Эрнест Хемингуэйдың қанатты сөздері

• Адамға керегін берсеңіз, ол ыңғайлыны іздейді. Ыңғайлы етсеңіз, ол салтанатқа ұмсынады. Сән-салтанатқа қолы жетсе, әсемдікті аңсап аһ ұрады. Әсемдікке қолы жетсе, ессіздікті қалап тұрады. Бәрін берсең, мені алдады, қалауымды ала алмадым деп байбалам салады.

• Сау күніңізде мас күйде айтқан барлық уәдеңізді орындаңыз. Тіліңізге ие болуды үйренесіз.
• Сынған жерден бастап мықты бола түсеміз.
• Ойлай білетін адамның бәрі — атеистер.
• Бай-манаптар іш пыстырарлық халық қой.. Жолай кетсең, ішің пысады… Бәрі біркелкі сондай…
• Кей адамның кінәраты аламаннан бірінші келген бәйге атындай көрініп тұрады. Тектің аты тек.
• Көңілді адамдар әдетте өте батыл келеді, олар бірінші болып өліп кететіндер.
• Қайтыс болған адамның айналасы қағазға толы болады.
• Алдымызда елу жыл әлі басталмаған соғыс, мен тұтас мерзімге келісім жасадым.
• Бұрындары Отан үшін өлсең, ол ғажап қой, арманың жоқ дейтін. Қазіргінің соғысында ешбір керемет жоқ. Еш себепсіз ит құсап өлесің.
• Бәрі қорқады. Тек матадорлар өз үрейін жеңе алады. Қорқыныш оларға бұқамен алысуға кедергі емес. Қорқыныш болмағанда Испаниядағы әрбір етік тазалағыш матадор болар еді.
• Небір жаманаттың бәрі пәк дүниеден басталады.
• Әр адамның бойында өмірінің мәніне айналатын ісінің тамыры бар дейді. Бірақ аузында әзілі бар адамдардың бойында тамыр жаятын құнары қасиеттірек көрінеді.
• Аштық тәртіпке салады. Көп нәрсе үйретеді. Оқырманың оны түсінбегенше, сен бір қадам алда жүріп отырасың.
• Испанияның екі кемшілігі: бұқалар мен діндарлар.
• Өне бойы жұмыс туралы ойлай берсең, оған деген қызуың басылып қалады. Ара-тұра күрек ұстап, тәніңді шаршатқан ләзім. Бәрінен де сүйіктіңнің құшағында балқыған жақсы.
• Егер өмірде кімге болмасын титтей болса да қызмет көрсете алатын болсаң, басыңды алып қашпа.
• Егер өміріңді бастан-аяқ өтірікпен өткерсең, өлгенде де өтірікпен бірге бол.
• Егер көрініс тек ақшасы үшін тартымды болса, онда көруге тұрмайтыны.
• Өмір деген трагедия. Оның немен тынары о бастан белгілі.
• Өзін қорғау түйсігі – италиялықтардың ұлы түйсігі.
• Жыл сайын жапырақтар түсе бастағанда жүрек түбінде бірдеңе өледі. Жапырақсыз жалаң ағаштар қыстыңгүні боранда бос тербеліп тұрады. Бірақ сен көктем бәрібір келетінін білесің. Мұз құрсаулаған өзеннің де еритінін білесің.
• Әр адам белгілі бір іс үшін туады.
• Билікке қолың жетсе, арасында қатыгез болуға мәжбүрсің.
• Көзімді бақырайтып мақтағанда, сұмдық қиналатынмын.
• Есі дұрыс емес деп ойласа, ешкім саған сенбейтін болады.
• …Кейде өмірдің бір белесі тәмамдалады, мейлі жаман я жақсы болып бітсін, соңынан бос кеңістік қалады. Жамандықтан соң қалған бос орын өздігінен толысып кетеді. Жақсылықтан соң қалған бос кеңістікті тек одан артығымен толтыра аласың.
• Кімді сүйсең, сонымен саяхатта.
• Жұмыс – барлық дерттің дәруі.
• Әр адаммен жеке күресе отырып қана бүкіл топты бір-ақ жеңесің.
• Жауаптар ғана емес, кейде сұрақтар да ескіреді.
• Жақсы проза айсберг сияқты, оның айтпағының сегізден жеті бөлігі су астында қалады.
• Неге томаға-тұйық адамдар бақытты келеді? Ал, ақылды, данышпандар ақыр соңында өзінің де, өзгенің де өмірін улап бітеді?
• Егер адам жаза алатындығынан нашар жазса, өз дарынын құрдымға жібергені.
• Адам жалғыз өмір сүре алмайды. Жалғыз адам түк те бітіре алмайды.
• Жазушыға не кедергі? Ішімдік, әйел, атаққұмарлық. Оның үстіне ішімдік, әйел, ақшаның, атаққұмарлықтың жоқтығы да кері әсер етеді.
• Адамды жоқ қылуға болады. Бірақ оны жеңу мүмкін емес.
• Адамға сене алам ба деген күдікті сейілтудің ең тамаша тәсілі – оған сену.

Афоризм кітабынан
Аударған Шынар Әбілдә

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған