Шардарада шитті мақтаны жаңа технологиялық әдіспен егуде

Шардара ауданындағы Жаушықұм ауылының мақташылары тың технологиялық әдіспен шитті мақта егу ісін облысымызда алғашқылардың бірі болып бастады.

  Мақта шитін жаңа тәсілмен еккен белсенділердің бірі «Иіржар-агро» ЖШС-гі. Серіктестіктің егістік алқабында жаңа технологиялық әдіс бойынша соңғы 5 жылдан бері мақта егіліп келеді. Былтырғы жылы 240 гектарға егілген мақталықтың әр гектарынан 51 центнерден өнім алған шаруалар биыл егістік көлемін 300 гектарға ұлғайтып отыр.

0488b3a0-eedb-4ee5-8e68-9461781d67fc

  Жаңа технологиялық әдістің пайдасы мол екенін айтқан шаруалар бұл техника бір мезетте үш қызметті атқаратынын айтты. Мәселен, техника шит тұқымын шахмат әдісімен топыраққа біркелкі тастап, сонымен бірге тамшылатып суару жүйесін қоса көміп, оның үстінен пленка жауып та үлгереді. Осылайша, дәлдікпен егілген шит тұқымы тез өсіп, жетілсе, тамшылатып суарудың нәтижесінде қоза көсегі түгелдей дерлік ашылып, өнім көрсеткіші екі есе артады.

  «Иіржар-агро» серіктестігінің атқарушы директоры Бақыт Қамбаровтың айтуынша биылғы жылы мақтаның элиталық «2747» және қытай сортын орналастырып жатыр. Бір гектарға 270-280 мың теңге көлемінде шығын жұмсайтын шаруашылық берекелі күзде бұл шығынның еселеп қайтарына сенімдері мол.

  Жалпы Шардарада 59 300 гектар жер игерілсе, оның 14 мыңнан астам гектарына шитті мақта егіледі деп күтілуде. Ал, Жаушықұм ауылында биылғы жылы жалпы 3702 гектар алқапқа әртүрлі дақылдар егу жоспарланып отыр. Оның 300 гектарына жаңа техникалық әдіспен мақта егілмек.

 ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған