Халықтың қоғамдық қабылдауларға көп баруы жақсылық емес

ҚКХП ОК хатшысы, Мәжіліс депутаты, көңілі ашық, қазақылығы басым Жамбыл Ахметбековпен жуырда ғана жолығып, емен-жарқын сұхбат құрдық. Риза болғанымыз: көкейтесті сауалдардың бәріне жалтақтамай жауап берді. 

ХАЛЫҚТЫҢ САЯСИ ТАНЫМЫ ӨСІП КЕЛЕДІ

— Құрметті Жамбыл Әужанұлы! Ел мен жерді аралап қайттыңыз. Халықтың көңіл күйі қалай екен?

— Бұрынғы кезбен салыстырғанда халықтың мінез-құлқы, ой-өрісі, саяси белсенділігі өте жоғары. Ертеректе жеке басының проблемаларын алға тартып, анау жетпейді, мынау жетпейді дейтін адамдар, заманға әбден бейімделгені сондай, үлкен әлеуметтік мәселелерді қозғай бастаған. Мысалы, облыс, аудан, ауыл әкімдерінен белсенділікті, жауапкершілікті талап ету. Ойларын бүгежектемей жеткізу. Күнделікті болып жататын саяси мәселелерге үн қату. Жасалып жатқан реформалардың арты қалай болады, оның болашағы туралы да еркін ой-пікір қалыптастыру. Ең әрісі ауылға дейінгі жол қанша жақсы болса да, қыстыгүні уақытымен тазаланып, күреліп тұруын, жаз болса автогридердің жүруін қадағалау. Ұялы телефон желісінің сапасын жоғарылатуды жоғары жаққа жеткізу т.б. Бұл да халықтың жағдайының дұрысталып келе жатқанының бір көрінісі.

— Көпшілік бүгінгі биліктен нені көбірек талап етеді? Қандай да бір айтары бар ма?

— Қай жерге барсам да (Атырау, Маңғыстау, Өскемен, Қарағанды, Шымкент, Тараз, Қызылорда) халықтың айтатыны: қызмет көрсетіп жатқан атқарушы билік өкілдері, әсіресе әкімшілікте отырған әкімқаралардың тұрғындарға немқұрайлы қарауы көптің наразылығын туғызып жүр дейді. Елдің өтінішін, талап-тілегін ескермеу, қабылдамау, немқұрайлы қарау да шынында шегіне жетіп тұр. Халық жоғары билік неге сондайларды тезге салмайды, жынын қағып алмайды деп ашулы. Сосын халықтың қоғамдық қабылдауларға көп баруы жақсы критерийге жатпайды ғой. Менің айтқым келетіні, халықты көп қабылдадық деп айту мақтаныш емес, керісінше аз келді деу — жетістік!

— Өз басыңыз облыс, аудан әкімдерінің жұмысына қандай баға бересіз?

— Сынаудың жөні осы деп, әділдіктен аттап кетпейін. Қыруар жұмыстар жасап жатқанын көзім көрді. Обал-сауап деген бар. Халық үшке бағалап жатса да, мен сәл көтермелеп, төрт деген баға қояр едім.

— Бұл жолы қай облысқа жол түсті?

— Ақтөбе облысындағы Мартық ауданында болдым. Медицина саласындағы сақтандыру мен халыққа медициналық қызмет көрсету бойынша және халықты ақысыз медициналық препараттармен қамтамасыз ету мәселесі қай деңгейде екенін білу үшін көптеген емханаларды, дәріханаларды, ауруханаларды араладым. Жалпылама айтқанда, медициналық қызмет көрсету жайы жаман емес. Бірақ «әттеген-айлар» да кездеседі. Көрген-түйгенімді Үкіметке депутаттық сауал етіп жолдау ойда бар.

— Ақтөбедегі діни ахуал қалай екен?

— Экстремизм мен терроризмнің Ақтөбе облысынан көптеп шығуына не себеп деген тұрғындардың да өз тұжырымдама ойлары бар. Бұл — теологтар мен саясаткерлер әлі де зерттей түсетін түйткілдердің бірі. Осы жерде айта кетейін, сапар барысында террористік шабуыл жасаған әскери бөлімшеге барып, қайтыс болған азаматтардың ата-аналарымен кездесіп, мемориал аштық. Мемориалда тосыннан жасалған шабуылға қарсылық танытқан, батырлық үлгісін көрсеткен жауынгерлерге марапаттар табыстадық.

— Сауапты іске мұрындық болған екенсіздер, қабыл болсын!

КИІКТЕРДІҢ ҚЫРЫЛУЫНА ҒЫЛЫМИ НЕГІЗ ЖОҚ

— Жәке, осы арада әңгіме шеңберін 180 градусқа бұрғалы отырмын. Сіз күні кеше Парламенттің жалпы отырысында Үкімет басшысына сахараның көркін кіргізген ақбөкендерге қатысты депутаттық сауалыңызда асыл қазынамыздың бiрi киiктердiң жойылып кету қаупi төнiп тұр. Жануарларды мүйiзi үшiн қынадай қырған браконьер-қарақшыларды айтпағанда, соңғы жылдары орын алған табиғи апаттар киiктердiң қырылуына, тіпті Қазақстанда мүлде жойылып кетуiне ұласуы мүмкiн деген қауiпке негiз болып отыр дейсіз. Ал қарапайым халық киіктің қырылуына қазақ даласына құлаған протондардан тараған гептилді айыптайды.

— Менің бұған түрлі күдігім бар. Иә, кезінде жұрт сан-саққа жүгіртті. Болжам көп. Менің протон мен гептилді айтпаған себебім: ғылыми түрде дәлелденбеуінде. Еліміздің ғалымдарының нақты шешімін айтпауында. Сондықтан өзім кішкентайдан көріп өскен киіктерді қорғауға атсалысқым келді. Алайда ғылыми негізі жоқ айыптаулардан іргемді аулақ салдым. Әйтсе де, азамат ретінде, халықтың бір мүшесі ретінде протон мен гептилді жоққа шығара алмаймын.

— Сіздің жақсы каратист, бір кездері тәуір асаба болғаныңыздан ел құлағдар. Әрине, депутат болғалы біреуді ұрып құлатпасаңыз да, өткір ойыңызбен соққы жасауға шеберсіз. Асабалық қабілетіңіз де Парламентте кібіртіктемей батыл сөйлеген кезіңізде көрініс береді. Алайда бойдағы өнерді дамытып отырмаса, құрдымға кетуі мүмкін ғой. Қол боста «ескі достарыңызбен» араласып тұрасыз ба?

— Мақтанды демеңіздер, мен биыл Қазақстандық У-шу, Кон-фу федерациясының президенті болып сайландым. Демек, мені ұмытпаған… Ал асабалықпен сонау қиын-қыстау 90 жылдары күнкөріс үшін айналыстым. Сөйтіп нәпақамды тауып, бала-шаға асырадым. Бәлкім, асабалыққа жақын болуым ауылда қазақша оқып, ән-күйді естіп өсуімнен шығар. Қазір, расын айтайын, асаба болуға қол да тимейді, сосын бүгінгі той жүргізу мәнері де жаңарды. Асабалардың деңгейлері биік. Мен олардан қалып қойдым. Бірақ таныстарым отырған жерде шама-шарқым жеткенше «шабатыным» бар.

— Жәке, сіз коммунистік партияның мүшесісіз. Жан-тәніңізбен оны қорғайсыз. Алайда олардың күні кеше қазаққа жасаған қысастығы мен зобалаңы, алаш арыстарына көрсеткен қорлығы жайлы бір сәт ойланып көрдіңіз бе?

— Ойланып көрдім. Сөзіме сенсеңіз, осындай жағдайдың бір кездері орын алғанына менің де ішім күйеді. Бірақ өзімді тоқтатып, саяси ұстанымыма сеніммен қарауға тырысамын. Бәлкім, бізге қасірет әкелген сәтсіз практиканың нәтижесі шығар. Жалпы идеология мен тәжірибені алмастыруға болмайды. Екеуі екі бөлек нәрсе ғой. Мысалы, оппозициялық партияларды қудалау, ұлт-азаттық көтерілістерін аяусыз жаншу, халықты ашаршылыққа ұшырату, бетке ұстар қазақ азаматтарын репрессия құрбанына айналдыру, әрине, құптарлық дүние емес. Оны бүгінгі біздің жаңарған халықтық коммунистік партия талай рет айтып, жазғырды да. Келешекте сондай зобалаң болмауын біз қатты назарда ұстап келеміз.

— Өз басыңыз коммунистік идеологияның келешегі туралы не ойлайсыз?

— Оған жауабым дайын. Алдағы уақытта біз өз идеологиямызды сақтай отырып, (сол идеологияны қазір іске асыра алмасақ та), кейінгі ұрпаққа, осы өзгермеген қалпында жеткізіп, болашақ ұрпақ әлеуметтік мемлекетті құруға атсалысып, дамытып алып кетсе деген ойдамыз.

— Тарихқа жетік екеніңіз байқалады, Жәке. Құдайдың құдіретін қараңызшы, Қазақстан Парламентінде коммунистердің ата жауы болған Алаштың жоғын жоқтаушы «Ақ жол» партиясы иықтасып қатар жүр. Олармен коммунистердің қарым-қатынасы қалай бүгінде? Ұрпақ алмасқанымен, ескі «кектер» байланыстарыңызға сызат түсіріп жүрген жоқ па?

— Жоқ, әрине. Біз бәріміз тәуелсіз елдің ынтымағы жолында біргеміз. Жанжалдасып, жаға жыртысудан аулақпыз. Негізінен Алаш қайраткерлерінің ел үшін жасаған қызметтерінің кезінде дұрыс болғанын мойындаймын.

— Қазақ ретінде алаш қайраткерлерінен кімдерді қадір тұтасыз?

— Әлихан Бөкейхановты.

— Большевиктерден ше?

— Бұл сауалыңызға жауап бермей-ақ қояйын.

— Сұхбатыңызға рақмет!

 Сұхбаттасқан Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған