Тәуелсіздіктің тау тұлғалары: Есіл Ер – Иманғали Тасмағамбетов

«Кезінде біз ұлт ретінде жер бетінен жойылып кете жаздадық. Ақтабан халықтың «Қаратаудың басынан көш келеді» деп зарлағаны да, Баба Бұқардың жер тіреніп:

«Еділді келіп алғаны – етекке қолды салғаны,

Жайықты келіп алғаны – жағаға қолды салғаны»-деп жырлағаны да бар қазақтың жадынды. Араға үш ғасыр салып, сол күпті көңіл, алаң күй тәуелсіздіктің таңында тағы да туды. Осы тұста Елбасы астананы Алатаудан Арқаға көшірмегенде, қазақ ендігі “Еділді” емес, «Есілді» жоқтап қалар еді. Осы тарихи шешімі үшін ғана қазақ халқы Елбасының алдында мәңгілік қарыздар!
Бұрынғылар “Ұлылар – екі дәуір алмасқанда туады” деп бекер айтпаса керек. Сөз жоқ, аумалы-төкпелі, ең қиын кезеңде ел тізгінін алған азаматқа үлкен жүрек те керек, қайратты білек те керек, ең бастысы – оны қолдайтын тілекші халық керек. Олай болса, бүгін міне ұлтымыздың рухани қуатын, қайыспайтын қара нардай қайратын, арыс алдаспандай сенім мен жігерін желдің жүзіне суарып, шыңдап жатқан уақыт – Елбасының  Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендігінің алдында басын иеді. Бұл еселі еңбек – елінің есінде, тарихтың төсінде мәңгілік қалатын Таутұлғаның теңдессіз мирасы! Тәңірі мойнына таққан талассыз тұмары!»

Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің ҚР Тәуелсіздігінің

20 жылдығына арналған

салтанатты жиында сөйлеген сөзі

 15 желтоқсан, 2011 жыл, Астана, Тәуелсіздік сарайы

                        Есіл – Ер

Жау қайырған намысының өртімен,

Бабаларым шеттерінен өр кілең.

Қаймақтарын дым қалдырмай солардың

«Отыз жеті» сыпырды-ау деп қорқып ем.

Сыпырса да сарқыншағы қалыпты,

Халық-Ана туады екен алыпты.

Ұлтын сүйген Ерлерімнің рухы

Ұрпағына мирас болып дарыпты.

«Сарыарқадан салып берген Астана

Қазақ мәңгі қарыз болды патшаға»

Сол қаланы қызғыш құстай қорып жүр

Имаш ағам ұялатпай жат сана.

Жаһандану, қандай қусың жымиған,

Жымиғанмен сақталмаған бір ибаң.

Алаш Елін ала-алмассың сен жаулап,

Қорғаушысы – Құдай және Нұр-Иман.

Елін бастап бара жатқан құт, арға

Ерін елі ардақ тұтпай ұтар ма?

Ханның жалғыз қасиеті үшін халықшыл

«Абылайлап» жыр толғаған Бұһар да.

Имаш аға, сөзіңді естіп кесімді,

Еміреніп, әрең жидым есімді.

Дәл өзіңдей Есіл Ерлер тұрған,

Ел ешқашан жоқтамайды Есілді.

©Серік СЕЙІТМАН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған