Қазақстан Республикасындағы Түркия мемлекетінің елшісі Невзат Уянык мырзаға!

Көшірмесі:

Қазақстан Республикасының Бас прокуроры   

Ж.К.Асанов мырзаға

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер Министрі

К.К.Абдрахманов мырзаға

 

Ашық хат

Құрметті  Невзат Уянык мырза!

 

1991 жылы, КСРО ыдыраған кезде, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін  ең алғаш болып Түркия мемлекеті  мойындады.  Сол уақыттан бері  осы мемлекеттер  ішінде орын алған  кез келген саяси жағдайларға қарамастан,  екі ел арасындағы ынтымақтастық әрдайым нығаю жолында. Сондай – ақ, білім беру саласындағы қарым – қатынастарымыз да ерекше дамыды.  А.Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ -Түрік Университетінің (МКТУ), кейіннен барлық саны   27- ге жеткен қазақ-түрік лицейлерінің (КТЛ) ашылуы – соның айқын дәлелі. Мен  ХҚТУ (МКТУ) – дің түлегімін, дегенмен ешқашан КТЛ – де оқыған емеспін. Әйтсе де осы лицейлерде білім алған көптеген достарым бар.  Сондықтан да осы екі білім беру жүйесі мен  өзімнің арамдағы ерекшеліктерді  салыстыруға , танып-білуге тамаша мүмкіндіктерім болды.

Осы екі білім жүйесі де  қазақстандық және түркиялық биліктің ресми қолдауымен ашылған. Коммерциялық кірістер  есебі бойынша,  ХҚТУ (МКТУ) негізінен Түркия өкіметі тарапынан қаржыландырылса, барлық КТЛ – дер қазақстандық мемлекеттік бюджет есебінен, сонымен қатар  қазақстандық кәсіпкерлердің (90%-дан астам) демеушілігімен қаржыландырылады. Ал енді түркиялық оқытушылар жайына келсек, олардың саны ХҚТУ (МКТУ) –де үнемі артып отырды, тіпті оқыту үрдісіндегі түрік тілінің маңызының артуы кейде ішкі жағымсыз жағдаяттардың туындауына да мұрындық болды. Қазақ-түрік лицейлерінде ең басынан оқыту төрт тілде (қазақ тілі, ағылшын тілі, орыс тілі, түрік тілі) болып белгіленгендіктен, бұл тілдердің прапорциясы жылма –жыл қатаң сақталып, өз маңызына қашан да ие, ал бұл мектептердегі түрік мұғалімдерінің саны біртіндеп азайды. 2007 жылдың өзінде түрік оқытушыларының үлес салмағы 20%-ға азайса, ал бүгінде олардың барлық саны шамамен 8%-ды құрайды. Ашып айтар болсақ, бүгінде қалған оқытушылар ішінде, Қазақстанда 10 жылдан астам уақыт тұратындар немесе олардың тең жартысынан көбі мүлде 1990 жылы келген мұғалімдер. Кейбіреулері жанұясымен келсе, кейбіреулері осында отбасын құрғандар, ең маңыздысы барлығының да балалары Қазақстанда дүниеге келген. Шындығына келгенде,  олар Қазақстан халқының бір бөлігі болып, біздің азаматтарымыздың санатына айналды, тіпті кейбіреулері  Қазақстан азаматтығын да алды.

Қазақ- түрік лицейлерінің арқасында қазақстандық 35 мың оқушы тамаша білім алып шықса, олардың 95% -ның қазақ балалары екенін айта кеткен жөн. Бұл оқушылар соңғы 20 жыл ішіндегі жалпы мектеп пәндерінен өткізілетін  пәндік және зияткерлік республикалық, сондай-ақ халықаралық олимпиадаларда Қазақстан қоржынына түскен жүлделердің 90%-на ие болып отыр. Бұл таңғажайып жетістіктермен  Қазақстанның беделі көтерілді, қазақстандық балалар біздің ұлтымыздың өте жоғары зияткерлік мүмкіндіктерін көрсетті. Әрине, бұл нәтиже аз шығынмен  білімдегі тиімді мол табыстың көзін көрсеткен қазақ-түрік лицейлерінің керемет моделіне тиесілі. Осындай мол нәтиженің басында, әрине, 1990 жылдары келіп, аздаған жалақыға еңбек етіп, қазақ-түрік лицейлерінің алғаш құрылып, аяққа тұру кезеңдерінде өздерінің барлық өмірі мен жан -жүрегін, күш-қайратын беріп, қазақстандық балалардың сапалы білім алып және дұрыс құндылықтар негізінде, ең бастысы, шынайы әрі сөнбейтін патриотизмге, қоғамға қызмет етуге, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге, жақыныңа жәрдем беруге тәрбиелеген түрік мұғалімдерінің тұрғаны анық.

Сондай түрік мұғалімдерінің ішіндегі ең жарқын үлгінің бірі – Байрам Кенжи. Ол Қазақстанға 1996 жылы небәрі 23 жасында келген. 2001 жылы Түркия азаматшасына үйленіп, екі егіз баласы 2005 жылы Стамбулда өмірге келсе, үшінші баласы 2007 жылы Алматы қаласында  дүние есігін ашты. Алғашқы жұмыс жолын Қостанай лицейінен бастаған ол бірінші күннен бастап лицейліктерді олимпиадаға дайындай бастады. 1998 жылы-ақ оқушыларының бірі Ануар Несібелдин республикалық олимпиаданың жеңімпазы болып, 1999 жылы биология пәнінен Швецияда өткен халықаралық олимпиадада қола медальды иеленді. 1996 – 2002 оқу жылдары аралығында биологиядан барлығы 56 оқушысы әр түрлі медальға ие болса, солардың ішінде халықарлық “International Biology Olympiad” олимпиадасында 7 оқушысы медальға ие.  Осы жетістіктеріне қарап, 2002 жылы небәрі 28 жасында оны олимпиада жұмыстарының  координаторы етіп тағайындады. Содан бері Байрам Кенженің басқаруымен лицейліктер республикалық және халықаралық олимпиадаларда 1000 –нан астам медальға ие болса, ал халықаралық жарыстардың командалық есебі бойынша Қазақстан 50-ден астам мемлекеттер ішінде әрдайым екінші, үшінші орындарға ие болып келді. 2015 жылы сол кездегі Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов оны педагогикалық үрдісті ұтымды ұйымдастырып, ұдайы жетілдіріп, дамытудағы ерен еңбегі үшін еліміздің білім саласындағы ең үздік марапаты “Ыбырай Алтынсарин” төсбелгісімен марапаттады. Ал қазіргі жағдайы ше? Сіздің өтінішіңіз бойынша оның визасын ұзартпады, соның салдарынан ол жақында кезекті сапарынан кейін Қазақстанға қайта кіре алмады. Жанұясы осында қалса, ал Мұғалім күнкөрістік еш қаражатсыз шетелде қалды.

Енес Куртайчыг атты сондай тағы бір мұғалім бар. Ол 1993 жылы мүлде көшіп келген, қазақстандық ЖОО-да оқыды, осында үйленді және балаларының барлығы да Қазақстанда туған. Ол да өзінің жарқын нәтижелерімен қазақ-түрік лицейлерінде қызмет атқарды. Оның жүздеген оқушылары халықаралық олимпиадаларда жеңіске жетті. Сол үшін де Қазақстан үкіметі оны “Жыл Мұғалімі” атандырып, “Білім беру ісінің Үздігі” төсбелгісімен марапаттады. Ол жақында AlmaU университетіне орналасқан еді, сайып келгенде, Сіздің өтінішіңіз бойынша оның да визасы ұзартылмай, дәл қазір ол да депортацияны күтуде. Немесе тағы бір мысал, Орхан Ахмет Озтомсук. Ол да  Қазақстанға  1995 жылы келіп, қазақстандық ЖОО-да білім алып, осында үйленді, барлық баласы да қазақ жерінде дүниеге келді. Оның да еселі еңбегі арқасында жүздеген лицей оқушылары халықаралық олимпиадаларда жеңіс тұғырына көтерілді. Бұл түріктердің барлығы да жан – жүрегімен Қазақстан азаматтығын қабылдағандар, тек уақытында аса мән бермей, бос әуреге балап, азаматтықты рәсімдеп үлгермегендер. Алайда,  бұл формальді бос әуре емес, бекер іске айналды.

Түркияның ресми билігі мемлекеттік төңкеріс әрекеті деп қарастырған 2016 жылдың жазында Анкарада болған оқиғалардан кейін Түркия бірқатар түбегейлі шаралар қабылдады. Түркия Әділет Министрлігінің мәліметі бойынша 2017 жылдың маусым айына дейін 24 губернатор, 169 генерал, 2431 сот, 7098 офицер және басқа да  мемлекеттік басқару жүйесіндегі 40 мың адам тұтқындалды. Бұдан басқа 170 мыңға жуық адамға қарсы қылмыстық іс қозғалды, олардың көбісі университеттер мен мектептердің бұрынғы мұғалімдері, соның ішінде  олардың әйелдері мен балалары да бар. Және де 700-800 мыңға жуық адам жұмыстан шығарылды немесе қысқартылды. Менің болып  жатқан істердің әділдігімен келіспеуіме немесе шындығында да осыншама адамның төңкеріске қатысы бар болуы мүмкін бе деп ойлауыма, немесе осындай көп адамдардың қатысы болса да,  төңкерістің  болмағанына таңданысымды білдіруіме, немесе түрік билігіне  Гүленді және оның ең жақын әріптестерін отырғызып, басқаларға тыныштық беруін айтуыма болады, дегенмен мен оны Түркияның ішкі істері деп есептеп, бұл мәселелерді  Түркияның ресми билік органдарының қарауына қалдырамын.

Бірақ  мен дәл осы сияқты түрік билігінің Қазақстанның ішкі істеріне араласуына қарсымын. Сіз өткен жылдың шілдесінде бұл лицейлер ресми түрік билігі тарапынан мақұлданбаған деген дәлелсіз ақпарат келтіру арқылы қазақ-түрік лицейлерінің жұмыс істеу заңдылығына күмән туғызуға тырыстыңыз. Сіз елшi ретiнде, екi ел тарихында алғаш рет iшкi саяси жағдайларды алға тартып, бұрын мақұлданған игі бастамалардың бағасын өзгертуге тырысу арқылы өте үлкен қателік жібергеніңізді түсiнуіңіз керек. Өз жауабыңызға өте көп қоғамдық теріс пікірлер білдірілген соң, Сіз өз мәлімдемеңізден бас тарттыңыз. Осы бастамадан кейін сіз мені өзіңіздің кездесуіңізге шақырдыңыз, онда басқа да көптеген қоғамдық қайраткерлер бар еді, онда менің  бұрынғы  KATEV (қазіргі кезде жұмыс істемейді) жүйесінің бөлігі болып табылатын Қамқоршылық кеңесі ұйымына кірсем, Сіз түрік мұғалімдерінің проблемаларын шешуге көмектесетініңіз жайлы келісімге қол жеткізілді. Шындығында, елшілік әр түрлі сылтаулармен визаны ұзартпады және мұғалімдерге немесе олардың отбасыларына, соның ішінде балаларға төлқұжаттар бермеді. Мен Қамқоршылар кеңесіне кірдім, бірақ мұғалімдердің проблемаларының шешілгенін көргенім жоқ. Мен бірнеше рет Бурак Карааслан (түрік кәсіпкері, сізбен кездесуіме мұрындық болған) арқылы сізбен хабарласуға тырыстым, бірақ бұл мәселе сол қалпында шешілмеді.

 

Кезіндегі 200-ден астам түрік оқытушысынан қазіргі кезде тек 30 шақтысы қалып отыр.  Қазақстанда тек ертеректе келіп, осында үйленіп, осында балалы-шағалы болып, қазақ халқының бір бөлігіне айналған және көпшіліктің алдында өз беделімен, еңбегімен танылған оқытушылар ғана қалды. Осындай жағдайды көре отырып, лицей оқушылары да, осы мұғалімдердің тек жақсы қасиеттерін көрген басқалар да бұл мұғалімдерді өздерінің проблемаларымен жалғыз қалдыруға құқығы жоқ.Сондықтан да біз бұл азаматтардың Қазақстанда қалып, азаматтық алуына немесе, ең болмағанда, жұмыстарын жалғастыра алатын жерлерге  кетуіне көмек жасауға бар мүмкіндігімізді саламыз.

Қазір бұл мұғалімдердің мынандай қиындықтары бар:

  1. Оқытушылардың визаларын ұзартпайды немесе төлқұжаттарының жарамдылық мерзімінің аяқталуына байланысты жаңа төлқұжат бермейді. Мұғалімдердің өздеріне бермегені сияқты әйеліне де, баласына да бермей отыр. Жақын арада дүниеге келген сәбилеріне де төлқұжат бермеу жағдайлары да орын алуда. Егер де елшілік балалары арқылы мұғалімдерді Түркияға қайтуға мәжбүрлесе, бұндай балалар арқылы бопсалау әдісі – бұл елшіліктің ең опасыз, әрі жиіркенішті шешімі.
  2. Түрік мұғалімдерінің Қазақстан азаматтығын алуына жол бермеу үшін барлық қажетті әрекеттер жасалуда. Оларға азаматтыққа тек босқындар ретінде өтініш беру жолы қалып отыр, бірақ бұл жағдайдағы ресми рәсімдеу үрдісі күрделірек.
  3. Мұғалімдердің Қазақстаннан Түркияға депортацияланбауы үшін басқа да үшінші елдерге кетуіне жол бермеу үшін барлық қажетті шаралар жасалуда.
  4. Түркияға қайтқан мұғалімдер ойластырылған себептерге байланысты түрмеде отыр.

 

Бұл жағдайдағы шешім қарапайым: мұғалімдерге түрік азаматтығынан бас тартып, Қазақстан азаматтығын алуға көмектесу мүмкіндігін беру. Осындай шешім мәселені шынымен шеше алады, Сіздің біздің еліміздің ішкі істеріне араласпауға және қазақстандық оқушылар мен олардың ата-аналарына қиындық туғызбауға деген ниетіңізді растайды. КТЛ -дің бұрынғы барлық мұғалімдері мен лицей шәкірттерінің төңкеріске қатысы бар деген жаңсақ пікірдегі насихатыңыздың жалғасуы болашақта жалпы қазақстандық мұғалімдерді, лицей оқушыларын және олардың ата-аналарын  осындай  айыптауларға әкеліп соқтыруына жол ашады. Бұл  Сіздің  Түркияның ішкі мәселелерін Қазақстанға алып келіп, біздің еліміздің азаматтарына қасақана зиян келтіріп жатқаныңызды  білдіреді. Мен сындарлы шешімнің  жүзеге асатынына үміттенемін. Осы шешімнің тез арада жүзеге асуы мүмкін болған кезде, Сізден жауап беруіңізді сұраймын.

Сондай-ақ, тікелей жауабын алғым келетін бірнеше сұрақтарым бар:

  1. Лицейлердің атаулары өзгертіліп, түрік азаматтарына немесе коммерциялық құрылымдарға тиесілі емес деп заңды құжаттары ұсынылғаннан кейін де  Білім және ғылым министрлігінен және басқа мемлекеттік органдардан үнемі лицейлерді жабу жайында  жазбаша және ауызша түрде талап етіп жүргеніңіз туралы сыбыстар  қаншалықты шындыққа жанасады?
  2. Түрік елшілігі барлық түрік мұғалімдерін еліне қайтару міндетін табысты жүзеге асыру үшін қазақстандық шенеуніктерді «сатып алуға» тырысып жатыр деген сөз қаншалықты дұрыс?
  3. Сіздің айналаңызда түрік оқытушыларымен кездесіп, психологиялық қысым көрсетіп, барлық шараларды қабылдайтынын айтып, қоқан – лоқы көрсететін, қажет болса, заңсыз әрекеттерге де баратын түрік кәсіпкерлерінен құрылған түрік мамандарының (спецслужба агенттері ) арнайы желісінің бары рас па?
  4. Барлық қалған мұғалімдер Түркияға келген сәтте түрмеге отырады деген қауесет қаншалықты шындық?

Өкінішке орай, қазақ-түрік лицейлеріне қысым жасаған осы  оқиғалар қазақ халқына және лицейлердің құрылымы туралы жақсы білетін мемлекеттік басқару жүйесіне деген құрметтемеудің көрінісі болып табылады. Енді Сіздің еліміздің ішкі істеріне араласудағы тоқтаусыз талпынысыңыздың арқасында ұзақ уақыт бойы Қазақстан тарапынан қаржыландырылатын, “түрік» деген атау тек түрік халқының кезіндегі қазақстандық білім беру жүйесіне қосқан үлесіне құрмет ретінде қалдырылған қазақ-түрік лицейлері  атын өзгертті,  олар енді «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ лицейлері» (БИЛ) деп аталады. Түркиямен байланысты барлық нәрселерге қатысты оң бастамалар арқылы түлектерден, олардың отбасыларынан, түптеп келгенде,  бүкіл қазақ халқынан үлкен алғыс алудың орнына енді Сіздің арқаңызда түрік халқының осы күнге дейінгі зор үлесі лицейлердің атымен  бірге  келмеске кетіп, «нольге»  тең болып отыр. Шындығында, қазақ халқы, ең бірінші кезекте барлық лицей оқушыларының ата-аналары түрік мұғалімдерінің арқасында түрік халқын шын сүйеді және Түркияға шын жүректен мейірімділікпен қарайды.

Менің ойымша, тарихтың өз маятниктері бар және кез келген саяси іс-шаралар ерте ме, кеш пе, қайта бағаланады. Егер ертең Түркиядағы жағдай өзгерсе және ресми билік бүгінгі күнде Гүленнің жақтастарын қудалағандардың өзін қудаласа,  сондай-ақ олардың еркінсіз Гүленнің жақтастары атандырып, жазықсыз жапа шектіргендерге  қарсы шықса, түрік билеушілерінің кез келген ішкі саяси күресінің  Қазақстан аумағында да болу мүмкіндігін қаламаймыз, себебі тағы да біздің еліміз қысымға ұшырап, ал азаматтарымыз  түрік билігінің талаптарына сай келу үшін еріксіз сатқындыққа бару-бармау жолын таңдауға мәжбүр болуын қаламаймыз. Бәрі де бұрынғыдай болуға тиіс – ішкі саяси оқиғалар кез келген  деңгейдегі елдер арасындағы қатынастарға әсер етпеуі керек.

 

Құрметпен,

Олжас Худайбергенов fb.com парақшасынан

Нұр-Орда мектеп-лицейінің Қамқоршылық кеңесінің мүшесі

19 thoughts on “Қазақстан Республикасындағы Түркия мемлекетінің елшісі Невзат Уянык мырзаға!

  • 17.09.2017 at 08:24
    Permalink

    Егер азаматтық танытып түрік елшісі Олжастың сұрақтарына жауап берсе азаматтық болар еді. Əй, қайдам, арты қуыс адам ондайға бара алмас. Егер естір құлақ болса, Сəуле апайдың Түрік ұстаздар жайлы қаншама мақаласы жарық көрді. Оны Түрік елшісі оқымады дегенге өз басым сенбеймін. Кеше ғана ақ орда да “Қазақстан Заман ” газетінің журналисті Нағашыбай Қабылбектің Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдаған Түрік ұстаздарына байланысты сауалында ол көрмеді дегенге кім сенер?! Əсіресе, Елбасының тұшымды жауабы да оның тынышын кетірген болар. Сондықтан арамза ой иелеріне тəубəларыңа келіңдер демекпін. …

    Reply
  • 17.09.2017 at 15:32
    Permalink

    Дұрыс ! Олжастың жазғанын қолдаймыз ! Түркиядан алғашқы келген мұғалімдер нағыз тамаша азаматтар еді ! Қазақстанда қаламыз десе қарсы болмау керек. Түркияның ішкі шаруасын бізге араластырмау керек !

    Reply
  • 17.09.2017 at 17:37
    Permalink

    Мақала негізі жаман емес. Енді мұны барша қазақстандықтар мен КТЛ – дің бұрынғы ата-аналары қолдай кетсе тіпті керемет болар еді. Өйткені көп түкірсе көл. Елбасының өзі Түрік ұстаздарына қатысты өз көзқарасын анық, ашық айтты. Енді мүмкіндікті пайдаланып, елбасының сөзін жандандыру бізге міндет. Адал еңбегімен елге танылған түрік ұстаздарды қудалау тоқтатылуы керек. Ол үшін жанашыр ағайын бізге ынтымақ пен бірлік керек.

    Reply
  • 17.09.2017 at 20:43
    Permalink

    Аллаға сансыз шүкірлік етем мына ашық хатты оқып, өткен аптадағы Ақордада қасқайып елбасына халықтың көкейінде мазалап жүрген сұрағын қойған “Қазақстан Заман ” газетінің журналисті Нағашыбай Қабылбектің Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдаған Түрік ұстаздарына байланысты, оның алдында Абай кз. Журналисі Нұргелді баламның мақалалары, міне кешеден Олжастың мына ашық хатын оқып,өткендегі халқының ЕлАнасы болып кеткен Сәуле апайдың мақаласымен үйлесім тауып жатыр. Мақалаларда ондаған мыңдар оқып, пікірлерін жазып қолдау тауып отыр. Халықтың немұрайлы қарамай түрік ұстаз бауырларымызға қатты алаңдайтынан осыдан көруге болады. Оған қуандым бұл елдігіміз Қазбек бабам айтқандай Қазақ тыныш елміз…. !Елбасым тілшіге жауабын беріп ашығын айтты тынышталдырды ешкім тимейді…! Ал Мына Азаматтықпен жазған Олжас баламның хатына жауап бермей көріңдер біздіңде жанайқайымыз осы жазылған мақалалардың қайсында болмасын толық қосыламын Айналайын сендердей жастар, Нұрағадай Елбасымыз аман болсын..! Олар біздің ішкі істерімізге араласпау керек Елшіде бізде білім жоқ деп көкіген Ахмет Деғдуранды тб араласқандарды елден аластату керек неге олар өз бауырларына осындай өиянат жасайды бізді оңдырама..!
    Есболған ақсақал

    Reply
  • 17.09.2017 at 21:26
    Permalink

    Олжастың жазғандары шындық. Мен өзім біраз мұғалімдерді танимын. ӨЗ кәсібіне берілген, өз кәсібін жанындай сүйетін азаматтар еді. Олар Қазақстанның білім-ғылым саласына қазақтардан артық болмаса кем еңбек еткен жоқ. Қарапайым мысал келтірейік, қазіргі күнде мектептерде жалақының аздығын сылтау етіп, қаншама жылдық кәсібін тастап қойып, базар жағалап кеткен мұғалімдер қаншама? (Базар жағалағандарыд кемсіькенім емес) Не үшін бізідң елімізде мұғалімдердің абыройы төмен? Ең әуелі білікті ұстаздар азайып барады. Кеңес өкіметі кезінде сапалы білім алған ұстаздар қазір зейнетке шықты. Аумалы-төкпелі заман болды… Қазір мектеп саласы өте күрделі әрі түбегейлі өзгерістерге мұқтаж. Ең әуелі ұстаздардың мәртебесін көтеру керек, жалақысын көтеру керек. Ол үшін ұстаздар да өз ісінің хас шебері болулары тиіс. Білім саласын парақорлықтан, тамыр-таныстықпен жұмысқа тұратын індеттен тазартуымыз керек. Осының барлығының жарқын үлгісі Қазақ-Түрік лицейлері еді. Солардан тәжрибе алмасуымыз, үйренуіміз керек еді. Ал қазіргі күнде сол азғантай ғана бауырларымызды қудалап жатыр құзырлы органдар. Оның артында Түркия елшісі тұр деп жатыр білетіндер. Міне мәселе қайда жатыр? Бұл Қазақстаның ішкі ісі, оған араласуға ешқандай шетелдік елшінің де құқы жоқ. Керек болса рсы елшінің өзін де қуалап жіберу керек еліне. Түрік ұстаздар қайтарылмасын! Оларды Қазақстанның азаматтығына қабылдап алу керек, Қазақтың қызына үйленген қара қытайға да, қаңғып келген негірге де азаматтық беріп жатырмыз. ның қасында бұл азаматтардың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екен. Неге елшінің емеурініне қарап отыр Үкімет?

    Reply
  • 17.09.2017 at 21:32
    Permalink

    Мақаланы оқып шықтым. Олжас дәлелін келтіріп отырып жазған екен. Біз бұл кісілер сияқты білікті ұстаздарды таба алмаймыз. Әлеуетті елге айналамыз десек, алдымен білім саласын мықты ұстауымыз керек қой. Сондықтан жақсы жұмыс атқарып жатқан түрік ұстарздардың кезектегі қиыншылығын шешіп, олардың барлығына ҚР азаматтығын беру керек деп ойлаймын. Кезінде Қытайдың қырғынына шыдамай шетел асып Пакистанда босып жүрген неше мың қазақты да Түрік мемлекеті баурына басып азаматтық беріп аман алып қалған еді. Со сияқты Түркия билігінен қысым көріп отырған мұғалімдер мен олардың отбасы мұшелеріне тегімс азаматтық беріуі тиіс деп санаймын. Кезек дүние, саясат деген қырық құбылады. Түркияда төңкеріс болса, Орта азиядағы Қазақстанда тып-тыныш бала оқытып жатқан мұғалімдердің оған не қатысы бар?

    Reply
  • 17.09.2017 at 21:55
    Permalink

    Астыртын қудалауға ұшырап жатқан түрік мұғалімдердің қиын жағдайы туралы ең алдымен баспасөз бетінде мәселе көтерген Халықаралық “Қазақстан-Zaman” газетінің директоры Сәуле Мешітбайқызы апайымыз еді. “Жазықсыз жандар саясат құрбанына айналмасын” деген мақаласында, кеңінен қамтып жазып еді Сәуле апай. Ол кісінің бұдан өзгеде бірнеше мақаласы ҚТЛ мұғалімдеріне арналды. Осыған халық болып үн қосуымыз керек еді. Өкінішке қарай балалары мен немерелері ҚТЛ де оқып жатқан небір шенеуніктер жақ кірісін ашқан жоқ. Қазіргі билікте жоғары лауазымды қызметтер атқарып жатқан талай “мықты қазақтың” баласы осы литцейде оқып жүр. Керек болса санап беруге де болады. Мына мақалада Олжас бауырымыз да нақты дәлелдерін келтіріп жазған екен. Азамттың пікіріне қосыламыз. Қатысты органдар ТҮркия елшілігі тарапынан қысым көріп жатқан ұстаздардың проблемасын шешіп берулерін сұраймыз! Қазақта “Бұтаны қоғалаған торғай да аман қалады” деген сөз бар. Жазықсыз жандарға пана бола алмасақ елдігіміз қайсы? Бұл жоғары жақтың шешетін мәселесі. Сондықтан халық тарапынан айтылып жатқан осынау пікірлерге құзырлы орындар құлақ асады деп сенеміз.

    Reply
  • 17.09.2017 at 21:56
    Permalink

    Мұндай білікті ұстазжардан айрылу, Қазақстан үшін зор жоғалту болмақ!

    Reply
  • 17.09.2017 at 21:59
    Permalink

    Осының барлығына ҚР ҰҚК нің қатысы бар деп ойлаймын. Солар жоғарыда отырып алып, белден басып отыр. Оларға Түрік елшісінің ықпалы болған болуы мүмкін…. Не үшін БжҒ министрлігі ықпал етіп шешім қабылдай алмай отыр? Шетелдің қайдағы бір спортшыларын жоғары ақшамен сатып алып келіп, азаматтық беріп, әлпештеп отырмыз. Ал қазақ балаларына сапалы білім беріп жатқан мұғалімдерге неге қимай отыр азаматтықты?

    Reply
  • 18.09.2017 at 02:27
    Permalink

    Бір Аллаға аманат аманат еттік кешегі адал еңбектерімен алды мемлекеттік марапатқа ие болып, жоғарғы көрсеткіштерімен басқаға үлгі болған , бүгінгі таңда жазықсыз жапа шегіп , елден кетуге мәжбір болғандар, алды шет елдердегі БОСҚЫНДАРДЫҢ қатарын толтырған Түрік бауырларымыздың жан айғайы тиісті жерге жетеріне!
    Күні кеше Елбасымыздың бұл мәселеге нүкте қойылды деуін сүйінші жаңалық деп қабылдап, уақыт күттірмей орындалатынына сенеміз!
    Олжастың азаматтығына әбден риза болдық ! Менің қосарым , көптеген жылдар бойы Тараздың ерлер ҚТЛ ын, соңғы уақытта Қазақстан Заман газетін басқарған өзі де әйелі де ұстаз, өте адал, сауатты, білімді азамат Серкан Хстүріктің осыдан аз уақыт бұрын бала-шағасын осында қалдырып шет елге шығып кетуіне мәжбір болғаны қабырғамызға батты. Сондай жақсы мамандарды елге қайтарып , осындағы уақытын күтіп алаңдап отырған ұстаздарымызға Елбасы айтқандай ешкім тиіспей, ары қарай ел игілігіне қызмет атқаруларына мүмкіндік берілсе екен .

    Reply
  • 18.09.2017 at 06:44
    Permalink

    Олжас Хұдайбергенов орынды жазыпты. Бұл жағдай ары биік жандардың ешқайысын бей- жай қалдырмауы тиіс. Адам құқығы қай кезде де бірінші орында болғанда ғана озық елдермен қатар боламыз. Біздің елдегі рухани жаңғырудың жетістіктерінің бірі де осындай адамгершілік биіктікке көтерілуімізбен өлшенер еді. Жазықсыз қудаланған түрік мұғалімдеріне елде қолдау көрсету әлемдік көзқарастар алдында да бізді алға шығарары анық. Бұл біздің қаншалықты құқықтық, саяси, әлеуметтік бағыттарда сауаттылығымызды, ынтымақтық пен достық қатынастардағы тұрақтылығымызды да танытады.

    Reply
  • 18.09.2017 at 12:41
    Permalink

    Аллаға сансыз шүкірлік етем мына ашық хатты оқып, өткен аптадағы Ақордада қасқайып елбасына халықтың көкейінде мазалап жүрген сұрағын қойған “Қазақстан Заман ” газетінің журналисті Нағашыбай Қабылбектің Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдаған Түрік ұстаздарына байланысты, оның алдында Абай кз. Журналисі Нұргелді баламның мақалалары, міне кешеден Олжастың мына ашық хатын оқып, өткендегі халқының ЕлАнасы болып кеткен Сәуле апайдың мақаласымен үйлесім тауып жатыр. Мақалаларда ондаған мыңдар оқып, пікірлерін жазып қолдау тауып отыр. Халықтың немқұрайлы қарамай түрік ұстаз бауырларымызға қатты алаңдайтынын осыдан көруге болады. Оған қуандым, бұл елдігіміз Қазбек бабам айтқандай Қазақ тыныш елміз! Елбасым тілшіге жауабын беріп ашығын айтты, тынышталдырды ешкім тимейді! Ал, Мына Азаматтықпен жазған Олжас баламның хатына жауап бермей көріңдер, біздің де жанайқайымыз осы жазылған мақалалардың қайсына да болмасын толық қосыламын Айналайын сендердей жастар, Нұрағадай Елбасымыз аман болсын! Олар біздің ішкі істерімізге араласпауы керек. Елші де, бізде білім жоқ деп көкіген Ахмет Деғдуранды т.б. араласқандарды елден аластату керек, неге олар өз бауырларына осындай қиянат жасайды, бізді оңдыра ма?!

    Reply
  • 18.09.2017 at 15:13
    Permalink

    Білікті ұстаз Серхан Хастүріктің Қазақстанға оралуына толық хақысы бар!
    Серхан Хастүрік бауырымыз ата-жұртқа 21-22 жасында келіп, осы жерде түрік ұстаз қызына үйленіп, сол қиын жылдары сонау Тараздан бастап ұстаздық жолын бастады. Бір ұлды болған соң Павлодар қаласында болып, бірнеше жыл жұмыс жасады. Онда екінші ұлы дүниеге келген соң Астана қаласындағы ҚТЛ-де директор болды. Осылай үшінші ұлы астаналық болды. Демирел атындағы колледжін алғаш рет ашып, сонда директор болып қызмет етті. Білім саласына ерекше еңбегі сіңген, ағылшын тілінің маманы ұлағатты ұстаз қазақ тіліне жетік парасатты азамат. Ата аналар мен балалардың сүйікті ұстазы Серхан Хастүрік кейінгі жылдары «ҚАЗАҚСТАН-ZAMAN» газетінде бас директор болды. Ол ерекше ұжым құрметіне ие болған азамат. Жақында оны Германияға босқын болуға мәжбүрледік. Оның артында анырап 3 баласымен әйелі қалды. Әйелі ағылшынша биологиядан сабақ беретін тәжірибелі ұстаз. Әлемге танылған шәкірттері көп. Серхан Хастүрік бауырымыздың босқын болып кетуіне жанымыз ауырады. 6 айға дейін оның Қазақстанға қайтуға мүмкіндігі бар екен. «Азаматтық алсам екен. Қазақстаным менің – отаным ғой» -деп елжірейді ол. Жоғарыдағы Олжас мырзаның мақаласын ұжым , ата аналар, шәкірттері болып қолдаймыз, біздің ішкі ісімізге араласпасын! Ұстаздарға Азаматтық берейік!
    Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында ақ келіп еш қиыншылыққа оын, су жарыққа қарамай,өз жастығын,білімін еңбегін аямаған ұстаздарымыздың босып босқын болуы елдігімізге сын саясат құрбаны болуы жаныңды жылатады ертең тарихта қандай атпен қаламыз..?!
    Айналайын ағайын елміз ғой, Елбасымыз кеше ғана телеарнадан журналистерге осы мәселе төнірегінде пікірін білдірді. «Қылмысты болмаса, ешқандай қателік істемесе түрік бауырларға тиіспейміз»- деді Президентіміз. Біздің басшымыз, досымыз Серхан бауырымыз да жан дүниесі бай, иманды, адамдарға жақсылық жасауға құмар, үнемі көмек қолын созып жүретін кен пейілді, үлкен жүректі азамат. Үш ұлдың әкесі. Үшеуіде қасиетті қазақтың топырағында дүниеге келген. Ол өз мамандығына, ұстаздығына шын берілген адам. Оның шәкіртерінің ішінде Қазақстанның бедел абыройын көтерген шетелдердегі байқауларда жеңімпаз, жүлдегер атанғандары жүздеп саналады. Ол қай жерде жұмыс істесе де іскерлігімен, адамгершілігімен көзге түсті. Мұндай адам, мұндай маман Қазақстанға ауадай қажет. Бізді, журналистерді, газет ұжымын басқарғанда да Серхан Хастүрік білім ордаларын, балаларды, ұстаздығын сағынып, аңсайтын. Оларды аузынан тастамайтын. Қазір елімізде ағылшын ақ қойсын! тіл мамандығына мұғалімдер мектептерде жетіспей жатыр. Серхан Хастүрік – Өзінің сүйікті мамандығына келсін! Ұстаздық етсін!
    Біз осы мәселені көздеп, Серхан Хастүріктің елге оралуын сұраймыз!!! Еңбегі сіңген оның елге оралуына толық хақысы бар. Осындай ұстаздар саны ондап абдырап жүргендері қаншама Ел болып Елбасынан сұрайық,халқы сұранса елбасы орындайды ..

    «ҚАЗАҚСТАН-ZAMAN» газетінің ұжымы
    және ұстаздар мен шәкірттері

    Reply
  • 18.09.2017 at 15:19
    Permalink

    Ия, сол кезде 1952 жылдары мыңдаған басына күн туған тоз-тоз болған қазақ бауырларын ұшақпен алдырып, бірден жер беріп, азаматтық берген түрік ағайындар А. Мендерес Азаматтығын қол ұшын беруге ниеттеген ешкім болмады-ау, Елбасы нүктесін қойғанда Б.Сағынтаев, Б.Жақсыбеков,М. Тажин т.б. билік басындағылар олардың балалары оқыған оқып жүрген шығар қимылдап ниетте білдірмеді-ау. Президент және ХАЛЫҚ газетіне шықты алғашқы жан айқайлар, барлық сайттарға шықты, арнайы Үкіметке хат жазды, қазір ет үйреніп кетті-ау жоқ Ердоғанның Олжас айтқандай агенті ме, шенеуніктер «сатыла» бастады ма?! Шіркін-ай, селк еткен үкімет, дүр еткен биліктен не депутаттардан біреу болмады-ау. Тек «тек жанашырлар» босқын болсын, кетсін деген ақылдан аспады! Мәжбүрлікпен кеткендер саны әжептеуірге барды-ау, аңырап қатын бала-шағасы қалды, олардың да визаларынан бітіп, қан жұтып уайымдауда. Визаны созбай, бақырайтып қинауда. Бұның ақ-қарасына жетіп жатқан кім бар?!!

    Reply
  • 18.09.2017 at 22:28
    Permalink

    Еліміздің білім саласына соны жаңалық енгізіп, үлкен нəтижеге қол жеткізген мықты мамандар саясаттың құрбанына айналмауы тиіс…

    Reply
  • 18.09.2017 at 22:30
    Permalink

    Қазақстан əлі күнге дейін қазақ-түрік лицейі секілді озық білім ордасын құра алған жоқ.

    Reply
  • 18.09.2017 at 22:32
    Permalink

    Дəл солай қосыламын!

    Reply
  • 18.09.2017 at 23:27
    Permalink

    Мойындайтын жерін мойындауымыз керек. Түрік мұғалімдеріне қысым көрсетіп, олардың визасын ұзартпай отырғандар сөзсіз Түркия жансыздарының ақшасына құныққандар

    Reply
  • 19.09.2017 at 02:11
    Permalink

    “Құдайдан қорықпағаннан қорық” өз еліне өзі зобалаң туғызып басқа елге барып иманды жаны таза пірəдар болып, тіпті көзіне жас алып дарынды əртіс екенінде көрсетіп жүр. Ел ақымақ емес ғой барған жерлерінде “гуленшілер” деп мектептерге қырғыйдай тіип қырып жойып жауып ұстаздарын зар қақсатып жатқанын əлем көріп біліп оқып отыр. Басқа ел ғой оның ішкі істеріне араласпайық десек енді сүттей ұйып ширек ғасырдан бері бауыр болып, кеткен түрік ағайындардың қиналғанын көріп жүрегің езіледі. Түрік ұстаздарының келген тарихын еске алайық қиын кезде тəуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында келіп, тəуелсіздігіміздің тұғырлы болуына сіңірген еңбегін ешкім өшіре алмайды..! Ия өкінішті Ердоған бастаған үкімет біздіңде елдің мазасын алып бітті ..Біз білмейтін саясат болар, қыр сырлары болар дегенмен енді əрі қарай шыдау мүмкін емес…! Тірі жесір жетім əйелдер мен балаларды қалай жылатамыз түрік бауырларымызды ,сан ұлтты бауырына басқан мейірімді қазақ елі тарихта қалған жоқпызба…?! Осыншама жастығын білім парасатын иманын жанын жастығын берген түрік бауырларды жылатып қойсаң ертең тарих алдында қарабет болмаймызба..?!! Кемеңгер елбасымыз нүктесін қойды, енді қалғаны Үкіметке сын…! Тарихта үйсіз күйсіз тоз тоз болған мыңдаған қазаққа жер беріп азаматтық біріп алтын əріппен А .Мендерестің аты қалса елімізді отанымыз ата жұртымыз деп барын берген, тілегімізді тілеген үйлі жайлы азға қанағат еткен қыспаққа шыдаған сабырмен қараған жақсылықты қазақ елінен күткен түрік бауырларымызға халқым, Үкімет араша түсетін кез жетті..!Кеткен түрік бауырларымыздың отбасы ел аман жұрт тынышта адам аятын нхалге түсті не деп жұбатарыңды білмейсің,соншалықты сабыр парасаттарына таң қаласың Біз шын мəнісінде мейірімді Алла деген халықпыз. Бұл күндер өтер ертеңізге ұятты болмайық.! Олжас мырзаға, толық қосыламын, Алла разы болсын..! Жоғарыдағы мырзалар,ашық хатқа ашықжауап берсін..!

    Reply

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған