Ілияс Есенберлин жарын қалай таңдаған?

Тұрсын Жұртбайдың айтқаны: Ілияс Есенберлин туралы естелік айтыңыз деп ұрпақтары келді. Айтып отырып, көзіме жас келді. Оған себеп болған – есіме түсіп кеткен мына бір әңгімесі…

Ілекеңнің жары “халық жауының” қызы болған. Соның зардабын Ілекең де тартқан. Содан сұраймын ғой, “Халық жауының” қызы екенін біле тұрып, неге осы кісіні алдыңыз?” деп. “Соншалықты күшті мәхаббат болды ма?” деймін. “Жө-өқ-қ” дейді Ілекең…

Содан соң ойланып барып әңгімесін бастайды: “Бір күні көшеде келе жатсам, көзіне мұң ұялаған бір қыз келе жатыр екен. Мұңлы болғанда да мұңлы. Тоқтатып, бірнәрсе сұраған болып назарын өзіме аударып едім, көзі шынында да бұрын мен көрмеген мұңлы көз екен. Содан соң сыртынан сұрастырып біліп алдым, араласа бастадық. Өзім де ойлағандай, “халық жауының” қызы болып шықты. Көзіндегі мұңы бір сәтте пайда болатын мұң емес, әбден бойына сіңіп қалған мұң екен. Уақыт өткен сайын жүрегім жіби берді. Ақыры бір күні “сені аламын, тиесің бе” дедім. Қыз жылады, “мені алсаңыз күніңіз күн болмайды ғой” деді. “Тәуекел, аламын” дедім. “Жалғыз шешем бар ғой” деді. “Мейлі, шешең қолымызда тұрсын, өл-өлгенше бағып-қақ” дедім. Шешеммен ақылдасайын деді. Бір-екі күннен соң шешесінің алдына бардым. “Қайда істейсің, балам” деді. “ЦК-да”. “Ойбу-у” деді. “Сорыңды қайнатады ғой”. “Бәріне дайынмын, тәуекел” дедім. “Жарайды, тек бұл байғұсты жылатып тастап кетуші болма”.

Сөйтіп, осы кісіні алғанмын. Шешесі қайтқанша қолымызда тұрды”. Ілекеңнің осы әңгімесі есіме түсіп көзіме жас келмесі бар ма… Мені қолтықтап алып, одақтың үшінші қабатында әрі-бері жүріп әңгімесін айтатын. Сондай бір күні айтқаны ғой. Қазақтың бір қызының бағын ашамын деп істегені ғой… 

Тұрсын Жұртбай осыны айтып, өзі де аз уақыт үнсіз отырды.

Арман ӘЛМЕНБЕТ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған