Уатхан Заханқызы: Дәстүрлі өнерімізге өзімізден гөрі шетелдіктер қызығушылық танытады

 

Халқымыз көне заманнан бері асыл қазынасын, ұлттың бекзат болмысын, жүрек сыздатқан сағынышын, көңілдің нәзік қылын шертер сезімін, мұң-шерін осы өнер арқылы жеткізген. Рухани жәдігеріміздің ішінде мақтаныш етер бай мұрасының бірі – дәстүрлі әндер. Қазіргі дәстүрлі өнердің хал-ақуалы қандай? Ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтап жүрген кімдер? Жастар неге төл өнерін  жатырқап жүр? Осы және басқа да сұрақтарға жауап алу үшін, жас та болса ұлттық өнерді ұлықтап жүрген дәстүрлі әнші Уатхан Заханқызын редакциямызға арнайы қонақ қылып шақырдық.

  • Әңгіменің басын сіздің балалық шағыңыздың қалай өткенінен бастасақ? Дәстүрлі өнерге қанша жасыңыздан бастап келдіңіз? Осылай өнерлі болуыңыз қаннан келген қасиет пе, әлде…?
  • Бала кезімнен өнер саласына жақын болдым, кішкентайымнан ән айтып, сахнада өнер көрсеттім. Негізі, адам тегіне тартады деген рас екен. Біздің әулетте өнер жағынан ешкім құр алақан емес, нағашы жағымда өнерге жақын болғандықтан әкемнің қанымен, анамның ақ сүтімен дарыған қасиет деп ойлаймын. Ол кісілердің ән айтып, күй тартқанын жастайымыздан көріп өскендіктен, өнерге түбегейлі бет бұрдым. Дәстүрлі өнерге 2003 жылы Қарағанды қаласының Тәттімбет атындағы колледжінде оқып жүргенде келдім. Яғни, қолыма домбыра ұстатып, ән салудың құпиясын үйреткен Қазақстанның еңбек сінірген әртісі Мейірхан Адамбеков ағамыз. Содан бері, осы дәстүрлі өнеріміздің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген жайымыз бар.
  • Өнер саласында жеткен жетістіктеріңіз туралы айта кетсеңіз?
  • Ол үшін сонау «Әнші балапан»-нан бастау керек сияқты. Абай атамыз айтқандай, «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар, қалан!» -деп неткен көрегендікпен айтқан десенізші! «Әнші балапан» менің ғана емес, сол кездегі қатысушылардың талайының болашаққа жолын ашып берді деп ойлаймын. Сол кездерде де, қазір де облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып, жүлдеге ие болып жүрмін. Еңбегімді елеп, сый-құрмет көрсетіп жатқанына рахмет! Бірақ, мен өнерімді алған марапатыммен емес, халықтың қошеметімен бағалағанды қалаймын.
  • Бұрындары өнерпаздарға дипломның қажеті болмағанын білесіз. Ал қазір арнайы маман атанып, оқуын оқып, сертификат алуың керек. Сіз де алған біліміңізді ары қарай шыңдап жатырсыз ба?
  • Сіздің айтқан сөзіңіздің жаны бар. Қазіргі кезде көптеген адам өнеріне емес, оқыған жеріне қарайтыны жасырын емес. Ал бұрындары тек өнерің болса, ханнан артық құрмет тұтатын. Біз де ел қатарлы алған білімімізді ары қарай шыңдау үшін еңбектеніп жүрген жайымыз бар. Қарағандыдағы колледжімді аяқтаған соң, Алматыға келіп, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясына оқуға түстім. Ол жерден өнердің жілігін шағып, майын ішкен халық әншісі Рамазан Стамғазиев ағамыздан дәріс алдым. Кейін оқуымды жалғастыра келе, ҚР еңбегі сіңген өнер қайраткері Ардақ Исатаевадан тәлім алдым. Қазіргі уақытта осы өнерді жалғастырып жүрген жайымыз бар.
  • Атқарып жүрген қызметіңіз жайлы айта кетсеңіз? Шәкірт тәрбиелеп жүрсіз бе?
  • Мен «Сүйінбай сазы» этнографиялық ансамблінде әнші және Сара Назарбаеваның қолдауымен құрылған «Бөбек» қорындағы «Өзін-өзі тану» гуманитарлық колледжінде дәріс беріп, шәкірт тәрбиелеп жүрмін. Тағы басқа ұлттық өнерді ұлықтаған жерлерге барып, өнер көрсетіп тұрамыз.
  • Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып шығу оңай емес. Шәкірттің де шәкірті, ұстаздың да ұстазы болады. Сізге осы күнге дейін қолдау көрсетіп, қошемет білдірген ұстазыңыз бар ма?
  • Әрине, ондай адамдар көп. Бірақ, олардың ішінде Рамазан Стамғазиев ағамды айрықша атап өтіп, рахметімді айта кеткенім жөн сияқты. Себебі, менің өзіндік болмысымды, орнымды табуға сол кісі көмектесті.
  • Халыққа дәстүрлі әнді насихаттау мақсатында іссапарға жиі шығып тұрасыздар ма? Қазақстаннан басқа елдер біздің өнерімізді қалай қабылдайды?

– Жақында ғана ансамбль жеке концерт өткізді. Бізде демалыс деген аз. Шығармашылықтың адамы болғандықтан, үнемі ізденісте жүреміз. Шындығын айтқанда, гастрольге Қазақстан қалаларынан гөрі, шетелге көп шығамыз. Мысал ретінде, жақында ғана Түркияға барып келдік. Бұдан бөлек, Париж, Белоруссия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Ресей сынды елдерде өнер көрсеттік. Ол жақта бізді өте жылы қарсы алып, өнерімізге құрметтерін көрсетіп жатады. «Этно» деген сөздің өзі ескілік, көне деген мағынаны білдіретін болғандықтан, біздің көне дәстүрімізге басқа елдің қызығушылығы өте жоғары, құрметпен қарайды деп айта аламын. Бізге ең қажеті халықтың ыстық ықыласы мен қошеметіне шабыттана түсеміз.

– Сонау ғасырдан бері келе жатқан дәстүріміз 21 ғасырға келгенде ақсаңқырап тұр. Осының мәні неде деп ойлайсыз? Өсіп келе жатқан жас ұрпақ бұны тек ескілікті ансау деп қабылдайды. Осы мәселені қалай ретке келтіреміз?

– Иә, дәстүрлі өнердін қазіргі жағдайы өте ауыр. Жастар рок, поп, джаз сияқты әндерді тындауды жақсы көреді. Жастар тұрмақ кейбір үлкен ата-апаларымыз тындамаған соң басқа не айтамыз?! Бұны жоғарғы билік қолдамаса дамуы қиынға соғады. Біз қанша тыраштанып, еңбек еткенімізбен халықтан, биліктен ешқандай қолдау болмаса, түптің түбінде құрдымға кетуі мүмкін. Баяғы кеңес одағы кезінде де халқымыздың салт-дәстүрі, өнері, қазақи болмысы жойылып кеткен жоқ. Қайта оны жандандырып, осы күнге дейін сақтап келді. Этнограф және сазгер А.В.Затаевич екі мың үш жүзден астам халық әндері мен күйлерін жазып алып, “Қазақ халқының 1000 әні” және “Қазақ халқының 500 әні мен күйі” деген жинақтар жариялады. Қазір осындай зерттеу жүргізіп, қазақтың жайын уайымдайтын адам өте аз. Бар болғанның өзінде қолының қысқалығынан зардап шегіп, ары қарай жүретін жолы жабылып қалып жатады. Осы мәселені билік қолға алса ғана оң шешімін табады деген ойдамын.

– Халық әні мен эстраданы үйлестіріп, жаңаша стильдегі туынды шығарар ойыңызда жоқ па?

Әзірге ондай қоғамға жарылыс енгізердей жаңалығымыз жоқ. Бірақ, халық әндерін эстрадалық ырғаққа салып, нақышына келтіріп шырқап жүрміз. Болашақ ұрпақ тындайтындай заманауи стильді қалыптастыру болашақтағы жоспарымызда бар. Әр әннің өзіндік тындармандары болады, артық қыламын деп тыртық қылмай, әннің сөзін жоғалтып алмай жаңашылдық енгізсек болады деп ойлаймын. Сосын, халық әндерін оңды-солды орындай беруге келмейді. Қазір теледидардан өзінің болмысына сай келмейтін әндер көп айтылып жүр. Әнді айтпас бұрын, алдымен тарихына үңіліп алғаны өте дұрыс болар еді.

  • Біздің оқырманға айтар жылы лебізіңіз?
  • Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Сонымен қатар, сіздердің ұжымдарыңызға шығармашылық табыс тілеймін. Ұлттық өнерімізді ұлықтаған мақалаларыңыз көп болсын деп тілеймін!

 

Сұхбаттасқан: Рамзия Айман

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған