Шымкенттің кілемдері Қытайға экспортталмақ

Шымкенттегі «Оңтүстік» АЭА орналасқан кілем өнімдерін шығаратын «Бал Текстиль» ЖШС-гі өз өнімдерін ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да белсенді таратуда. Бүгінде кілем өнімдерін сату үшін алыс және жақын шетел өкілдерімен байланыс орнатқан. Енді  фабрика басшылары таяуда Европадағы әріптестік байланысты нығайтып, текстиль өнімдерін Қытай нарығына шығаруды жоспарлап отыр.  Бүгінгі таңда фабрика өнімдері Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Ресей, Ұлыбритания, Германия және Францияға экспортталады. Ірі шетелдік тапсырыс берушілер саны 20-дан астам.

Кәсіпорында кілем, кілем өнімдері тоқылады, полипропилен жіптері шығарылады. Кілем өндірісіне қажет шикізат Ресей, Түркия, Бангладеш, Үндістан және тағы басқа алыс шетелдерден тікелей жеткізіледі. Ал кілемнің өзі мұнда Бельгияның жоғарғы технологиялы Michel Van De Wiele жабдығында тоқылады.

Бүгінгі таңда кілем және кілем өнімдерін шығару өндірісінің қуаттылығы жылына 5 млн шаршы метр өнімді құрайды. Кәсіпорында кілемнің екі мыңға жуық бірегей түрі шығарылады. Олардың арасында классикалық сурет, дәстүрлі өрнекпен тоқылғандары да, дизайнында модерн элементтері бар, сондай-ақ, заманауи хай-тек және авангард стильде тоқылатын кілемдер де бар.

Ал полипропилен жібін иірудің қуаттылығы – жылына 4000 тонна. Қазір кәсіпорында 236 адам жұмыс істейді.

ОҚО баспасөз қызметі

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған