Тәркіленген дүниені талан-таражға салған кімдер?

Тәркілеу — бас бостандығынан айрылған адамның иелігіндегі мүлікті мемлекет меншігіне мәжбүрлі түрде өтеусіз алу деген сөз. Былайша айтқанда, жазаның бір түрі. Мұндай жаза әлемдік қылмыстық-процессуалдық заңнамаларда кең тараған. Тарихына үңілсек, ең алғаш ежелгі Рим империясынан бастау алады екен.

Қойыртпағы көп қойма Бүгінгі таңда біздің елде экономикалық қылмысқа барғандарды мүліктік жазаға тарту көп қолданылады. Алайда сол дүние-мүліктердің одан арғы тағдырынан көпшілік бейхабар десек, қате айтқандық емес. Ал тереңіне үңіле түссең, көп нәрседен бейхабар екендігімізге көз жеткізуге болады. «Аққу — көкке, шортан — көлге, шаян — шөлге» тартқан тірлік дерсің…

Саясаттанушы-сарапшы Уәлихан Төлешовтың отандық БАҚ-тардың біріне берген мына мәлімдемесі соның бір айғағы:

— Тәркіленген дүние-мүліктерді саудалау барысында орын алатын заңсыздықтар жоқ емес, бар. Тәркіленген дүние-мүліктер көп жағдайда аукционға шықпай жатып арзанға сатылып, кейін оны баз біреулер нарықтағы бағамен қайта сатады. Былайша айтқанда, бұл жүйеде, яғни аукцион кезінде бәссаудадан қомақты қаржы жасайтын топтар бар болуы әбден мүмкін. Бір жағынан мемлекетке жемқорлар шығын келтірсе, олар оны еселей түседі. Бұл біздегі заңдардың әлсіздігінен болса керек. Мұндай шетін мәселені біз тек сот орындары шығарған үкімдердің орындалуының ашықтығы мен айқыныдығын қамтамасыз ету арқылы ғана шеше аламыз. Тағы бір айта кететін жайт, бізде сот тәркіленген дүние-мүліктерді бағалағанда ешқандай заңдық құзыреті жоқ құрылымдардың құжаттарын басшылыққа алады. Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Осы мәселені де дұрыс жолға қоймаса болмайды. Бәлкім, мүлікті соттың өзінің бағалағаны дұрыс шығар.

Арнайы хат жолдағанымызда ҚР Әділет министрлігі Сот актілерін орындау департаментінен «2016 жылы аумақтық әділет органдары мемлекет кірісіне 51 жылжымайтын мүлік объектілерін, 44 жер телімдерін, 348 көлік құралдарын, 1 млрд. 623,4 млн. теңгені, 1,7 млн. АҚШ долларын, 25 935 евроны, 35 400 Ресей рубльдерін тәркіледі» деген жауап алдық. Осы мүліктер мемлекетке тұтастай өтті ме? Өтпепті.

Мысалдар келтіре кетсек, өткен жылы Алматы облысы бойынша уақытша сақтау қоймасынан 600 млн. теңгеге жуық тәркіленген заттардың қолды болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Сонымен қатар, 206 млн. теңгенің тауары ұштыкүйлі жоқ болған. Ал 103 млн. теңгенің конфискаты «өртеніп» кеткен. Күлеміз бе, жылаймыз ба: сол жылы «HTL Кеден Сервис» қоймасындағы 49 құндыздан тігілген бағалы тондарды бір пысықайлар арзан бағалы тондарға айырбастап қойыпты. Прокуратураның тексеруінен кейін қойыртпағы көп қоймалардың талай құпиясы ашылып, Әділет министрлігінің қызметкері қылмыстық жауапқа тартылған-ды. Айтпақшы, «Астана ЭКСПО — 2017» ісі бойынша сотты болған Қ.Үсеновтен тәркіленген 900 млн. теңгенің затын прокурорлардың өздері таппай жүр. Айта берсе, мұндай қылмыстар жетерлік. Біз тек бір облысты ғана тілге тиек еттік. Әрбір өңірді сөз етсек, төбе шашың тік тұрады. Біздің ойымызша, осының барлығы уақытша ұстау қоймаларындағы заттарды сақтау мен тіркеудің дұрыс жолға қойылмағандығынан. Қазіргі қолданыстағы заңның ұрланған заттың ұрланбауын қамтамасыз ететін тетіктерінің әлсіздігін көрсетсе керек.

Шешімін күткен мәселе

Тағы бір түйінді түйткіл — іздеуде жүргендердің жылжитын, жылжымайтын мүліктерінің құны триллиондап саналатынын ескерсек, оларды күтіп-баптауға мемлекет есебінен қыруар қаржы жұмсалады екен. Әлбетте, бұл тиімсіз. Ал сот үкімінсіз оларды сатуға заң тыйым салады. Сот шешім шығарғанша біршама уақыт кетеді. Сот бір айға созыла ма, бір жылға созыла ма, ол жағы белгісіз. Айтпақшы, осыдан бірнеше жыл бұрын Жаңа Қылмыстық іс жүргізу кодексі нормаларында қашып жүрген олигархтардың мүлкін сот үкімінсіз тәркілеу енгізуді, яғни қылмыстық іс қозғалғаннан кейін-ақ мемлекет пайдасына өндіріп алу қарастырылған еді, заңдық құжат өзгеріссіз қалған-ды. Негізі дүниемүлікті сот шешімінсіз бұғаттау Қазақстан ратификациялаған БҰҰ-ның Жемқорлыққа қарсы конвенциясының 54-бабында қарастырылған. Бұл норма, құзырлы сала мамандарының айтуынша, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін көрінеді. Ал кейбір мамандардың пікірінше, бұл біздің Ата Заңымызға қайшы, яғни дүние-мүлікті сот үкімінсіз тәркілеу — адам құқықтарын бұзғандық. Қысқасы, бұл да қылмыстықпроцессуалдық заңнамалардағы шешімін күткен бір мәселе. Демек, еліміздегі дүние-мүлікті тәркілеу институты жетілдіруді қажет ететін сияқты.

%d0%b5%d1%81%d0%b5%d0%bf

МАМАНДАР ПІКІРІ

Дос Көшім, саясаттанушы: — Бұл тақырыпты қозғап отырғандарыңыз өте дұрыс. Өйткені шикілік шынымен бар. Тәркіленген дүние-мүліктер құны қомақты. Былайша айтқанда, халықтан ұрланған сол байлықты ел игілігіне пайдалансақ, экономикамызға едәуір көмек. Иә, қосымша жаза ретінде жемқорлардың дүние-мүліктерінің тәркіленіп жатқандығын білеміз. Алайда оның қаншаға, кімге сатылғандығы көбіне жария болмайды және де әділ жолмен бе, оны да біле бермейміз. Осындай ұтымды тұсты пайдаланғандар амалын тауып, бұғатталған заттарды сатып жібереді. Менің ойымша, мәселен кейбір жылжымайтын мүліктерді балабақша, балалар үйі, т.с.с. әлеуметтік нысандарға беріп отырған дұрыс. Жалпы, конфискаттар саудасы ашық жүргізілсе игі болар еді.

Тоқтар Есіркепов, экономист-сарапшы: — Халықаралық нарықта мұнай бағасы шарықтап тұрғанда Қазақстан аста-төк пайдаға кенелді. Алайда ол табысқа биліктегі ат төбеліндей топ қана қарық болды. Тек өздерінің жағдайын жасап, әбден байып-тасыды. Ал ел экономикасын жақсартуға қосқан үлестерін тіпті айтуға келмейді. Әрбір елде табыла бермейтін мұнайымызды араны ашылғандар «судай сіміргенде» қарапайым халыққа түк тимеді. Күні кеше Елбасы дәрі-дәрмек саласындағы заңсыздықты ашық айтты. Сонда алты жыл бойы халық қолдан жасалған қымбат бағаның дәрісін алып келген. Ал сол алты жыл бойы құзырлы орындар қайда қараған?! Егер Елбасы Н.Назарбаев айтпағанда әлі жалғаса беретін еді. Осыған қарап, елде былғанбаған жүйе жоқ деп айтып көрші! Жемқорлық жұқпалы ауру сияқты қоғамға тарап барады. Биліктегілер «теріні теспей сорып» жатса, оларға бағыныштылар қарап қалсын ба? Дәл солай тәркіленген дүниемүліктерге қатысты былық-шылық та жоқ емес. Иә, тексеріп, кейде біраз фактілерді әшкере етіп жатады, алайда, менің ойымша, бұл бер жағы ғана. Елге қанша шығын келіп жатқаны бір Аллаға аян. Күмәнді тұстар өте көп. Құзырлы орын түбіне жетіп былықтың бетін ашпаса, «жабулы қазан жабулы күйі» қала бермек.

Кәрібай Тасшабаев, заңгер: — Сыбайлас жемқорлықты ауыздықтай алмай жүргенімізде, сол жемқорлардың заңсыз жолмен тапқан байлығының мемлекет қазынасы түспей жатып жоқ болатыны шындық. Менің тәжірибемде де миллиондаған теңгенің тауары, яғни темекінің тұрған жерінен ізім-ғайып жоғалып, біраз тентіреткені бар. Кейін үлкен жүк көлікке тиелген ол тауарды елдің шекарасынан тауып алғанбыз. Негізі, әсіресе халық тұтынатын тауарларға қатысты ұрлық-қарлық өте жиі кездеседі. Мұндай қылмыстардан елге қомақты шығын келіп жататыны айтпаса да түсінікті. Уақытша ұстау қоймаларындағы бақылауды күшейтетін кез келді.

Қытай бізден «артта» қалған

Жегендері миллиардтап саналатындар көбейіп барады. Осылай жалғаса берсе, Қытайды қуып жететін шығармыз… Қытайдың Ұлттық банкі 1990-2009 жылдар аралығында шетелге қашып кеткен шенеуніктердің елден ұрлап әкеткен активтері 114 млрд. долларды құраған екен. 19 жылда. Ал біздің елде он жыл ішінде (!) 140 млрд. доллар шетел асқан. Статистика келтіре кетейік, Қазақстаннан қаржы жымқырып қашқандардың саны жалпы 1600-ден асыпты. Олардың 1558-іне мемлекетаралық, 60-ына халықаралық іздеу жарияланған-ды.

«Соңғы 5 жылда жемқорлық қылмыстардың нәтижесінде 70 млрд. теңге шетел асып кеткен. Халықаралық іздеуде жүрген 47 жемқордың 28-і жақын және алыс шет мемлекеттерден елге экстрадицияланды», — деп мәлімдеген өткен жылдың аяқ шенінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев. Сонымен қатар, ведомство өкілі елімізде соңғы екі жылда жемқорлық фактілері мен ұсталған лауазымды тұлғалар бойынша статистиканы жария еткен еді сонда. «Екі жыл ішінде 1800 лауазымды тұлға жауапқа тартылса, оның ішінде 21 тұлға республикалық деңгейде, 120-сы облыстық, 313-і қалалық және аудандық ауқымдағы тұлғалар. Жемқорлық бойынша келтірілген шығын 48,5 млрд. теңгені құрады, тәркіленген мүлік сомасы 32 млрд. теңге деңгейінде тіркелді», — деді А. Шпекбаев. 2014-2016 жылдар аралығында 660 лауазымды тұлғаға 3,5 миллиард теңге айыппұл салынып, 924 мемқызметкердің дүние-мүлкі тәркіленген.

Егер ел қазынасына қол салған жемқорлардың миллиардтары елге қайтарылып, елдегісі талан-таражға түспесе, қос өкпеден алған қазіргі қысылтаяң кезде үлкен көмек болары сөзсіз.

ЛӘЗЗАТ БИЛАН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған