ҚАБАҚПЕН ЖАҚСЫ-АУ, ҰҒЫСҚАН

Күнде жанжал, күнде ұрыс,
Жеңімпаз жоқ… итжығыс.
Көршілерге қарасаң,
Бәрі ғажап… тып-тыныш.

Қабақпен жақсы-ау ұғысқан,
Шаршады әйел ұрыстан,
Жанжалға себеп біреу-ақ,
Кешігеді ері жұмыстан.

Сол сәтте ерін қызғанып,
Есік жаққа жүз барып,
Елестетіп әрнені,
Отырады сызданып.

Қыз ба екен… әлде қатын ба,
Отыр ма екен… жатыр ма…
Деген ойлар қаумалап,
Булығады ашуға.

Есіктен ері енгенде,
Бірдеңе дей бергенде,
Атылады барыстай,
Ерік беріп шеңгелге.

Шыдамай бұдан арыға,
Шағым айтып жарына,
Ажырат депті біздерді,
Некесін қиған қариға.

Тұрғаннан соң бұл қалап,
Болсыншы деп шын сабақ,
Данышпан қарт әйелге,
Қойды дейді бір талап.

Бір күлше пісір, қарағым,
Бірақ та қояр талабым,
Күлшеге қажеттің барлығын
Көршілеріңнен сұрап ал,
Сонда риза боламын.

Қайырымды халқы көшенің,
Қайтармағанмен меселін,
Айтуға тура келіпті,
Үйінде барды сұраудың,
Не үшін керек екенін.

-Не болса да мақұлмын,
Сіздерден қанша жасырдым.
Күнде күтіп шаршадым,
Ажырасқалы жатырмын.

-Ееей, қарағым!
Кісі тонап күн көрген,
Арам ас жеп күнде өлген,
Менен күнің көп жақсы,-
деді көрші ұн берген.

-Күнде тілі күрмеліп,
Ішетін адам-бұл да өлік,
Менің күнімді бермесін,-
деді бір көрші су беріп.

-Ұрғанын ұл мен қыз көріп,
Қорғансыз сорлы біз де өлік.
Барар жер, басар тауым жоқ,-
деді бір көрші тұз беріп.

-Қалап -ем,Өзіме ғашықты,
Қызғаншақ кеселі басыпты.
Өз үйім түрмеме айналды,-
деп берді бір көрші ашытқы.

Бұл әйел қамырын иледі,
Сабақ боп көргені, түйгені.
Күн-түні еңбек қып жүргені,
Екен-ау, жарының сүйгені.

Қатесін әлгі әйел ұғынды,
Жұмақ қой, күнім деп бүгінгі.
Ақымақ жарыңды кешір деп,
Ерінің алдына жығылды.

Жарымен күн сайын алысқан,
Бір күнде мың ұрсып, табысқан,
Жандарды тәубеге салатын,
Қайдасың, қарттарым данышпан…

Әділбек Қаба фб парақшасынан

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған