ХХІ ғасырдың ақиқаты

Бүгін таңертең бұрынғы сүйіктімді жолықтырып қалдым. Күйеуге шығыпты. Аяғы ауыр екен. Біз сөйлестік. Сөйлескен кезде жүрегімнің дүрсілі бүкіл әлемге естілгендей алапат күй кештім. Оңаша қалғанша асықтым. Жалғыз қалған соң өзімді тыя алмадым. Көзімнен парлап аққан жасқа ерік бердім.
Біз ол екеуміз 5 жыл бұрын айырылысқанбыз. Шешімді бірге қабылдадық. Ол кезде кездесіп жүргенімізге 4 жыл болған. Бір-бірімізсіз тұра алмаушы едік. Күніне 24 сағат бірге жүрсекте еш жалықпайтынбыз. Бірге тамақтанып, жұмысқа бірге барып, киноны бірге таңдап, үнемі әңгімелесіп, етене жақын болыппыз. Екеуіміздің жүрегіміз егіздей көрінуші еді. Жұбымыз мәңгі жазылмайтындай еді.
Әрине, 4 жылдың ішінде көп нәрсені бастан кештік. Ұрысып та қалған кездер, кешірім сұрап, татуласқан шақтар болды. Менің сәтсіздікке ұшырайтын барлық ой-жобаларымды ол қолдап отырды. Біздің әлем мынау дүниеден бөлек, оқшау еді. Өз ғажабымыз өзімізде. Мен оны қалай қатты сүйсем, ол мені одан да қатты сүйетініне сенімім мол еді. Екеуіміз де мінсіз адам емес едік, бірақ тату болдық, сұмдық тату едік.
4 жыл өткен соң біздің қарым-қатынасымыз басқа бағытқа ауысты. Сезіміміз сарқылды деп шештік. Құмарлық қалмады. Айырылысайық деген мәмілеге келдік. Оның сезімінен босап, желкенімді керіп, жаңа өмір бастаймын деп желпінгенім әлі есімде. Үмітім зор еді. Сыңарымды табу қиынға соқпас, таңдау көп деп асылық ойға беріліп ем. Не деген ақымақтық десеңші!
Содан бері 5 жыл өтті. Маған осыдан 10-15 жыл бұрын менің өмірім осылай болады деп біреу айтса, күлер ем. Қазіргі көретінім – өте сұлу, ақылды қыздар және сымбатты әрі қалталы жігіттер көбіне жалғыз. Біз бірінші сыныпқа келгенде бүкіл бала жақсы көретін қыз болған. Егер маған сол қыз мектеп бітірген соң бақытсыз боп қалады десе, еш сенбес ем. Қазір ол жалғызбасты ана. Бір өзі баласын тәрбиелеп жүр. Ол 17-18 жаста өзінің өмірін басқаша елестететінін айтады. Бәрі ерекше болады деп күтіпті: көп балалы отбасы, жетістікке жеткен күйеуі, үлкен үй… Бұл арман әр қыздың арманы болар, бәлкім… Ал, өмірде бәрі басқаша болған. Қол көтеретін қызғаншақ күйеу, ажырасу, ұяттан жұрдай еркектер, жауапсыздықтың кесірі… Сұлулық байқауларына көп баратынмын. Сол жердегі менен бойы көп биік арулардың дені бақытсыз, жолы болмаған бейбақтар десе, сенбес ем. Өзім танысып, көзім жеткен соң түсіндім. Олар бақытсыз болса, басқалардың күйі нешік?
Менің жолдастарымның ортасында жағдайы нашар ешкім жоқ. Бәрі спортпен шұғылданады. Жұмыс істейді. Белсенді. Мәдениетті сұқбаттастар. Көбінің жасы 22-35 арасында. Өмір сүру салты, құндылықтарға деген көзқарастарымыз бізді біріктіреді. Ең қызығы – достарымның тең жартысы бойдақтар. Ең жаманы – олар осылай қала беруге бейілді екенін өзім де білемін. Бірде жақын досыммен кездесіп қалдық. Ол да кезінде сүйіктісін тастап, басқасын тауып алармын деп опық жеген мен сияқты ақымақ. Менің айналамда ол жігіт ең мықтысы дер ем. Ол маған жалғыз қалудың сценарийіне ешқашан алаңдамағанын айтады. Әйтеуір, біреуі кездесер деп сеніпті. Бірақ қазір ойы өзгеріпті. Қазір жалғыздықтан жақсысы жоқ деген тоқтамға келіпті.
Әлемді тұңғиыққа тартып жатқан бұл бөлініс қашан пайда болғанын дөп басып айта алмас ем. Бірақ жалғыздықтан жапа шегетіндер қатары күн өткен сайын көбейіп жатқаны ақиқат.
Қазір жасым 26-да. Мен көп нәрсені түсінемін, білемін, жасай аламын. Ақша табу мен үшін қиын емес. Өзгені сыйлау үшін, бағалау үшін өзімді дұрыс ұстай аламын. Күлдірткім келген адамымды күлдіртем. Жылатқым келгенді жылата да аламын. Кек сақтай да білем. Өзгенің жеккөруіне жол бере алам. Мен бәрінің дәмін көрдім. Бірақ қайтып сүю үшін не істеу керегін білмеймін.
Мен білмейтін жалғыз нәрсе осы. Көңіл күй, жүректің сыры, дүрсілі, сыйқыры – не деуге болады? Бұл шынында да тылсым. Жаратқанның ғана қолындағы сый. Мен үшін Құдай деген махаббат. Осындай сезімді жүрегіне қондырып тұрып қайтып ұшырып алған адамға обал жоқ. Бір рет сүйіп көрген соң махаббат ешқайда қашпас деп түйсінеміз. Махаббатты жоғалтудан артық бейшаралық жоқ. Егер сүйіктіңіз бола тұра, өзге біреу одан жас, сұлу, ақылдырақ көрінсе, мұның барлығы алдамшы, уақытша екенін түсініңіз. Бұл сынақ. Махаббат қана мәңгілік.
Құмарлық оты тез сөнеді, жас қыз тез қартаяды, бұрын керек болған нәрсе қажетсіз қалады, қызық көрінген қарабайыр тартады, ақылдың оты баяу бола бастайды, тек махаббат қана еш өзгермейді. Махаббаттың оты өшпейді. Өкіндіруі мүмкін. Қолға түсіріп тұрып, ие бола алмай қалғаныңа өкінуің мүмкін.
Егер дәл қазір сүйіктің болса, ешқашан сезімнен бас тартпа. Өл-тіріл, махаббатың үшін басыңды бәске тік! Сенің жүрегіңнен орын алар дәл мұндай адам енді саған жоқ! Басқалары келер, кетер, бірақ басқа жан-жүрегіңді сүйіктің сияқты ести алмас, жылыта алмас. Жұлдыздар сәйкес келмес. Сондықтан басыңызға қонған бақ құсыңызды ұшырып алмаңыз. Ұшырып алсаңыз, өмір бойы өкініп, опынып өтесіз. Жалғыздық жақсы серік емес.
Жалғыздықтың қандай болатынын білгіңіз келе ме? Онда тыңдаңыз. Тыңдап алыңыз да, мұнда келмеуге тырысыңыз. Мұнда махаббатты тастай қашарлық ештеңе жоқ. 5 жыл ішінде адам сияқты сөйлесе алатын қыз көрсем, қуанатын болдым. Адамдарды бағалауды үйрендім. Әсіресе, өз ойы-пікірін тайсақтамай айтатын, өз мақсатын білетін адамдарды көруге қуанасың. Бұл сирек құбылыс екенін сезініп жүрмін. Қарапайым адам болудың өзі ұсынса қол жетпейтін бақыт бола бастапты. Сүйген адамыңа қатысты сыйластық, мейірім, шынайылық, шыншылдық – жалғыздық әлемінде мүлде жоқ. Махаббатта басқаша болу мүмкін емес. Ал, жалғыздық – тірі қалудың күнделікті тырбаңы. Мұнда бәрі сұлу. Бәрі ақылды. 5 жыл бұрын көз алдаған дүниенің бәрі жалған екенін түсіндім. Кесірлі, улы, мағынасыз, пайдасыз.
Ал, жалпы мен өте бақытты адаммын. Өйткені, кезінде мен сүйдім. Шын сүйдім. Шын бақытты болыппын. Неге болдым? Қазір де сол сезімім үшін бақыттымын. Сіздерге де шын махаббатты тілеймін. Уысыңыздан шығарып алмаңыз.
P.S.
Бұл жазба мен үшін ең лайықсыз, маған тән емес пікір болды. Бірақ шын ойыммен бөліскім келді. Сіз де бөлісіп қойыңыз. Бір-бірін сүйетін адамдар оқыса – жақсы болар еді. Бір-бірін жоғалтқандар оқыса, қайта табысар?! Бір-бірін таппағандар, біліп жүретін болады. Сүйгенін тапқан адамдардың ойланбай ақымақтыққа ұрынуынан сақтағым келеді. Мүмкін болса, әрине…
Илья Пискулин
Аударған Шынар Әбілдә

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған