Харам ақшаны садақа ретінде беруге болады ма?

Банкте сақтайтын ақшамнан көп пайда түседі. Адал ақшамнан түскен пайда харам ба? Оны алмауым керек пе? Әлде алып зекет немесе садақа ретінде берген дұрыс па?

Табысыңыз адал болғанымен, банк оны сізге өсім ретінде беретіндіктен ол – харам саналады. Ол ақша ешқандай сауда жасап, маңдай тер төкпестен келген пайда болғандықтан Алла тағала оны харам еткен. Құранда бұған қатысты:

«Әй, иман келтіргендер, Алладан қорқыңдар! Егер иман келтірген болсаңдар түскен пайыздық өсімді тәрк етіңдер. Егер олай жасамасаңдар Алла мен елшісі (пайыздық өсім алушыларға) жариялаған соғыстан хабардар болыңдар. Егер тәубеге келіп, пайыздық өсімнен бас тартсаңдар, капитал ақшаларың өздеріңдікі. Осылайша әділетсіздік жасамайсыңдар әрі әділетсіздікке ұшырамайсыңдар»,– делінген («Бақара» сүресі, 279).

Аяттағы тәубе дегендегі мақсат – адамның таза өз капиталына қатысты мәселе. Банктерден алған пайыздық өсім (процент) ислам шариғатындағы сауда немесе ортақтасу арқылы тапқан табыстың ешбіріне жатпайтындықтан адал саналмайды. Сондықтан кейбір ғалымдар: «Ондай ақша харам саналғандықтан оны алуға да, садақа ретінде де беруге де болмайды. Оны алып, жоқ қылып жіберу керек немесе тек қана лас жерлерде қолдануға(мысалы, әжетхана салуға) болады»,– деген. Бірақ, бұл өз кезегінде қаржыны желге шашып, жоқ қылу һәм қоғамда мұқтаж, кембағалдардың мүддесін көздеген шариғаттың рухына қайшы болғандықтан мәселені шешудің оңтайлы жолы емес. Сондықтан оны алмай банкте қалдыру, пайыздық өсімнің негізінде жұмыс ісейтін банктің күшеюіне, өсуіне жол ашатындықтан дұрыс емес. Қайта алып, қоғамдағы кедей, пақырларға беруге болады. Имам Ғазали бұған қатысты манадай дәлел келтірген екен. Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзіне сыйға тартылған қойдың етінің харам жолмен келгендігін білген кезде оны кедейлерге жібергізген. Сонымен қатар әзірет Әбу Бәкір де Византиялықтардың ирандықтармен шайқаста жеңіске жететіндігіне қатысты бәс тігіп, бәсі дұрыс шыққандығы үшін ұтып алған түйелерді де кедейлерге жолдаған.

Ислам пайыздық өсімді кедейлерден алынған әділетсіз табыс деп, оны пайдалануға қатаң тыйым салған. Сондықтан ешқандай зәрулік жағдай орын алмаса, мұсылман баласы пайызды алмауы да әрі бермеуі де керек. Ал енді, ондай жағдай орын алған болса, онда банкте жиналған пайыз нақты кімдікі екені белгісіз болғандықтан, ол қоғамның мүлкі секілді саналаып, оны қоғамға қайтару керек. Ол ақшадан берілген садақа да, зекет те оны тазартпайды. Өйткені артық ақша банктікі де, салған адамдікі де емес. Сондықтан ол ақшаны алып таратқан адам зекет пен садақаның саубын алмайды. Тек қолындағы лас ақшадан құтылғаны үшін сауап алуы мүмкін. Оны білгені жөн.

Алау Әділбаев

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған