Шымкентте «Шатқал» бағдарламасы бойынша 226 гектарға ағаш көшеттері отырғызылады

Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласында «Шатқал» бағдарламасы аясында Қ.Төлеметов көшесі мен Алматы-Термез автожолының қиылысынан тағы бір саябақ құрылды.

Аталған жоба бойынша құрылған қаладағы 4-ші саябаққа облыс әкімі Ж.Түймебаев арнайы қатысып, жасыл желек отырғызды.

Демалыс аймағының тез арада дамып, халыққа сая сыйлауы маңызды екеніне тоқталған әкім, көлемі 17 гектар болатын демалыс аймағын қарап, оны жасыл желекпен қамтамасыз етуге қолдау білдірген облыстық мәслихаттың депутаттарына алғыс білдірді.

«Бұл «Шатқал» бағдарламасы аясында салынатын қала аумағындағы 14 шатқалдың көлемі 226 гектарды құрайды. Көгалдандыру ісінің бірінші кезеңінде  ағаш егіліп, тамшылатып суару әдісі орнатылуы тиіс. Абаттандыру жұмыстарының екінші кезеңінде жауапты мекемелер шатқалдарға жол салып, жарықтандыру ісімен айналысатын болады.  Дамыту жұмыстарының үшінші кезеңінде демалыс орындары мен балалар ойын алаңдарының құрылыс жүргізуі жоспарланып отыр. Бүгінгі мәслихат депутаттары отырғызып жатқан ағаш көшеттері ертеңгі ұрпағымыз үшін саялы мекен болатынына сенемін»,-деді әкім.

Халық қалаулыларының жауапкершілігіне алынған саябақта көлеңке беретін жай жапырақты ағаштар – қаратал, үйеңкі сынды желектердің 4 мың данасы отырғызылды.46844a23-3399-4ff7-a6a5-3994013e3e92

Айта кету керек, облыстық мәслихат құрамындағы 3 депутат – Қайрат Балабиев, Рәшкүл Оспанәлиева және Нұралы Әбішевтер жеке жер телімін жеке алып, абаттандырады. Мәселен, облыстық мәслихат хатшысы Қ.Балабиев Қ.Төлеметов пен Т.Өтегенов көшесінің қиысындағы 8 гектар аумаққа 3 мың түп жасыл желек отырғызып, демалыс аймағын ретке келтіру үстінде. Ал Р.Оспанәлиева мен Н.Әбішевтер бірігіп, Қ.Төлеметов пен Т.Өтегенов көшесі қиысының арғы бетіндегі 10 гектар жерді жеке өздері қадағалауға алып отыр.

Қазіргі таңда Шымкент қаласында жалпы аумағы 300 гектарды құрайтын 8 саябақ бар. Сонымен қатар, 104 көшеде ағаш отырғызылған. Алдағы уақытта «Шатқал» бағдарламасы аясында  47 шатқал іске асқанда жалпы орманды алқап көлемі 16 мың гектарға жетеді деп жоспарлануда.

Облыс орталығының әрбір тұрғынына кемінде шамамен 16 шаршы метрлік жасыл желек қажет. Бұл қажеттілікке аталған бағдарлама толық іске асқанда қол жеткізілмек.

Абаттануы тиіс  шатқалдардың көлемі жағынан үлкені «Самал» шатқалы. Оның жалпы аумағы – 38 гектарды құрайды.  «Шымсая» мен «Юнус Эмре» шатқалдарының аумағы 25 гектардан, ал қалғандары 8- 10 гектардың көлемінде.

Мәселен, «Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалына 8 гектар, облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиевке 8 гектар,  облыстық мәслихат депутаттарына 17 гектар, кәсіпкер  Рәшкүл Оспаналиева мен Нұралы Әбішевке 10 гектар, Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Педагогикалық институтына 10  гектар, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне 10 гектар,  Қ. Ясауи атындағы қазақ-түрік университетіне 10 гектарлық шатқалдардың картасы мен сертификаты  берілген. Бұл жұмыстардың нәтижесін алдағы уақытта хабарлап отыратын боламыз.

 

 ОҚО әкімінің баспасөз қызметі   

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған