Халық депутаттарға неге сенбейді?

Облыс-облыста іссапарда жүргенде халық қалаулылары депутаттар жайлы қалың бұқараның сауалдары, күмәндары көп. Олардың өз жұмыстарын дұрыс атқармайтындары, ешқандай мәселелерді аяғына дейін шешпейтіндіктері туралы жиі-жиі әңгімелеп, «біздің осы пікірлерімізді депутат-тарға құлаққағыс етсеңіздер» деп халық үшбу сәлем айтып жатады.

Әрине, кейбір депутаттар кездесіп қалғанда көпшіліктің осы сәлемін жеткіземіз. Бірақ олардың дені жақтырмай қалады да, жауаптан сырғақтап, біздің жанымыздан тезірек кетуге тырысады. Рас, шындығын айта кету керек, күнделікті өмірімізде болып жатқан көкейтесті мәселелер жөнінде депутаттар үкіметке сауалнамалар жолдап жатады. Кейбір маңыздыларын газетімізге береміз. Бірақ, өкінішке қарай, олардың сауалнамаларының қалай орындалып, жүзеге асып жатқандықтары, нәтижелері жөнінде естімеппіз. Сірә, депутат мырзалар «Біз ұсындық. Олар орындауға міндетті. Қалғаны біздің жұмысымыз емес» деп ойлайтын шығар. «Мәселелерді аяғына дейін шешпейді» деген халықтың уәжі дұрыс па деп ойлаймын.

Осыдан он шақты жыл бұрын өкіметіміз Дін туралы заңды қайта қарап, оның осал тұстарын, олқылықтарын, алғашқы жасалған кездегі асығыс-үсігіс жіберілген «әттегенайларын» түзетуге, жаңа заң жобасын халықтың талқылауына ұсынды. Бұрын депутаттар өзді-өзді шүңкілдесіп, мұндай заңдарды зауыт, фабрика сынды «оптом» шығара беруші еді. Діннің маңыздылығын ескеріп, өкімет халықпен ақылдасып алуды жөн санағаны зиялы қауымды да зор қуанышқа бөледі. Расында да, дәл сол кезде діни ахуал Қазақстанда әбден асқынып, әлемдегі барлық дін, секта біткен біздің қойны-қонышымызға қандала сияқты кіріп алған болатын. Сонымен, жер-жерде заңның жаңа жобасын талқылау басталды. Алматыдағы жиналысқа оннан аса депутат бір-ақ келді. Депутаттар да, халық та белсенді. Әсіресе олар кім көрінгенге құрық салдыратын діни ұйым ашу жөніндегі бапқа қатты шүйлікті. Қайткенде де бұл бап өзгеру керек. Халықтың талабы да осы. Бұл жөнінен мүфтияттан келген өкіл де кесімді пікірлерін ортаға салды. Бұл басқосу таңнан кешке дейін созылды. Түс ауа секта өкілдерінің қарасы да көбейіп, тайталасты сәттер де болмай қалған жоқ. Қазақстанның негізгі иесі біз емес, олар секілді тіптен. Өктем, үстем күйде бұйырып сөйлейді. Бізді менсінбегендей түр танытады. «Сендердің әуселелеріңді еңсесі биік, тұғыры нық жаңа заң шыққанда көреміз» деген нық ойда отырдық.
Өкінішке орай, жаңа заң біздің діттегеніміздей шықпады. Бәріміз ұлардай шулап өзгертуге күш салған бап көңілдегідей өзгермеді. Басқа да кемшіліктері бар. Үстем, өктем басқа секталардың дегені жүзеге асты. «Таз ашуын тырнадан аладының» кебімен талқылауға қатысқан депутаттарды кінәладық, кездескенде олардың қауқарсыздығын бетіне бастық. «Ел ерге қарайды, ер жерге қарайды» деген осы екен-ау…

Депутаттардың көбісінің табансыздығы, халықтың талаптарын аяғына дейін орын-дамайтындығы, «сен тимесең, мен тимендігі», жауапкершіліктің аздығы, жалпақшешейлігі бізді де, халықты да қынжылтады. Әйтпесе оларға жасалған жағдай ханның жағдайындай емес пе? Жақында ғана айлықтарын 1 млн. теңгеге жеткізді. «Бұрын қолымызда аса зор билік жоқ» деп ақталатын. Енді Президентіміз өзіне тиесілі пәрменді билік тегершіктерін үкіметке, парламентке бөліп берді. Бұдан артық енді қандай жағдай жасау керек?
Депутаттар елді араламайды емес, аралайды. Бірақ ол қолдан жасалған жасанды кездесулер. Жергілікті әкімшілік елге барған депутаттарды жақсы, жайлы жерлерге апарады. Қазір не көп, ел ішінде проблемалар жетерлік. Халықтың дені өз депутаттарын білмейді. Оларға наразы.

Біздіңше, депутаттарды сайлауға жіберерде олардың біліктілігіне, біліміне, мамандығына қарау керек сияқты. Қазіргі депутаттардың арасында білікті экономистер, заңгерлер, басқа да түрлі мамандық иелері жоқтың қасы. Көбісі бұрын әкімшілік саласында істегендер. Қызметтен шыққандарды осы парламент «ауласына» жібере салады. Тағы бір айтатын нәрсе сайлауға қатысушы үміткерлер мемлекеттік тілді білмесе, ол жерге жолатпау қажет. Сондай-ақ, үміткердің өмірлік тәжірибесіне, отаншылдығына, белсенділігіне, тіптен, ұлтшылдығына да ден қою керек сияқты. Әйтпесе депутаттардың арасында төрт жыл бойына үнсіз кететіндер де кездеседі.

Қадірлі депутат мырзалар! Сіздердің отырған орындарыңыз таудай салмағы бар, жауапкершілігі мол, қасиетті де киелі орын. Себебі сіздер халық қалаулысыздар. Халық — Алланың бір есімі. Халықтың сенімінен үлкен нәрсе жоқ. Сіз осындай орынға отырғаныңыз үшін бақыттысыз. Бақыт құсы бүгін бар, ертең жоқ. Осы бақыт құсы алақандарыңызда тұрғанда шын жүректен құлшына, адал белсенді жұмыс істеңіздер. Ертең өкінесіздер. «Қап!» деп сандарыңызды соғасыздар. «Шерағаң өй депті, бүй депті» дегендей, арттарыңызда сайрап әдемі із қалсын. Халық өзін шырылдап қорғаған ұл-қызын ешқашан ұмытпайды. Аллам әр пендесінің, құлының не істеп, не қойып жатқанын көріп тұр. Рухани жаңғыруды алдымен өзіңнен баста, қадірлі депутат! Сонда халқыңызға көмектесе аласыз. Халқыңыз сене бастайды. Шынын айту керек, сіздерге қазір халық сенбейді. Бұл деген депутат үшін ең үлкен жаза. Жазадан қалай құтылу керек? Ойланып, толғаныңыз, депутатым! Ол сіздің жұмысыңыз!

Ертай Айғалиұлы

Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одақтарының мүшесі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған