Шабыт тұлпарыңды қамшыла, Шаргүл ханым!

                        Біздің сайтымыздың тұрақты авторы, журналист әрі жазушы Шаргүл Биекеева  елуге толып отыр. Құттықтаймыз! Шаргүл мектеп қабырғасында жүргенде-ақ алғашқы тырнақалды публицистикалық, көркем әңгімелерін жаза бастады. Ол дүниелері «Ұлан», (бұрынғы «Қазақстан пионері») газетінде жиі жарияланатын. Шаргүл сол газеттің тұрақты авторы болды. Тіптен газет оны белсенді жас тілшілердің қатарына қосып, Алматыға жиналыстарына шақырып тұратын. Арманшыл жасты марқұм әкесі Қасымхан Қожанұлы үнемі қолдап, жазу мәнерінің машықтануына барынша көмектесетін. Сөйтіп қызын қолынан жетектеп, ҚазМУ-дың журналистика факультетіне түсуіне игі әсерін тигізді.

img_2438

Бұл оқу орнын бітірген соң отбасылық жағдайымен журналистика саласында біраз уақыт қызмет ете алмады. Балабақшада, мектепте ұстаздық етті. Кейін «Мектеп» баспасына қызметке тұрудың сәті түсті. Міне содан бері Шаргүл баспа саласының бүге-шігесін терең білетін баспагерге айналды. Корректор, редакторлық жұмыстар атқарды. Оншақты жыл осы баспада қызмет істеген соң ол қарашаңырақ ҚазМҰУ-дың «Қазақ университеті» баспасына ауысты. Шәкең өз жұмысын әрқашанда тиянақты атқаратын. Есімі «Қазақстанның үздік баспагерлері мен полиграфистері» энциклопедиясына енген білімді де білікті баспагер. Қазір де Шаргүл Қасымханқызы баспалардан тапсырма алып, баспагерлік жұмысын жалғастырып жатыр. Ал біздің сайтқа имандылық, тәрбиелік тұрғыда материалдарды үнемі жазып тұрады.

Шаргүл баспагерлік, журналистік жұмыстарымен қатар проза саласында әңгімелер жазып тұрады. Балаларға арналған бір топ әңгімелері кітап болып шыққан. Шәкең-жазушының әңгімелері негізінен нәзік сезім иірімдерінен тұрады. Тілі жатық, оқылуға жеңіл. Адам тағдырын жүректің нәзік пернелерін баса отырып жазуға шебер. Біздіңше оған осындай әңгімелерді көбірек жазса деген тілек-өтінішіміз бар. Мәселен «Бәйшешек ғұмыр», «Есіңде ме сол бір күндер?», «Махаббат – мәңгі ертегі» атты әңгімелерін жай ғана оқи алмайсың, тебіреніп, толғанып оқисың.

Ол үш баланың анасы. Досжаны ертерек кетіп қалды. Отағасы Ертай Айғалиұлы белгілі журналист-жазушы. Ол қазір халықаралық «Қазақстан ZAMAN» газетінің бас редакторы. Жарының шығармашылығының өркендеуіне қазақ әйеліне тән ибалы мінезімен, қамқорлығымен барынша себін тигізеді. Нұржан ұлы шет тілдер университетінің студенті болса, қызы Аружан 8-сыныпта оқиды. Нұржан журналист болмаса да мақалалар жазып тұрады. Біздің сайттың белсенді авторы. Шаргүл ханымды бүгінгі мерейтойымен құттықтай отырып, оған ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, шығармашылық табыс, отбасылық бақыт тілейміз.

                                                                                       ЕлАна сайтының ұжымы

One thought on “Шабыт тұлпарыңды қамшыла, Шаргүл ханым!

  • 16.04.2017 at 22:26
    Permalink

    Ер-аға! Шаргүл жеңгемнің туған күні құтты болсын!

    Reply

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған