Қазаннан қақпақ кетсе – иттен ұят кетеді!

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының «Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман елдерінде әйел затын ерекше бағалайтын, қарындасты қатты қастерлейтін халықтың бірі де, бірегейі де – біздің қазақ », – дегені бар. Халқымыз  «қыз – қонақ», -деп төрінен орын беріп, қыздарды алтынның сынығына балап өсірген халық.

«Қыз емес, қыздың аты – қызыл алтын,

Көрінер толған айдай жүзі жарқын

Үлкеннің алдын орап, сөз сөйлемес,

Халқының сақтай білгін ізгі салтын», – деген өлең жолдары соның дәлелі.

Үлгілік пен өнегелік қазақ қызына тән қасиет!

Қазақ халқы қыз балаларының көрiктi болып өсуiне ерекше көңiл бөлген. «Аттың көркi – жалы, арудың көркi – шашы», – деп ұққан аналары қыздарының шашын дұрыстап күтiп өсiрудi өнер санаған. Шаштарын қос бұрым немесе бестемше етiп өру бойжеткен қыздардың көркi болған. Халық жырларында аруларды «Шашының ұзындығы iзiн басты» немесе «Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген», «Қыпша бел, қиылған қас, қолаң шашты», -деп сипаттаған.

2

Сондай-ақ, бойжеткен қыздардың киiм киiсiне де ерекше көңiл бөлген. «Адам көркi – шүберек, ағаш көркi – жапырақ», «Қыз өссе – елдiң көркi», – деп таныған халқымыз қыз балаларға қынама камзол, дүрия бешпет, кәмшат бөрiк, қос етек көйлек, биiк өкше етiк тiктiрiп кигiзген. Сырға, бiлезiк, шашбау, шолпы сияқты әшекей заттарды тақтырған. «Қыздың көзi – қызылда», -деген мақал да қыз баланың әшекей заттарға үйiрлiгiн бiлдiредi.Халқымыз қыздың көркiне ақыл-ойы, мiнезi сай болуын қалаған. «Қыз – қылығымен сүйкiмдi», «Қызым үйде, қылығы түзде», – деп, қыз тәрбиесiнiң ерекшелiгiне аса жоғары мән берген.

3

Міне, «Қазақ қызы!» Қандай қастерлі, қандай керемет! Ежелден ер азаматпен қатар түзде жауға қарсы найза ұстаған, үйде ошақтың берекесі болған, алыптардың анасы атанған Қазақтың қыздары киелі арулар еді ғой! Он мың әскерімен парсының патшасына қарсы тұрған Тұмар, даналығымен белгілі Айша бибі, Жиреншеге серік болған Қарашаш, жары дүние салғанда ошағын сөндірмей тағын ұстап, хандық құрған Айғаным ханым, жер мен су жарлыға берілсін деп ұрандаған Шолпан, Алма, фашистке қарсы қан майданда ерліктің қайталанбас үлгісін көрсеткен Әлия мен Мәншүк, еңбек майданында алға озған Кәмшат, Желтоқсанда ұлтым деп ұрандаған Ләззаттарың есімі ел тарихында алтын әріппен жазылып, олардың еселі еңбектері мен жанқиярлық ерліктері халқымыздың жүрегінде мәңгілік  сақталып қалғандығы баршаға аян. Ал, бүгінгі егеменді еліміздің жарқын болашағы үшін қажымай-талмай еңбектеніп, ел халқының ықыласына бөлене білген,әрі бүгінгі ел тарихынан ойып тұрып алар орыны бар.

4

Қазақстанның бірінші ханымы, «Бөбек» қайырымдылық қорының негізін қалаушы, Сара Алпысқызы Назарбаева

5

Ел арасында Ел-Анасы атанып кеткен «Қазақстан – zaman» Халықаралық қоғамдық-саяси газеті ЖШС Бас директорының бірінші орынбасары, Қазақстанға Еңбек сіңірген қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы

6

Салт-дәстүрімізді насихаттаушы, әрі ұрпаққа айтар ұлағатты сөзімен, үлгі өнегесімен әйгілі Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова сынды аналарымызды бүгінгі елі, халқы мақтан тұтары сөзсіз. Бұл аналарымыз дөңгеленген дүниедегі, арпалысқан өмірдің талай-талай қиындықтарын бастарынан кешіріп, қажырлық пен қайраттылықты, сабырлық пен төзімділікті, инабаттылық пен ибалықты, кісілік пен кішілікті, игілік пен ізгілікті бойларына сіңіріп, нағыз қазақ халқының ұлттық тәрбиесімен сусындап өскен аға буын өкілдері. Өнегелі істерімен өзгелерге үлгі бола білген мұндай аналарымыз Аллаға шүкір елімізде баршылық.

«ҚАЗАННАН ҚАҚПАҚ КЕТСЕ – ИТТЕН ҰЯТ КЕТЕДІ!».. деген

Дүрбеленге толы дөнгеленген дүниенің шартарабында не болмай жатыр дерсіз. Бірінде соғыс өрті лаулап жатса, енді бірі зілзаланың зардабын тартып, үй күйсіз қалып тентіреген, бастарына пана іздеп босып жүрген халықты телеарналардың Әлем жаңалықтарынан күнде көріп, бүгінгі күнімізге Аллаға шүкір тәуба деп отырамыз. Біздің мұндай мамыражай бейбіт ғұмыр кешіп жатқанымыз, көреген Елбасымыздың салихалы саясатының арқасы екендігі баршамызға аян. Осындай мамыражай елдің, өмір сүріп отырған қоғамы да мұнтаздай таза болса екен деп тілейміз. Алайда, уақыт өткен сайын адамдар азғындап, ар-ұяттан айрылып бара жатқандығы әрине жанға батады. Бүгінде жан-жағына зер салып қараған адам, талай-талай былықтардың куәсә болары сөзсіз. Оған әр түрлі мысалдарды жүздеп келтіруге болады. Соған қарап ой түйе отырып, заманның да, адамдардың да азғандығын аңғарып қайран қаласың! Жоғарыда әңгімемізге арқау етіп отырған қыздарымыздың қазақ қызына жат берекесіздікке барып жатқандығы жүрегіңді сыздатып, көкірегіңді қарыс айырады. Қандай өкінішті! Қазақ халқы әлімсақтан-ақ, «Есті қыз етегін жиады», -деп қыз балаларының ашық-шашық киінуіне тиым салып келгенді.   «Қызға қырық үйден тиым», -деп, қыз балалардың тәрбиесі үшін жазылған тиымды халқымыз бертінге дейін бұлжытпай орындап келгенді. Сол дәстүр, сол әдет-ғұрып, тәлім-тәрбие бүгіндері қайда кетті?! Жоғарыда айтқанымыздай қоғамымыздың ластануы, қыз бойжеткендеріміздің ар ұяттан безініп, берекесіздікке жол бергендігін қалай ақтауға болады? Сөзіміз дәлелді болуы үшін төмендегі суреттерге назар аударып көрелік.

7

Көгілдір аспанымыздың самалымен, биік шыңдарда желбіреуге тиісті тәуелсіздігіміздің көк туы, осылайша жалаңаш жалаңбұттардың қолжаулығы болғанын қалай түсінуге болады?!

8

Алматыда жартылай жалаңаштанған ауруларымыздың, ұлттық əшекейді жарнамалап тұрған түрі мынау! Осыларды қалай ақтауға болады?!. Әлемдегі мейір мен махаббаттың иелері аналарымыз, жарымыз, қыздарымыз екендігі баршаға аян. Ерлер біздер оларға мәңгі қарыздар екендігімізді де жақсы түсінеміз. Алайда, «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді», -деп бекерге айтпаған. Жетістіктің де, кемшіліктің де үлкен кішісі болмайды. «Ауыруын елемеген ажалынан бұрын өледі», -деп те бекер айтпаса керек. Мұны біз елемесек, ескермесек, айтпасақ, жөнге салмасақ ертеңгі қоғамымыздың сиқы не болмақ?! «Алдыңғы арба қалай жүрсе – соңғы арба да солай жүреді», -дегендей осыларды көріп өскен бүгінгі жасөспірімдерімізде қандай тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге болмақ?!

Түйін

Бұл бүгінгі қоғамымыздағы қыздарымыздың өнегесіздігінің бір парасы ғана. Осындай өнегесіздіктің кесірінен қаншама тастанды жетім балалардың өмірге келіп жатқандығы, кәмелетке толмай жатып, мектеп қабырғасында жүкті болып жатқан мыңдаған қыздарымыз жайлы мұнда сөз қозғамадық. Қалай айтсақ та, қалай ойласақ та бұл қоғамымыздағы ең қатерлі жағдай екендігін естен шығармай, мұндай берекесіздікке үзілді-кесілді тиым салуымыз керек. Әрбір отбасының берекесі де, әрі қоғамымыздың беріктігі де тек осы әйелзатымен тікелей байланысты екендігін ұмытпағанымыз жөн. «Аналарымыз бір қолымен бесігін –  екінші қолымен әлемді тербетеді», – деген аталы сөз қайда?! Бүгінгі қыз бойжеткендеріміз – болашақ ана! Олай болса біз ел болашағын кімге тапсыратынымызды осы бастан ойлануымыз керек. Яғни, жасөспірімдеріміздің, жастарымыздың тәрбие жұмыстарына аса мән беріп, ұлттық тәрбиелік мәні бар қазақы салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды солардың бойына сіңіре білуіміз керек, ағайын! Міне, мен көңілімді күпті еткен осы бір жағдайды оқырман сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмын. Бұған үкімет пен тиесілі билік өкілдері назар аударар деген үміттемін. Құрметті оқырмандарым, ендігі сөз кезегі өздеріңізде! Ойланыңыздар, толғаныңыздар, пікірлесіңіздер, ағайын! Отанымыз тыныш, отбасыларыңыз берекелі бақытты болғай!

БАҒДАЛ АҚЫНҰЛЫ

ҚР Журналистер одағының мүшесі

22 thoughts on “Қазаннан қақпақ кетсе – иттен ұят кетеді!

  • 10.12.2016 at 11:50 +06
    Permalink

    Бұл мақаланың алдында ғана аналардың парасаттылығына қатысты бір ән тыңдаған едім. Сонда Жиренше шешен зайыбының данышпандығының арқасында, бір ажалдан аман қалады екен. Яғни бір ойға, бір ой қосылып жатыр дегенім ғой. Әуелгі сөзді қыз баланың тәрбиесіне және көрікті болып өсуіне және шаш қыймау мәселесін қозғап өтіпсіз. Рас айтасыз, ілгеріде ешкімде шаш қыймаушы еді. Ал қазірде қолаң шашты қыздарымыз тым сирек, ал кездесіп қалып жатса көзге сондай жылы көрініп тұрады. Одан әрі ілегрідегі және қазіргі кездегі нәзік жандылардың игі жақсыларын тілге тиек етіп өтіпсіз. Оған қосарым, Тараз триосының орындауындағы “Исі жұпар аңқыйды,камзол киген халқаның” өлең жолдары ойыма оралды. Әркімнің қиялы, әралуан ғой, әйтседе осы бірауыз сөзде қазақ әйелдерінің ақыл-парасатын, сұлулығын көретін секілдімін. Сөз соңында бұрымдылардың әдепсіздігінде де тілге тиек етіп өтіпсіз. Рас олда өзекті. Бүгінде ғаламторды ашып қалсаңыз, бірінің шашын бірі жұлған қыздыр төбелесі, әдепсіз жазбалар немесе көпшілік орындарында еркегін жерден алып, жерген салып жатқан әйел жолдастар деп соза беруге болар еді. Сын түзелмей мін түзелмейді деп жатады ғой, ойыңыз орынды. Ой салар ойлы жазбаларыңыз көп болсын.

    Reply
    • 11.12.2016 at 4:37 +06
      Permalink

      Өте орынды ПІКІР!
      Əл-тарази Дархан

      Reply
  • 10.12.2016 at 12:21 +06
    Permalink

    Жазған жазбамыз оқырманына ой саларлықтай болып жатса, әрине марқайып қаламыз.. Өзің сияқты парасатты ұлт жанашыры оқырмандарымыздың жазған пікірлерінен біз де көп тәлім аларымых хақ. “Исі жұпар аңқыйды,камзол киген халқаның” … Қандай керемет айтылған сөз .. Көңіл бөліп, уақыт шығарып жазған құнды пікірің үшін рахмет, бауырым!.

    Reply
  • 10.12.2016 at 13:44 +06
    Permalink

    Қашанда халықтың мұңын шертіп әрдайым қоғамдағы ең өзекті мәселені көтеретін Бағдал ағамыз бұл жолы да баршамыздың жүрегімізді сыздатып жүрген арулар мәселесін нақты дәлелмен жеткізе жазыпты. Расымен де соңғы кезде ашық шашық киінетін қыздарымыз көбейіп барады. Бұны көп болып қолға алмасақ ертең асқынып кетуі мүмкін. Автор “Бұған үкімет пен тиесілі билік өкілдері назар аударар деген үміттемін.” депті. Мен де Бағдал ағаның бұл ұсынысын толық қолдаймын.

    Reply
  • 10.12.2016 at 14:17 +06
    Permalink

    Мақалалаңызды оқып үлкен ойға қалдым ағажаным!!
    Заман азса халық азады – дейді.Қазақ қыз баланы қорламаған. Қыз- ару,болашақ ана.Ұрпақ қыз арқылы өрбиді. Қыз назы қырық кісіні мас қылып, қыздың жолы -қырық кісінің жолын бөгейді ,қызды жылатқанның қырсығы, қырық есекке жүк болады”- деп ырымдап, қыз баланы адамның бақытына балаған. Қонақ боп барған үйде төрден орын берген, себебі қызда қырық көліктік Бақыт бар, төрде отырса сол бақыттың жұғыны қыз отырған төрде қалады- деп қастерлеген халықтың.
    Жас келіншек еркектің алдында түсін ашып жарқыратып отырмайды,бұлай істесе сұқ көз қадалады, тіл тиеді. Соның салдарынан төсі қараяды, омырауы іседі, тас емшек болып омырауынан сүт қашады, сүт болмаған соң, құт та болмайды, құшағы суық, тас бауыр болады- деп жорыған. Осылай қызы мен келінін тəрбиелеген.
    Ал бүгінгі қыздарымызда , осы тамаша қазақи тәрбиеден бір ұшқынын да көре алмайсыз. Көпшілікке топырақ шашудан аулақпын. Əрине əдепті, тамаша тәрбиелі қыздарымыз баршылық.
    Бірақ заман өзгерді, осымен бірге ару, балғын қыздарымыз да өзгерді.
    Оған тек қыздар , келіндер емес, Ата – ана да кінəлі.
    Қыздарды дұрыс, ибалы , иманды етіп тәрбиелеу үшін, Ата – Ана да қазақи тəрбие, парасат, иман болуы керек.

    Reply
    • 12.12.2016 at 10:09 +06
      Permalink

      Мақалама жазған құнды пікірің үшін Назымжан қарындасым көптен көп рахмет! …. Қазақ қыз баланы қорламаған. Қыз- ару, болашақ ана. Ұрпақ қыз арқылы өрбиді. Қыз назы қырық кісіні мас қылып, қыздың жолы -қырық кісінің жолын бөгейді , қызды жылатқанның қырсығы, қырық есекке жүк болады”- деп ырымдап, қыз баланы адамның бақытына балаған. Қонақ боп барған үйде төрден орын берген, себебі қызда қырық көліктік Бақыт бар, төрде отырса сол бақыттың жұғыны қыз отырған төрде қалады- деп қастерлеген….. Міне, қандай керемет даналық сөздер, осыны әркім біліп жүрсе ғой! … Өзің айтып отырғандай, Қыздарды дұрыс, ибалы , иманды етіп тәрбиелеу үшін, Ата – Ана да, қазақи тəрбие, парасат, иман болуы керек-ақ! Бұл мәселені де бұрын көтергенбіз, Алай да, одан шығып жатқан нәтиже шамалы екендігі көңілді құлазытады!

      Reply
  • 10.12.2016 at 14:51 +06
    Permalink

    Бағдал аға сізге көп рақмет! Арулар, аналар жайлы кең ауқымда əңгіме қозғапсыз. Бұрында қызы бар үйге жөткірініп ешкім кірмеген. Сылдырлаған шашбауынан сол үйде қызы бар екен деп қаймыққан. Қазір ХХІ ғасыр деп Европаға еліктейтіндер көбейді. Соған қарамастан көнекөздер дəстүрді ұрпаққа жеткізіп санасына сіңіріп те жүр. Бұл жағы əрине қатты қуантады. Енді соны əрі қарай дəріптейтін ұрпақ өссе екен деп тілейміз.

    Reply
  • 11.12.2016 at 11:19 +06
    Permalink

    Елдегі қазақ қыздары салт-дәстүрді бұза қойған жоқ.Өзге тілде білім алып,тәрбиеленген ортадан шыққан қазіргі заманға сай өздерін “заманауимыз” деп сезінетін,мәңгүрттеніп кеткендер қазақ атына кір келтіріп,ұятқа қалдырып отыр.Қазақ қызын тәрбиелеуде Зейнеп апаның ұстанымынан үлгі алулары керек болып тұо.

    Reply
  • 12.12.2016 at 18:33 +06
    Permalink

    Ассалаумағаликум аға? Бұл жазған мақалаңыз өте орынды деп ойлаймын. Ақ пен қараның бұл қоғамда бар екенін ашық жазыпсыз. Сын дүзелмей-мін дүзелмейді деген. Осы мақаланы оқып жастар үлгі алар деген ойдамын. Сіз секілді үлгі тұтар ағалар аман болсын ден саулық тілеймін!

    Reply
  • 12.12.2016 at 18:34 +06
    Permalink

    Сәлеметсіз бе? Мақалаңызды оқып, ойға қалып отырмын. Қазіргі заманда осындай келеңсіз оқиғалар етек алып барады. Бұл қазақ деген ұлттың ұлттық тәрбиесі бұзылып бара жатқандықтан туындап отыр. Менің бұған қосарым , ((Құдай -ау, о, заманда бұл заман, қыз келіншектер шылым шегетін бе еді?!) Осыдан кейін не айтарымды білмей қаламын. Қыз бала тәрбиесіне алаңдаушылық танытып, керемет мақала жазыпсыз. Алла қуат берсін, Аға

    Reply
  • 12.12.2016 at 20:03 +06
    Permalink

    Исі қазақ,
    Тегінен болад.
    Жаннатан жарық,
    Жұпарға жалғап.

    Табаны жаннат,
    Исімен жалғап.
    Әтірсіз жұпар
    Қызы еді қазақ.

    Моржасы мұрын,
    Шығатын түтін.
    Еркектің бүгін,
    Жындылық түрін.

    Тазартпай миын,
    Төр түрлі жынын.
    Сасығын түтін,
    Басқа өріс киім.

    Қазақтың қызын,
    Қарасаң сынын.
    Иісі сасық,
    Өсірген жынын.

    Шаш жайған қызың,
    Тозақтың сұрын
    Нәсілін құзғын
    Көбейткен бүгін.

    Қазақтың тегін,
    Мәңгілік елін.
    Өсірген ділін,
    Аз ғана қызың!

    Reply
  • 12.12.2016 at 20:04 +06
    Permalink

    Осылай айтыла берсе жастар да ойланар. Рахмет. Көпшілік ойынан шықтыңдар – ау. Алланың құлағына шалынып Аллам жастарға шатасқан жолдарынан аластап, оң жолға салса екен..

    Reply
  • 13.12.2016 at 10:31 +06
    Permalink

    Өте орынды жазылған мақала

    Reply
  • 13.12.2016 at 10:32 +06
    Permalink

    Сәбет үкіметі кезінде қыз-келіншектерді шешіндіре алмай әлек болса, тәуелсіздік заманында қыз-келіншектерді киіндіре алмай әлек болдық. Тәуелсіздік деген ұлттық құндылықтарды жаңғырту екенін ұқсақ екен.

    Reply
  • 13.12.2016 at 13:09 +06
    Permalink

    Жазбама көңіл бөліп пікір қосқан жоғарыдағы оқырман сіздерге көп рахмет! Бүгінгі қоғамымыздағы келеңсіздіктерді көп болып қолға алсақ түзелмейтіндей ештемесі жоқ,.бәрі де болады. Әрбір ата-ана өз семьясындағы ұрпағының тәрбиесіне мұқият жауапгершілікпен қараса болғаны! Бүгінгі жастықтың буымен қателесіп жүрген жастарымыз, немесе албырттықпен шоқ басып өкініп жүрген жасөспірім қыздарымыз біреулердің айтқанынан немесе жазғанынан қателігін бірден түзеп кетеді деу қиын, әрине. Оларға мейіріммен қарап ақылын айтар ата-ананың қамқорлығы бәрінен де маңызды. Сол үшін де баршамыз ұрпағымызға деген мейірім шапағатымызды көрсетіп, ақыл-кеңесімізді беруден жалықпайық, ағайын! Баршаларыңыздың ұрпақтарыңыз баянды да баққытты болсын! ,

    Reply
  • 13.12.2016 at 15:58 +06
    Permalink

    Кешіріңіздер! Менің жоғарыдағы пікірлерге жазған жауабым пікір қосқан Ermek Murumbaev -тың есімімен жазылып кетіпті.

    Reply
  • 13.12.2016 at 16:01 +06
    Permalink

    Кешіріңіздер! Менің жоғарыдағы пікірлерге жазған жауабым пікір қосқан Ermek Murumbaev -тың есімімен жазылып кетіпті.

    Reply
  • 14.12.2016 at 12:26 +06
    Permalink

    Жақсы айтыпсыз аға. Қоғамның рухани дертті асқынып тұр ғой қазір. Бұрын қазақ «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деп, ар, намыс, ұят формуласын жадында берік ұстаған еді. Ал сол формуланы қазір ұмыттық.

    Reply
  • 14.12.2016 at 12:26 +06
    Permalink

    Абайын түсінуге жалқау қазақтар – ай! Саналы болуды Абай атамыз; Жалығу деген болады…Адам түбінде бәрінен жалғады. Өмірден, бала шағадан, тіптен қатынан да.. – деген екен. Саналы пендесі тұрмыстан биік рухани азаттыққа жетеді. Тұрмыстың кез келген бес күндік жалғандық жағдайы оны билеуі мүмкін емес. Санасызды бес сезімге жалғандаққа байлап қояды.

    Reply
  • 14.12.2016 at 16:01 +06
    Permalink

    Ермек бауырыма пікірлеспін, мадақ- мақтауға масайраған, сайқымазақ жүйенің кесіры. Ұлттық құндылықты ысырып қойып, сананы тұрмысқа билетті….

    Reply
  • 27.01.2017 at 0:41 +06
    Permalink

    Қыз – келіншектердің ұятсызданып кетуіне біз еркектер кінәліміз. Қазір қазақ жігіттерінің ауызының дуасы жоқ, табанының бұдыры жоқ, сөзінде бәтуә жоқ, ісінде береке жоқ болып барады. Еркек ұсақталып кеткен соң, ұрғашы да еркінсиді.

    Reply
  • 31.03.2017 at 19:51 +06
    Permalink

    Сәбет үкіметі тұсында бәрі жаман деу әбестік болар. Дін жойылып тіл әлсірегенімен, адамгершілікке, татулыққа, ынтымаққа, қайырымдылыққа, парасаттылыққа тәрбилеу жағы дұрыс еді. Қазір еуропалық дәстүрге қарай бет ауып тәрбие әлсіреп сәбет үкіметі кезінде естімеген көрмеген азғындықтың түр -түрін көріп жүрміз. Алдымен балабақшасы мен мектептің тәрбиесін жолға қою керек. Мектептер алдымен адамгершілік тәрбиесіне баса назар аударуы керек, және осы бағыттағы байқау, марапаттау, ынталандыру шаралары қолға алынуы керек. Өз отбасына дұрыс тәрбие бере алмай жүрген адам халықтың баласына тәрбиеші бола алма ма?

    Reply

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған