«Хан шатырды» жалаңаштар ордасына айналдырмайықшы!

Осыдан бір-екі күн бұрын Елордадағы «Хан шатыр» сауда, ойын-сауық орталығында қыздар іш-киіммен жүр деген ақпарат ғаламторда бұрқ ете қалды. Алғашында ақпаратты оқығаннан-ақ суретін қарауға жасқандық. «Бақсақ, бақа екен» демекші, күйеуі ғана көруі керек асылын жарнаманың «құрбанына» айналдырған ұяты төмен нәзік жандылардың басым көпшілігі қазақ қыздары екен. Өте өкінішті!

      Мейлі, олар орыс бола ма, болгар бола ма, «Хан шатыр» көрінгеннің ойына келгенін істейтін орын емес-тін. Көп ұзамай қара көз қазақ қыздары француздың қияли фото-суретшісі Жан-Франсуа Розьенің жуық арада бас қаламызда өтетін «Гипер-Астана» көрмесін жарнамалап жүргендігі белгілі болды. Бір әттеген-айы, өз еңбегін қолмен салынған суреттен артық көріп, көркем фильмдерді қарамауды әлі күнге жүрген жерінде ақыл етіп айтып жүрген гиперфотограф француздың атақты химигімен аттас екен. 31 жыл ғұмырын математика, физика мен химия саласына арнап, ұшатын әуе шарын ойлап тауып,  авиацияда үлкен жаңалық ашқан Жан-Франсуа Пилатр де Розьенің отандасы әрі аттасы, бүгінде әлемді таң қалдырып жүрген кәнігі фотограф екен. Кәнігі деуіміз де тегін емес. Қазақ қыздарының ұятты жерін көрсету арқылы көрмесінің көсегесін көгертуді мақсат еткен Жан-Франсуа өзін суретке түсіртпейді екен. Расында, өзінің туындылары жаман емес. Бұған дейінгі және Астананың гипер-фотолары Лос-Анджелестегі Анненберг қорында, Мәскеудегі заманауи өнер музейінде, Брюссельдегі мәдени-ботаникалық институтта, сондай-ақ, Луи Виттон, Бернар Магрез, Версаль сияқты коллекцияларда сақталатыны қуантқанын жасыра алмаймыз.

1450216675_fo2

Дегенмен, түр-тұлғасы келіскен сұлулардың тәнін жалаңаштатып, өнер көрмесінің жарнамасын жасап отырғанын түсіну қиын. Мұның астарында жымысқы ой, бөгде мақсаттың бары анық. Кезінде француз әйелдері ең әдемі деп әбден мақтап, ақыры Эйфель мұнарасымен, ғалымдары, өнер иелерімен әйгілі халықтың быт-шыты шыққанына тарих куә. Солардай азғындап кетпейік десек, қыздарымыз бен қарындастарымызды қызғыштай қоруды қазірден қолға алу керек. Әйтпесе, «Қыздың жолы – жіңішке» дегендей, айнаға қарап-ақ, сұлу мүсініне тәнті болатын әйелдер қауымының азғын жолға түсіп кетуі оп-оңай. «Хан шатырымызды» да, текті хандар билеген даламызды да жалаңаштардың ордасына айналдырып алмайық!

Ермұрат ШОПАН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған