  Бұл бағытта  жұмыстар жыл өткен сайын  жанданып, Үкімет тарапынан жоғары репродукциялық тұқым сатып алу үшін 70 пайызға дейін субсидия да қарауда. Алайда осы егуге жарамды тұқымның сапасын тексеру жағы бізде кенжелеп тұр. Олай деуімізге, Жамбыл облысында аталмыш бағытта жұмыс жасайтын тұқым инспекторлары бүгінде түп тамырымен қысқарып кеткен. Нәтижесінде тұқым тексеріссіз қалып, шаруалардың  қандай тұқым сеуіп  жатқаны белгісіз күйде қалуда.

Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке сүйенсек, 2014 жылдан бастап тұқымның сапасын тексеру басқармаға тікелей жүктеліпті. Алайда мұндағы мамандардың аздығынан тұқымды тексеру қиындап кеткен көрінеді.

-Бұрнағы кезі бұл жұмыспен Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегімемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы айналысқан болатын. Алайда, 2014 жылдан %d1%82%d2%b1%d2%9b%d1%8b%d0%bcбастап тұқымды тексеру бізге міндеттеліп, басқармадан мемлекеттік астық және тұқым инспекциясы бөлімі құрылды. Бірақ, бөлімге бар болғаны екі маманның штаттық бірлігін беріліп, қолымыз қысқарып отыр. Осы екі маман екі жылдан бері облыстағы 5000-нан аса шаруашылықтарды тексеріп келеді. Ал бір кездері комитеттің аумақтық инспекциясында жұмыс жасаған аудандардағы тұқым инспекторлары ғайыптан қысқарып, жоғалып кетті. Нәтижесінде аудандарда тұқым тексеру жұмыстары кенжелеуде. Негізі біздің бөлімге тұқымның сапасы, егілуі, сатылуы  мен тасымалдауын қадағалаумен қатар, шаруашылықтарды міндетті сақтандыруын бақылауда міндеттелген. Осы жұмыстарды да  2маман тексеруге тиіспіз.  Оған қоса, тексеруге барғанға дейін қап-қап құжаттарды толтыруымыз керек. Сондай-ақ,  бөлім мамандары қалаған уақытта  шаруашылықтарды  тексере алмайды. Осыдан кейін қайдан бақылау болып, қайдан жұмыс оңсын, – дейді басқарманың мемлекеттік астық және тұқым шаруашылығы инспекциясы бөлімінің бас маманы Айгүл Тауасарова.

Иә, осылайша бөлім маманы  екі маманның  тұқымды толықтай тексеріп шығуға күші жетпейтінін ашып айтуда. Осы орайда, елді мекендерде не себепті тұқым инспекторлары қысқарып кеткенін білген едік.

Жамбыл ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманалы Құрбановтың айтуынша,  тұқым инспекторларының қысқаруына штаттық бірліктің  жетіспеуі сеп болған екен.

-Бұл штаттық бірлік аумақтық инспекицядан бөлініп, ауыл шаруашылығы бөліміне берілгендетұқым инспекторына арналған бізде арнайы штат  болмады. Нәтижесінде елді мекенде тұқыммен айналысуды аграномға жүктеп, тұқым инспекторы маманы қысқарды. Қазір осы қызметкеріміз барлық жұмыспен айналысып отыр. Бұдан басқа бізде амал болмады, – дейді бөлім басшысы.

%d1%82%d2%b1%d2%9b%d1%8b%d0%bc-3

Ал Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерғазы Еспеновтың айтуынша, тұқым инспекторларының жоқтығы көп қиындықтар тудырып  жатыр екен.

-Ауданда тұқымммен арнайы айналысып отырған маман жоқ. Біз бұл міндетті аграном маманға қосымша жүктеп отырмыз. Алайда бұмен іс бітпейтіні  белгілі. Тұқым құрыса, өнім де құриды. Сондықтан тұқым инпекторларының қажеттілігі туралы сан мәрте айттық. Алайда штаттық бірліктің жетіспеушілігінен бұл мәселе шешімін таппай отыр. Ертең егін науқаны басталғанда бұл мәселе алдымыздан тағы шығады. Сондықтан бұл түйткілдің түйінін тарқататын бір тетік табылса нұр үстіне нұр болар еді, – дейді бөлім басшысы.

Иә, құзырлы мамандардың сөзіне  сүйенсек, тұқым инспекторларының  қызметі  екі мекеменің қосылуының «құрбанына»  айналған көрінеді. Және аудандар  инспекторларға арнайы штатты аша алмай отыр екен. Бұл мәселені жуырда  өткен бір жиында облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев те көтеріп, тұқым инспекторларына іздеу салған-ды. Сол кезде жауапты мамандар кінәні бір-біріне жауып, сұрақ  сұрақ күйі қалған. Алайда Абдалы Тоқбергенұы аталмыш мәселені жіті қолға алып, жақын арада шешімін табуды жүктеген болатын. Десе де, сол жиында отырған бөлім басшыларының бұл тапсырма бір құлағынан кірсе, екінші құлағынан ағып кеткен секілді. Өйткені араға апта салса да  тұқым инспекторларына қатысты  мәселені қолға алған ешкім жоқ.

Елбасының жуырда ғана жасаған  «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына ерекше басымдық берілгені белгілі. Және нақты тапсырмалар да айқындалды. Алайда асыраушы салада жоғарыда айтқандай жөнсіздік орын алып жатқанда, Жолдауда жүктелген тапсырмаларды жүзеге асыру қиынға соғатыны анық. Сондықтан бұл мәселені құзырлы мамандар сн мәрте талқылағаннан гөрі, біржақты нақтылағаны абзал-ау. Әйтпесе, ертең тұқымымыз құрып, артынша өніміміз де құруы бек мүмкін.

Саятхан Сатылғанов,

Жамбыл облысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған