Төрткүл әлемдегі Қытай феномені

Әлем саясаткерлерінің осыдан 20 жыл бұрын: «Қытай экономикасының өсу қарқыны арта берсе, бара-бара әлемдік экономикада көшбасшы ауысып, АҚШ-тың орнын Қытай басады», — деген болжамдары бүгіндері өмір шындығына айналып отыр. Бүгінгі таңда Қытай экономикасының даму қарқыны мен жылдық жалпы ішкі өнім өндіру жөнінен Еуроодақты, Жапонияны басып озып, қазір АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұр. Дегенмен, білікті сарапшылар: «Әлемдік экономиканың нағыз көшбасшысы болу үшін Қытай экономикасы қазіргіден 2,5 есе өсуі қажет. «Жаныңдағы досың соқыр болса, бір көзіңді жұмып жүр» дегендей, өз экономикасын қарқынды дамыту үшін Қазақстан да болашақты бағдарлап, өзі өндіретін тауарларды өткізетін нарықты айқындап, олардың сатып алу мүмкіндігіне қарай нақты жоспар құруы керек.

Себебі әлемдік экономиканың локомотиві саналатын АҚШ-тың өзі қазіргі күнгі нарық жағдайында қиын жағдайды басынан өткеріп отыр. Аталған елде 2007 жылдан бері экономикада ілгерілеу нышаны байқалмады, есесіне сыртқы берешегі өсіп, оның мөлшері 15 триллион доллардан асып кетті. Соның салдарынан елдегі жұмыссыздық 8 пайыздан артты. Биліктің дағдарысқа қарсы қолданған жалғыз шарасы айналымға артық ақша шығарумен шектелді. Ал бұл елдің ұлттық валютасы доллардың құнсыздануына ықпал етті. Осылайша АҚШ экономикасы қазір өздері қолдан жасаған «жалған ақша» көмегімен өмір сүруде. Сол себепті де «доллардың өмір сүруі» үшін күрес Ақ үй басшыларының бас ауруына айналған. Егер Трамп билігі бұл мүмкіндікті уысынан шығарып алса, Ақ үй басшыларының болашаққа жасаған барша үміттері желге ұшады. Себебі бұл елдің жылдық ішкі жалпы өнімінің сүбелі үлесі мол мөлшерде басылып шығарылатын халықаралық валюта аталатын «тауарға» тиесілі. АҚШ-тың натуралды өнім өндірісі 12 триллион доллардың ар жақ, бер жағы ғана. Дамудың шарықтау шегіне жетті деген мемлекеттің көрген күні осы болса, басқа елдерге не жоқ. Соған қарағанда әлемдік экономика таяу болашақта түзеле қояды деуге сену қиындау», — дейді.
Бұл үрдіс әлемдік экономикадағы өзіндік орны бар Еуроодаққа да тән. Бүгіндері Еуроодақ елдері де бастарынан аса күйзелісті кезеңді өткеруде. Иә, Еуроодақ экономикасының да айдарынан жел есіп тұрған жоқ. Оның АҚШ-тан жалғыз артықшылығы — аймақтағы жалақының жоғарылығы. Мұны да місе тұтпаған еуро-палықтар «жалақыны өсіруді» талап етіп, әр елде дүркін-дүркін наразылық шерулерін өткізуді әдетке айналдырған. Бұл өз кезегінде аталған елдердің бюджетінің жыртық-тесігіне қамсау болып отырған туризм саласынан түсетін кіріс көлемін құлдыратып жіберді. Аталған аймақта жұмыссыздық деңгейі 15 пайыздан асып кеткен. Ал ол осы елдердің ішкі жағдайын қиындатып, саяси-әлеуметтік текетіресті барған сайын күшейте түссе, бұл өз кезегінде Еуроодақты әлсіретуге ықпал етеді. Дүниежүзі бойынша Еуроодақтағы тауар мен қызмет бағасы ең жоғары деңгейде. Ол жалақы мен басқа да міндетті төлемдердің өсіміне жол ашып, тауардың өзіндік құнын өсіріп жіберді. Сондықтан еуроның долларға шаққандағы бағамының көтерілуінің өзі аймақ үшін аса қауіпті болмақ. Жағдай осы ауанда өрбісе, еуротауар бәсекелестікке қабілеттілігінен айырылып, ел экономикасы «тақырға» отырады. Мұның соңы неге соқтыратынын алдын ала болжап айту мүмкін емес. Табиғат апатына жиі ұшырайтын Жапонияның жағдайы да мәз емес. Өйткені ядролық энергиядан бас тартып, жаңа энергия көздерін жасау мен экономияны қайта құрылымдау шаралары елге қымбатқа түскелі тұр. Бұл елдегі басты игілік — жұмыссыздықтың қорқынышты болудан қалғандығы. Мұндағы өндіріс негізінен «құлтемір технологиясы» күшімен атқарылатындықтан, өнімді көбейтуге не азайтуға болады. Тіпті өнімді азайтудың өзі жұмыссыздықты көбейтпейді әрі құлтемірлер «жұмыссыз қалдық» деп ереуілге шықпайды. Содан да болар, елдегі шығарылған тауардың сату бағасы өнімнің өзіндік құнынан бірнеше есе жоғары. Сары құрлықтың алпауыт елдерінің бірі саналатын Жапония болашақтағы экономикасы зор қарқынмен дамып келе жатқан Қытаймен үлкен бәсекелес бола алатын сыңайлы. Жалпы әлем үшін бұлардың арасындағы бәсеке бақталастықтан гөрі, әріптестікке негізделгені тиімді, себебі олар өнім өткізу базарын сақтаса, сатып алу мүмкіндігі мол базар әрқашан да экономиканың қозғаушы күші екені кәміл.
Қытай өз экономикасының қазіргі даму қарқынын сақтап қалса, өндіріс өнімдерін өндіру өсімін тоқтатпасы анық. Оның өзіндік себептері бар, атап айтқанда: елдің халқы сауатты; елдегі жұмыс күші арзан, соған сәйкес өнімнің өзіндік құны төмен; ғылыми инновациялық ізденістерге мол инвестиция тартылады; соңғы кездері Батыс өңірінің елдері өз өндірістік күштерін осы елге «ауыстыруда»; ең бастысы — елдегі саяси ұстаным тұрақты. Рас, осының барлығы Қытай экономикасына алдағы уақытта да бұрынғы кездегідей 10 пайыздық даму қарқынын сақтау аса қиынға түседі. Оған басты себеп — Қытай үшін ең алып базар АҚШ және Еуроодақ сынды аймақтарда тұтынушылардың сатып алу мүмкіндігінің азайып бара жатқандығы десек, артық айтқандық болмайды. Мәселен, әлемдік сарапшылар зерттеуіне иек артсақ, бүгіндері сатып алу мүмкіндігі Америкада 8, Еуроодақта 15 пайызға кеміген. Қазіргі әлемдік қаржылық және экономикалық дағдарыстардан кейінгі есті енді-енді жиып келе жатқан қиын жағдайда бұл көрсеткіштің алдағы уақытта да кеми берері сөзсіз. Әлбетте, оны қанша жерден әулие болса да, ешкім де тап басып айтып бере алмайды. Ел экономикасының даму іркілісі сыртқы әсерден болып отырғанын ескерсек, аспан асты елінің әлемдік экономика локомотивіне айналу мерзімі барған сайын ұзара беретін сынды. Осыны қаперге салған кәнігі саясаткерлер: «Егер төрткүл әлемнің халықаралық қаржы жүйесіне түбегейлі өзгеріс енгізілмесе, дүниежүзілік экономикадағы жаңа көшбасшының пайда болуына ең кемі жарты ғасыр уақыт керек.
Экономика дамуындағы қазіргідей жағдай АҚШ-ты қанағаттандырғанмен, ол кәрі құрлық Еуропаның жанына қатты батады. Ал оған басқаны былай қойғанда, АҚШ алпауыттарының өздері кіндігінен байланған, яғни көп жағынан оған кіріптар әрі тәуелді. Жағдайды ушықтыруға халықаралық тауар биржаларындағы шикізат құны да дағдарыстан естерін әзер жиып келе жатқан елдерге «жығылғанға жұдырық» болып тиіп отыр. Бұл, әсіресе, бюджеті мұнай экспортына «байланған» мемлекеттерге ауыр соққы болып тигелі тұр. Өйткені әлемдік нарықтағы мұнай бағасы қымбаттамай отыр, оған АҚШ пен Иран, сондай-ақ бірқатар араб елдерінің мұнай өндіру көлемін қысқартуға ыңғай білдірмей отыруы кері ықпалын тигізуде. Шындығына келсек, табыс пайдасын экспортталатын мұнай өнімдерінен емес, оның орнын алмастыратындай басқа химиялық элементтерден өндіруге ниет білдірмей, «қара алтынның» бағасы қымбаттай қоюы екіталай екенін түсінетін уақыт жеткен сияқты. Мұнайдың қазіргі бағасы оны басты сатып алушы АҚШ базары арқылы мүмкін болып отырғанын ескерген жөн. Дегенмен, Қазақстан іргедегі Ресей мен Қытай сынды қос екі алып мемлекетпен қазіргі қарым-қатынасын дамытып, нығайта берсе, біздің ел үлкен көштен қалмасы анық. «Жап-жақсы әнді пұшық келіп бүлдірді», — дегендей, қазіргідей тиімді жағдайды ішкі базардағы бағаны өсіріп жіберіп, өзіміз бүлдіріп алатынымыз бар (мысалы, азық-түлік пен жанармай бағасы сияқты). Сірә, сондайдан сақ болған абзал-ау, осы…

Ермек Сахариев

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған