Шетелдік инвесторлар Шымкентте халықаралық білім беру кластерін салмақ

Сингапурлық KinderWorld International Group Ltd компаниясы Шымкентте білім метрополисінен тұратын халықаралық білім беру кластерін салады. Аталған орталықта халықаралық мектеп, колледж және балабақша болады деп жоспарлануда.

Осынау жаңа жобаны талқылау мақсатында Шымкент әкімі Ерлан Айтаханов сингапурлық компания төрағасы Рики Тэнмен кездесті. Тараптар білім орталығының болашақ әлеуетін талқылап, ұсыныстарын ортаға салды.

Айта кету керек, KinderWorld International Group Ltd компаниясының білім беру кластері Аустралия, Вьетнам және Малайзияда балаларға сапалы білім берумен айналысып келеді. Енді сингапурлықтар Қазақстан нарығына кіріп, елімізде өз орталықтарын салмақшы.

Е.Айтаханов мегаполис мәртебесін жуырда алған Шымкент үшін жаңа оқу орындары аса маңызды екенін айтып, қаланың дамуына зор үлес қосатынына сенім білдірді.
Жаңа жобаның құны шамамен 23-25 млн АҚШ долларын құрайтын болады. Оны сүйемелдеуімен «Kazakh invest» АҚ айналыспақ.

Орталықтан ашылатын балабақша 6 айдан 6 жасқа дейінгі 600 балаға лайықталған. Онда жабық ойын алаңы мен бассейн болады. Бақшада балаларды шет тілдеріне, оқу мен санауға, қоғамтану, музыка, би мен бейнелеу өнеріне үйретеді. Мұнан бөлек, 3-тен 12 жасқа дейінгі балаларға арналған байыту орталығын ашу жоспарлануда, онда балалар ғылыммен, технологиялармен, инженериямен, математикамен, робототехникамен және AR/VR жүйесімен танысады.

Ал, халықаралық мектепте дәстүрлі пәндерден басқа бағдарламалауға, робототехникаға және 3D баспаға арналған факультативтік сабақтар болады. Сондай-ақ, АҚШ-та және басқа да елдерде оқытатын студенттердің жазғы алмасу бағдарламалары жұмыс істейтін болады. 

Білім беру метрополисі – бұл балалар, жастар және қоғам үшін түрлі білім беру іс-шараларын өткізу жоспарланып отырған оқу кеңістігі. Метрополистің дизайны мен тұжырымдамасы Сингапурдың ұлттық университетінің қалашығына ұқсас болады. Метрополис университет, жатақхана, ғылыми орталық, медициналық орталық, эксперименттік оқу-ойын орталығы және басқа да қажетті инфрақұрылымдарды қамтиды деп күтілуде.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.