Төлеген Айбергенов туралы 10 дерек

1. Биыл көзі тірі болғанда ақын Төлеген Айбергенов 80 жасқа толар еді. Бізде «ақын» деген атаудың арзандап кеткені соншалық, сол сөздің жанына субъектінің айырық-айырмасына қарай күшейтпелі есімдік қосқығымыз келіп тұрады. Бірақ, Төлеген сияқты қадау ақындардың тегеуріні өзіне ешқандай теңеуді дарытпайды. Ол шын мәнінде ақын еді. Шығармашылық бабына келген 30 жасында мезгілсіз өмірден озған ақынның Қасымнан кейінгі қазақ поэзиясына жаң түр, өзгеше өң бергені жасырын емес.

2. Төлеген Айбергенов Қарақалпақ елінің Қоңырат ауданында дүниеге келген. Ташкенттегі Низами атындағы педагогикалық институтты бітірген ақын жастайынан шығыс шайырларының жырларын жаттап өседі. Оның өлеңдерінің негізгі кредосы өмірге, туған жерге деген сағыныш болды. Шет жайлап, өзге ортада өскен ақынның тағдыры шығармашылығына әсер етпей қоймайды. Соның ықпалынан қазақ даласына арналған отты жырлар өмірге келді. Ақынның «Аруана – бауыр дүние» деген өлеңін оқыған сайын, шеттегі қандастарымыздың шерменде көңілі мен жанайқайы жүрек қылын тілгілеп өтеді. Төлегеннің поэзиясы туралы жазушы Әбіш Кекілбаев: «Төлеген Айбергенов творчествосы – өлімді жеңіп шыққан өмір шаттығының жыры», – дейді.

3. Жиырмадан енді ғана асқан шағында қазақ поэзиясының төрінде жарқ ете қалған ақынды әдеби орта бірден мойындайды. Әбділдә Тәжібаев ақынның өлеңдеріне алғаш алғы сөз жазып, баспасөз бетіне жариялайды. Соған қарамастан ақын көзі тірісінде Жазушылар одағының мүшелігіне өтіп үлгермейді. Қазір Төлеген Айбергенов атындағы әдеби сыйлық бар.

4. Төлеген Айбергеновтің ақын інісі Мұхтар Шахановқа арнап жазған «Сағыныш» атты өлеңі әдеби, мәдени ортада кеңінен танымал болса, қарапайым халық оның «Бір тойым бар» деген өлеңін жатқа оқиды. Дархан көңілді қазақтың бірінен соң бірі болатын тойлары Төлегеннің осы бір жырынсыз жетім болып қалатындай күй кешеді.

5. Ақын отбасында үш қыздың ішінде жалғыз ұл болып ерке өседі. Бір қызығы, өзінің де үш қыз, бір ұлы болады. Ақынның жары Үрнисаның айтуы бойынша, «Бір тойым бар» деген өлеңді Төлеген «жұбайы тағы бір ұл баланы дүниеге әкелсе» деген арман-тілекпен шығарған екен.

6. Төлеген Айбергеновтің таланты туралы Әбіш Кекілбаев: «Кейінгі жылдары Қадыр Мырзалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Мұқағали Мақатаевтардың кесек-кесек ақындық тұлғамен көрінуі жас қауымда орынсыз көбейіп кеткен өлеңшілер тобының қатарын саралаңқырап, ақындықтан дәмелілерге өзінше бір еріксіз сұрыптау жасады. Сол сұрыптауды суырылып ілгері шыққандардың бірі – Төлеген Айбергенов», – дейді. Қашанда әдебиет туралы анығын айтатын жазушының бұл пікіріне ойлы оқырманның алып қосары жоқ. Төлеген сияқты таланттарға қай кезеңнің сыйлығын тарту етсең де артық етпейді. Ақынның шығармашылығына Мемлекеттік сыйлықты кезек күттірмей беру керек.

7. Бізде тұлғатану саласы ақсап тұр. Керек десеңіз, оны үлкен ғылым ретінде айналымға еңгізу керек. Орыстың қай ақын-жазушысын алып қарасаңыз, ол туралы мәліметті ақпарат кеңістігінен тез арада тауып аласыз. Тіпті шығармашылықты былай қойып, өмірде болған ұсақ-түйек нәрсенің бірінде қалдырмай жазады. Төлегеннің зерттелмей жатқан өлеңдерімен қоса өлімінің өзі үлкен жұмбақты, тылсым сырды ішіне бүгіп жатқандай көрінеді.

8. Төлеген Айбергеновтің «Сағынбай барсаң таулар да сенің, алдыңнан шықпас асқақтап» – деген өлең жолдарын шекараның кіре берісіне алтын әріптермен жазып қойса да артық емес. Сағынбай, сүймей тұрып өлең жазбаған ақынның оптимистік жырлары адамды өмірге өзгеше қырынан қарауға үйретеді.

9. Төлеген сияқты өмірден ерте кеткен таланттарды еске алғанда Василий Шукшиннің «Адамның құлпытасына оның кім болғанын емес, қандай болуға қабілеті жететін еді деп жазу керек», – деген сөзі ойға оралады.

10. Шын таланттар алыстаған сайын биіктей беретініне Төлеген сияқты қаламгерлер еріксіз көзімізді жеткізеді. Өмірден озғанына жарты ғасыр өткен ақынды халқы сағынып, шарқ ұрып іздей бастады. Оқырманды рухани азықтандырып отырған Төлеген Айбергеновтің шығармашылығы мен мерейтойы мемлекет назарынан тыс қалмайды ғой деп ойлаймыз.

Бағлан Оразалы

http://adebiportal.kz/kz/news/view/19159

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған