Ынтымағы мықты елді ыс баспайды!

Пейілі даласындай дарқан Қазақ Елі үшін мамыражай мамыр айының алғашқы күні – ерекше мереке. Қиын-қыстау кезеңдерде тағдыр айдап, тар жол, тайғақ кешіп келген түрлі ұлттың баласын бауырына басқан, қартына қамқор болған қазақ халқы талай ұлтқа нағыз мұсылманшылықты және ізгілік пен мейірбандылықтың нақ үлгісін көрсеткен болатын, әлі де сол қасиетінен бір таңған емес. Әрине, басынан сипай бергенге басқа шығып алуға даяр тұру ұлт таңдамаса керек-ті. Себебі, соңғы уақыттарда ата-бабасын аждаһаның аузына бермей, өздерін өгейсітпей, Жерінің асты кенге, үсті мал мен астыққа толы даласында еркін өмір сүруге бар жағдайды жасаған қазақ халқына қастық қылып жүрген бәз-біреулерді байқап жүрміз. Неміс те, кәріс те, басқасы да бір Алланың жаратқан пенделері. Сондықтан, олармен бұл дүниеде тату өмір сүру – ең алдымен Құдайдың әмірі. Десе де, тумысынан еркіндікке есі ауып тұратын қайсар рухты қазақ халқына ең керегі – ауызбіршілік. Қазақ елінің тұтастығын көксеген кез келген азамат ең бірінші әкесі де, нағашы жұрты да қазақ болған қонақжай ұлттың ынтымағына көңіл бөлуі керек. 1 мамырды тек қана жүзден астам ұлттың өкілімен бірігіп тойлайтын емес, үш жүзден құралған алты Алаштың баласы бір кісідей ұлықтайтын, бірлігінің бекемдігі үшін өз-өздеріне есеп беретін мереке деп түсінуіміз қажет. Сонда ғана ынтымағы мықты елімізді ыс баспай, Жерінің көлемі бойынша әлемде 9-шы орын алатын жұртымыз ырысқа бөленбек.

«Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» деген бабалардан қалған нақылды жадымыздан шығармайық. Мереке құтты болсын, ағайын!

Құрметпен, «ЕлАна» әлеуметтік, қоғамдық-танымдық сайты

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған