Шәмшіні қуантқан қос жігіт

Интернаттың қара нанынан бірге қуат алған досым Қылыш Телғаревпен бір дидарласқанымда өзінің әйгілі Шәмшімен кездескенін әңгімелеп беріп еді.
-Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында маған қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқов ағамызбен күтпеген жерден бір күн сапарлас болу бақыты бұйырып еді. «Атақты Шәмшімен кездесіп, сұхбаттасамын-ау» деген ой ол кезде өңім түгіл түсіме де кірмеген болатын. Бұл сапар сол кездегі студентке аспаннан түскендей бір сый болды.
…Тамды ауданына 1974 жылдың жазында Шәмші Қалдаяқов келді. Шәмшіні еліміз төбесіне көтеріп күтті, ауданның біраз ауылдарында болды. Шәкеңнің ауданда жүргенін естігеніммен, ол кісімен кездесе алмаған едім.
Тамдының әуежайында Шәкеңді бүкіл Тамды халқы шығарып салып тұр екен. Тамдыдан Бұхара арқылы Ташкентке ұшақ қатынайтын. Сол күні мен де Ілияс Талқанбаев деген жолдас жігітпен бірге Ташкентке ұшпақшы едім. Ол кезде біз Ташкентте оқитын студентпіз. «Құдай сәтін салып Шәкеңе серік болатын болдық» деп, қуанып тұрмыз. Ұшаққа кіре сала Шәкеңнің жанына отырып алдым. Ашық-жарқын кісі екен. Әңгімеміз әңгімеге ұласты. Шәкең Тамды халқының пейіліне, қонақжайлылығына, қазақтың әдет-ғұрпын сол қалпында сақтап қалғандығына өте риза екенін айтты. «Тамды туралы бір ән шығарамын деп халыққа уәде бердім»,-деді.
Сөз арасында бір атасы Бұхараның атақты Көкелдаш медресесінде оқығанын, сол жерді көре алмай бара жатқанын айтып қалды. Сөз арасында:
-Елге барған соң «Атаң оқыған жерді көрдің бе?» деп сұрайды-ау,- деп қойды..,
Маған сол сәт бір тосын ой келді. Ұшақ Бұхараға қонып, жарты сағаттай тұратын. Әуежай қаланың шетінде орналасқан еді. Осы аз уақытта Шәкеңе Бұхараны, Көкелдаш медресесін көрсетпек болдық. Ұшақ қонған бойда Ілияс жүгіріп барып такси ұстады да, мен Шәкеңді ертіп барып, үшеуміз машинаға отырдық. Жүргізушіге бар-жоғы жиырма минут уақытымыз барын айттық. Жылдамдатып жүріп отырып Көкелдаш медресесін көрсеттік. Ішке кіруге уақыт тығыз. «Атаңыз осында оқыған» дедік. Сағатқа қайта-қайта қарай отырып, Бұхара әмірінің сарайын, басқа да тарихи ғимараттарды тек сыртынан ғана көрсетіп, таныстырып өттік те, әуежайға қайта тарттық.


Ұшаққа отырған соң Шәкең біздерге қарап:
-Мен елдеріңнің көрсеткен құрметіне риза болып келе жатыр едім, ал мына сендердің көрсеткен қызметтерің бір бөлекше сый болды ғой. Енді еліме атамның оқыған медресесін көрдім деп барамын,-деп ризашылығығын білдірді. Ол кезде Шәкеңнен қайсы атасы Бұхарада оқығанын сұрамаған едім. Кейін білдім, Шәкеңнің анасының ағасы яғни нағашы атасы Шәді төре Көкелдашта білім алған екен.
Ташкентке келген соң қаланың орталығындағы субұрқақтың маңында естелік үшін фотосуретке түстік. Шәкең Алматыдағы мекен-жайын бізге жазып берді, біздікін өзі жазып алды. «Тамды туралы ән шыққан соң әуелі сендерге жіберемін. Жолдарың түсіп Алматыға бара қалсаңдар үйге міндетті түрде келіңдер, енді мен Сарыағашқа барамын»,-деп, бізбен қоштасты.
Келер жылдың көктемінде Алматыда тұратын жерлесіміз Пәнсат деген ағай Ташкентке келіп, Ілияс екеумізді іздеп тауып:
-Шәмші ағаларың Тамдыға арнап «Тамды аруы» деген ән шығарды. Ол әнді Тамдының қызысың ғой деп Нұрғиса Тілендиевтің «Отырар сазы» ұлт-аспаптар оркестрінің шаңқобызшысы, менің жұбайым – Гүлсара Елубайқызы Піржановаға ең алғашқы рет орындатып, таспаға жазып беріп жіберді. Шәкең «Өзбекстанда барғанда, әуелі, Ташкенттегі Қылыш, Ілияс деген студент жігіттерді тауып, соларға тыңдатарсың, мен оларға уәде берген едім, сосын еліңе апарарсың» деп қатты тапсырды,-деді.
Сол әнді Ташкентте оқып жатқан бір топ Тамды жастары болып рахаттана тыңдадық, таспаға жаздырып та алдық. Шәкеңнің бізге берген уәдесін ұмытпағаны үшін риза болдық. Пәнсат аға әнді алып Тамдыға кетті. Бұл 1975 жылдың көктемі еді.
Шәмші аға Алматыға жеткен соң осы әнді шығарып, ғажайып ақын Қадыр Мырза Әліге сөзін жаздырған. Қадыр ақын сол кезде Тамдыны көрмесе де, Шәкеңнің суреттеуімен әп-әдемі етіп сөзін жазып берген.
Ал мен Шәмшідей тарихи тұлғамен аз уақыт болса да бірге болғанымды, сұбхаттасқанымды, естелікке бірге суретке түскенімді мақтан тұтамын,-деп әңгімесін аяқтады.
(Қыдыр Өтебайұлынан жазып алдым-Қ.Жолдасов))

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.