Шәкәрімнің шешесі – Төлебике арабша, түрікше сауатты болған

Құдайберді ер жеткен соң, Құнанбай оған әйел әпермек болып, Қаракесек руының «Кедей» деген табынан шыққан Алдабергенге құда болам деп кісі жібертеді. Алдаберген Құнанбайдың жіберген кісісіне: «Мен қыз берейін. Бірақ қоятын екі түрлі шартым тілегім бар. Бірінші, ауыл арасы шалғай, бір-біріміздің қуаныш, қызығымызға кезінде құтты болсын айта алмасақ, өкпелеспейік. Екінші, өлім бар да, қазақ бар, бір-біріміздің қаза болғандарымызға уақытында көңіл айтып, бата жасаса алмасақ ренжіспелік. Осы екеуіне келіссек, мен көндім», – дейді.
Құнанбай: «Алдабергеннің екі тілегін орындаймын», – дейді. Сүйтіп, Құнанбай Құдайбердіге Алдабергеннің қызы Төлебикені айттырып, алып береді.
Алдаберген бай емес, орта дәулетті, өте адал болған адам. Сол адалдығының арқасында ел қатты сыйлап-құрметтеген, абыройлы болған. Балаларын, қыздарын ерте оқытқан адам.
Шәкерімнің шешесі арабша, түрікше көп оқыған. Қолөнерге өте шебер, кесте тігетін, ою оятын, киім пішетін, пышақ соғатын істі адам болған. Есті, сергек, ақылды, мейірімді, жомарт болған әжеміздің құранын, «Ғибадат исламиясын», «Мұхтасарын», тағы басқа көп кітаптарын мен көрдім.
Шешесінің араб тілін жақсы білетінін әкейдің өзі де айтып отыратын. Және: «араб тілін меңгеруіме шешемнің көп пайдасы тиді», – дейтін еді.
Ахат ақсақалдың әкесі Шәкерім туралы естелігінен.
P.S. Тектілік деп осыны айт. Құда болардағы олардың шарты – екі рулы елдің татулығы, ынтымағы, берекесі.

 

Жолымбет Мәкіш

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған