ШОРТАНДЫДА ЖЫЛҚЫ ӨСІРГЕН АҒАЙЫНДЫ ШАРУАЛАР  

 

    «Мінсең — көлік, жесең — тамақ, ішсең — сусын». Иә, еті мен сүті талай ауруға ем болған, денесінен бөлінген тердің өзі иесінің қажетіне жараған жылқы малы, әсіресе қазақ халқы үшін қашан да қастерлі. Доңыздың табаны тиген өрістен айналып өтетін текті жануарды дүние тіршілігі басталғалы бері алғаш қолға үйреткен біздің бабаларымыз екені әлдеқашан мойындалған-ды. Ал ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мамандарының дерегіне сүйенсек, елімізде соңғы он жылда төрт түліктің бұл түрі миллионнан астам жылқыға арта түскен.

      Бұдан бөлек, жылқы етіне деген сұраныстың жоғары екенін ешқандай сарапшының мәліметінсіз-ақ беске білеміз. Өйткені қыс түссе соғымнан ауыз тимей көңілі көншімейтін дүниежүзіндегі бірден-бір елміз. Десе де, қазір бұрынғыдай әркім өзі мал бағып, жаппай өз-өзін соғыммен қамтамасыз ететін заман емес. Жас та, жасамыс та қалаға қоныс аударғанын ескерсек, күнделікті ас мәзірінен ойып тұрып орын алатын ет өнімдерінің қайдан келіп жатқанын білгеніміз абзал. Мәселен, ел ордасы Астанадағы «Еуразия» немесе «Әлем» сынды ірі сауда орталықтарынан Ақмола облысы, Шортан ауданының белді шаруалары ағайынды Воложаниндер баптап отырған жылқы етін кездестіру қиын емес.

ЕГОР ВОЛОЖАНИН: АТАДАН МҰРА БОЛҒАН КӘСІПТІҢ НӘСІБІН КӨРСЕК ДЕЙМІЗ

       Николай Воложанин жас күнінде қазақтармен көкпар тартысып, бәйгенің шаңын шығарған шабандоз, ағайынды Егор мен Николайдың (әкесімен аттас) 75 жастағы әкесі. Ұлты сыған. Ұлдарының жылқы шаруашылығын дөңгелетіп әкетулеріне бір ғана ақылы жеткілікті болған деседі.

Біздің атамыз да, әкеміз де жылқы малын баптаумен айналысқан. Тіпті, өмірлерін осы жануарға арнаған десек те артық емес. Әсіресе Қазақстан егемендік алған 1991 жылдан бастап жылқыны жеке өсіруге ден қойған. Көзімізді ашып, ес білгеннен көргеніміз ат қора, кісінеген жылқылар болғандықтан, біз де бұл кәсіптен алысқа ұзай қоймадық. Ал бұдан аз уақыт бұрын ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөлініп, несие берілетіні, шаруаларға жағдай жасалатыны туралы Елбасының мәлімдемесін теледидардан байқап қалған әкеміз бізге ақылын айтып, жөн сілтеді. Бауырым екеуміз бірден іске кірісіп, кішігірім кәсібімізді үлкейтіп алудың жолын қарастырдық. Осы көктемде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан несие алып, оны 400 бас жылқы сатып алуға жұмсадық. Несие алмай тұрып 100 жылқымыз болатын, дейді Е.Воложанин.

Бір қызығы, Воложаниндердің шаруа қожалығында сырттан келген үш-ақ адам жұмыс істейді. Қалған жұмысшы күші Николай Воложаниннің келіндері мен немерелеріне тиесілі.

Мен өмір бойына осы кәсіптің тізгінін ұстаған шаруамын. Ұрпағымды да жылқы малын өсіруге бейімдедім. Осы кәсіп біздің қызметіміз, нан тауып отырған жұмысымыз. Әзірге фермамыздан бөлек бордақылау алаңымыз бар. Жылқыларымыз қысы-жазы сыртқа шықпайды, өзіміз бордақылап, жан-жаққа жөнелтеміз. Жұмысымыз толықтай заңды, ветеринарлық талаптарға сай қызмет етеміз. Алдағы уақытта сүт өнімдері, қымызға көңіл бөлсек дейміз, асылтұқымды жылқыларды көбейту және шұжық өндіретін цех ашуды да ойластырып жатқан жайымыз бар, дейді Н.Воложанин.

Ата кәсібін дөңгелетіп, нәсібін көруді мақсат еткен ағайындылардың бизнес жоспарымен де танысудың сәті түсті. Бұл жөнінде Егор Воложанин:

Бизнес жоспарымыз үш жылға арналған. Шаруамыздың ауқымы кеңейіп кетпесе де, жұмыс жасауды тоқтатпаймыз. Жылқы басын 500-ге жеткізу ойда бар. Бұл кәсіптің бір артықшылығы жылқы еті тек қана соғым уақытында ғана емес, жыл бойына сұранысқа ие. Сол себепті, жеке адамдардан жылқы сатып алып, оны екі ай жемдеп, бордақылап қалаға жөнелтеміз. Тарқата кетсем, шаруалардан жылқы малын орта есеппен 200-250 мың теңгеге сатып аламыз. Бір жылқыны екі ай қоректендіруге 30 мың теңге кететін болса, кейін бір басын 350-450 мың теңге шамасында жан-жаққа жібереміз. Яғни, есептеп қарасақ, әр жылқыдан 50-60 мың теңге таза пайда көреміз, дейді.

ЖЫЛҚЫ ӨСІРЕМ ДЕУШІГЕ ЖОЛ АШЫҚ

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша соңғы жылдары «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ауыл шаруашылығының барлық саласында тер төгіп жатқан азаматтарға несие беріп келеді. Екінші деңгейлі банктерден бұл корпорацияның бірден-бір артықшылығы қарызды өтеуге белгілі бір мөлшерде уақыт жағынан шаруалар үшін жеңілдік қарастырылған. Республика бойынша аталмыш корпорациядан 3 млрд. 777,5 млн. теңге несие алып, оны 11681 бас жылқыны сатып алуға жұмсаса, Ақмола облысының өзінде несие алушылар 350 млн. теңгеге мың бас жылқы сатып алған.

Бұл бағдарламаға, яғни 15 пайыздық несиеге ауыл шаруашылығының кез келген саласындағы шаруалар қол жеткізе алады. Шортанды кентінің шаруалары ағайынды Воложаниндер осы бағдарлама бойынша 54 миллион теңге несие алған болса, оларға берілген уақыт 10 жыл. Алайда жұмысы жүріп кеткендіктен, бұл оларға қиындық тудырмайтыны анық, дейді корпорацияның Ақмола облыстық филиалы директорының орынбасары Кәрім Абыроев.

Бір байқағанымыз, бағдарлама барлық шаруаларға тиімді болса да, жылқы өсірушілер үшін тағы бір қуанышты хабардың шеті шықты. Мамандардың айтуынша, Қытай Халық Республикасымен ет өнімдерін экспорттау жөнінде ветеринарлық келісімдер қаралып жатыр екен. Яғни, Воложаниндер секілді еңбекқор жылқышылардың соғымы көп ұзамай Қытайда саудаланады деген сөз.

 

Ермұрат Назарұлы,

Суреттерді түсірген — Виктор Федюнин  

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған