Қазалы үйде қазан аспа

Қапияда қара жамылып, қайғыдан қан жұтып отырған үйде қазан асу қаншалық дұрыс? Терең түсініп қарасақ, ол отбасыға ыңғайсыздық тудыратынымызды байқаймыз. Жұрт жақынынан айырылып аза тұтып жатқанда, дəм дəметіп барғандай мазасын аламыз. Асын ішіп тыныш кетпей, табағын сынап кететініміз тағы бар.
Қазір өлім-жітімге барсаңыз, қазада емес тойда отырғандай боласыз. Əдетте туған күн тортсыз өтпеуші еді, қазір жаназа «пирожноесыз» өтпейтін боп барады. Қынжылтатыны, көп жағдайда шамасына қарамай, соңғы сиырына шейін сатып шарықтайтындар жетерлік. Ысырап пен риягершіліктен əрі аса алмай келеміз. Ал, бұл Аллаға ұнамсыз амалдар.

Əлбетте, бұл тұста алыстан арылтып келген ағайынның жөні бөлек. Ал, енді жақындағы жамағайын үшін жан қайғы боп жатқанда, үй егесіне мал қайғыға салынуына болмайды.

Шариғат бойынша мəйіт шыққан үйде үш тəулік азалы күн саналады, қазанды емес. Ал, бұрын халқымызда ері кетіп əйелі жесір қалса, ол шаңырақтың шырағы сөндіріліп, аза тұтқан. Жылға шейін қара жамылып отыратын болған. Қазаға жыл өткен соң ғана ас берген. Ондай əйелдер тіпті əшекей де тақпаған, сырт көзге де түспеген. Ал, қазір жесір қалғаны да, басқасы да ас жарысқа түсіп кеткені жарысын емес.

Бұл турасында Пайғамбарымыз с.а.у: “Жағыфардың үйі мұқтаждықта қалды. Оған қол ұшын созыңдар”,- деген.

Жаназаға барғанда жаназа екенін əсте ұмытпау керек. Жəмиғат боп жаназа намазы оқылып мүрде жер қойнына тапсырылған соң, бейіт басынан тарқап кеткен жақсы. Əншейінде өлік шыққан үйден кейін басқа жерге бармай жаман ырымға балайтынымыз, осындайда да кəдеге жараса екен. Əйтпегенде, моладан оралып марқұмның топырағы кеппей тұрып “қара жер хабар айтып бармасын” деп алып, торт қойылмаған, соғым сойылмаған азалы үйдің қазанын сынап-мінеп кетеміз. Сөйтіп əруақты сыйлайтынымыз жайына қалып жатыр.

Бір тəуірі Түркістан облысында қазалы үйде қазан асудан бас тартатын жұртшылықтың қатары артып келеді. Өңірде шариғат пен салт-дәстүрдің бір ізділігін қалыптастыру жүзеге асырылуда. Көпшілік өлім-жітімде жетім-жесірдің нанын жеп кеткенше, қамқорлық танытып малын көбейтіп кеткенді құп көреді.

Төлебилік тұрғындармен аудан орталығындағы «Сəтұлы Сыздық қажы» мешітінде өткен жүздесуде облыс имамы осы тақырыптағы сауалдарға жауап берді. Мұсабек Ақтамбердіге жамағат қазалы үйде қазан аспаудың дұрыс екенін айтты, қолдайтындарын білдірді. Өз басына сондай сынақ келсе, қандай күйде болатынын еске салды. Расында да азалы үйден ас ішу – ұят екенін алға тартты. Одан да сол отбасының жыртығын жамаған жөн деді, жамағат.

Ас та төк дастархан орнына Құранды қатым етсек, сонда шынымен марқұмдар бір аунап түсер еді. Ысырап үшін өлі де разы болмас, ысырапшыл тірі де байымас болар.

Қазаға шынайы көңіл айту ниетімен барып-қайту керек. Түптеп келгенде көңілді көрген жерде айтады емес пе? «Аллаға жағам десең азанды бол, Ағайынға жағам десең қазанды бол» деп бұрынғы бабаларымыз осының аражігін ажыратып кеткенін ұмытпайық.

Қазақ жырларында қазаға аза тұтып, жер бауырлап жатып апты деген тіркестерді жиі оқимыз. Аза тұтуға мұрсат бермейді, қазіргідей əурешілік пен риягершілік. Дəстүрімізде де жыл бойына ас беріпті демеген, жыл бойы аза тұтыпты делінген емес пе?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған