Тәтті түбір еккендер тәжірбие алмасты

Меркі ауданында «Инновациялық тәсілдерді қолдана отырып, қант қызылшасын өсірудің өнімділігін арттыру» тақырыбында дала семинары өтті. Диханға да керегі осы. Себебі, аз шығынмен мол өнім алу қай кезде де керек-ақ, – деп хабарлайды «Elana» ақпарат агенттігі.

Қызылша өсіруде айтарлықтай тәжірибесі бар дихандардың «балтамыр баптап, бармағымды жаласам» деген өзге шаруаларға білгенін үйрете отырып, өзара тәжірибе алмасуы мақсат етілген семинарға аймақ басшысының орынбасары Мұратхан Шүкеев, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев, аудан әкімдерінің орынбасарлары, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшылары, шаруашылық жетекшілері мен тыңайтқыш және өсімдік қорғау құралдарын өндіру-жеткізу мекемелерінің өкілдері қатысты.

Шаруалардың қант ызылшасын өндіруде әлеуетін арттыруға арналған шара «Трансфер» шаруа қожалығының тамшылатып суару әдісімен өсірілген қант қызылшасы алқабымен танысудан басталды. Өз кезегінде шаруашылық басшысы Владимир Бондаренко 11 гектарға отырғызылған «Тиссерин» сұрыпты тәтті түбірді күтіп-баптаудың қыр-сырын баяндап, аталған өнімнен гектарына 1000-1080 центнерге дейін өнім алуға болатынын сөз етті. Қазірдің өзінде бұлаталған сұрыпты тәттітүбірдің біреуі 2,5-3 келі тартатын көрінеді. Қожалық иесі бұдан өзге мол өнім алу үшін мамыр айын күтпей-ақ, наурыз айының соңғы 10 күндігінен бастап дән себе беруге болатынын сөз етіп, жерге тыңайтуда қолданылатын әдіс-тәсілдермен бөлісті.

Бұдан бөлек, семинарға қатысушылар «Сыпатай батыр» ЖШС-нің 100 гектарға жаңбырлатып суару әдісімен отырғызылған қант қызылшасы алқабына барды. Мұнда серіктестік басшысы Қанат Шайхиев «Тиссерин» сұрыпты дақылды органикалық заттармен қоректендіру, суару сияқты тәсілдерді кеңінен әңгімеледі. Сонымен қоса Қанат Шайхиев шаруалардың тыңайтқыш беруде қиындыққа тап болатындығын. Олардың көбісі егін егетін жердің топырағына сараптама жасамай, қай өнімге, қай жерді қандай тыңайтқышпен құнарландыруға болатынын екшемей, өз білгендерін жасаудың кесірінен жер азып-тозатынын айта келе, дихандарға топырақтың құнарлылығын зерттеумен айналысатын орталық қызметкерлері қол ұшын созса деген ұсынысын айтуды да ұмытпады.

Мұратхан Жүнісәліұлы облыста 5,6 мың гектарға қант қызылшасы отырғызылса, оның 2 мың гектары Меркі ауданының 274 шаруасына тиесілі екенін сөз етіп, семинар өткізудегі басты мақсат шаруалардың білімін жетілдіру су үнемдеу технологиясын меңгерту, оларға жан-жақты қолдау көрету екенін жеткізді.

Егін басынан бастау алған семинар Сұрат ауылындағы ауылдық клубта қорытындыланды. Жиында Қазақстанның қант, азық-түлік және өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Айжан Наурызғалиева, «Грим» ЖШС басшысы Мұрат Мұқанов, Түркиядан арнайы шақыртылған «BETA ZIRAAT ve TICARET» компаниясының өкілдері сөз алып, өз ойларын ортаға салды.

 

 

Әлім Мұратов

Жамбыл облысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған