Украинада Сақтардың алтын бұйымдары табылды

«Полтавщина» басылымы: «Полтавская облысында сақтардың отызға жуық алтын бұйымы табылды», — деп хабарлайды. Басылым хабарына сенсек, Харьков археологтары облыстағы Котелевский ауданына жататын Бельское қалашығынан Сақ дәуіріне жататын алтын заттарды тапқан. Сақ қорғанынан тауешкі бейнесіндегі, әйел әшекейі түріндегі алтын заттармен қатар алтын инелер де шыққан. Бельское қалашығы ерте заманда Гелон деп аталыпты. Археологтар бұл өңірді зерттеуді 110 жыл бұрын бастаған екен. Осы уақыт ішінде Сақ дәуіріне тиесілі осынша мол алтын бұйым бұрын соңды көзге шалынбаған. Биыл арнайы қазба жұмыстары кезінде бір ғана қорғаннан осынша көп алтын бұйымның шыққанына ғалымдардың өздері таңданыпты. Украина ғалымдары бұған дейін бұл қорған бірнеше рет тоналса да, қазба жүргізу барысында топырақпен бірге көп алтын бұйымдардың сауылдап төгілгенін айтады. Мамандар Украинадан табылған Сақ жәдігерлерін зерттеуге кірісті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған