Қазақтан шыққан тұңғыш балерина — Нұрсұлу Тапалова

Отызыншы жылдардың басында қазақ музыка ғылымының атасы Ахмет Жұбанов бастаған комиссия Ойыл ауданына сапарлады. Қонақтар құрметіне жайылған дастарқан мен төгілген ән мен күй меймандардың мерейін өсіре түсті. Әсіресе сол кеште дөңгелене би билеген бүлдіршін қыз елдің назарын аударған-ды. Би біткенше қылт еткенді қалт жібермейтін Ахаңның қырағы көзі сиқырлы сүйрік саусақтарға қадалды да қалды. Ауылдан аттанарда астанаға шақырылған өнерлі жастардың ішінде 11 жастағы Нұрсұлу да бар еді. Әйтсе де әртістік өнерді жын-шайтандай көретін сол тұстағы ауыл психологиясы талай таланттың танылуына тосқауыл болғаны анық. Алайда солардың арасынан тұлымы желбірген Нұрсұлудың ғана кейін Алматыға аттануына әкесі Елубайдың ықпалы зор болғанға ұқсайды. Ойылдан шыққан отарбаның үшінші қабатында теңселіп, Алматыға жеткен Нұрсұлудың қиялына қанат бітіп, сол сәт қатты қуанғаны да есінде. Дегенмен пойызға салып тұрып: «Қызым, Алматыға барғанда ғана жерге түс. Аллаға аманаттадым өзіңді», – деп жанары жасаураған әкесінің бейнесі үнемі көз алдында тұрды. Алматыға келген 13 жастағы балауса қыз Мемлекеттік опера және балет театрынан бір-ақ шығады. Әйгілі балетмейстер А.Александровтың аялы алақанына түседі. Биге талабын байқаған ұстазы оған Мәскеу, Ленинград қалаларындағы хореографиялық училищелердің ұлттық би бөліміне оқуға түсуге кеңес береді.

Алайда Нұрсұлу өзінің алғашқы өнер мектебі әрі үлкен сахнасы қазақтың опера театрында қалғысы келді. Жас бишінің есімі елге күннен-күнге таныла түсті. Ол Александров жетекшілігіндегі театр студиясында оқып жүрсе де, сахнадан сырт қалған жоқ. Кейін би падишасы Шараның рөлдерін Нұрсұлуға ғана сеніп тапсыратындай деңгейге жетті. Бидегі шеберлігі сонша Нұрсұлудың «Қыз Жібек», «Қалқаман-Мамыр» қойылымдарында Шараны алмастырғанын көрермен тіпті аңғармай да қалатын. 1938 жылға дейін кардобалет әртісі, кейін балет бишісі болған Нұрсұлу қайталанбас образдар жасап шығарды. Әсіресе прима балерина бола жүріп ұлттық операларда жеке билер шығарған оның тұнып тұрған талант екенін елдің бәрі мойындаған тұс та осы еді.

Нұрсұлу Тапалова

Ел арасында Нұрсұлу Тапалова десе, «Ооо, Зарема!!!!» деп бас бармағын көтеретін деңгейге жеткен жас бишінің атағы күн санап жайылып келе жатты. Бұл туралы әріптесі, халық әртісі Болат Аюханов «Менің балетім» деген кітабында: «Нұрсұлу – бисіз өмірін елестете алмайтын нәзік жан. Ол атақты Галина Улановнамен «Бақшасарай бұрқағында» Зареманың рөлін ойнады. Нұрсұлу Зареманы классикалық дайындықсыз биледі. Алайда оның Заремасы нағыз шығыстың аруы болып шықты! Оның биін көріп отырып биге елітіп кетпеу, ғажайып сұлу биіне қарай отырып, оның тартымды әсеріне ерекше бой алдырмау мүмкін емес-тін. Нұрсұлу Тапалова дәстүрлі классикалық би өнерінің толып жатқан қым-қуыт қиындығын орасан зор ерекше күшімен жеңе білді. Ол қиындығы мол ерекше тәсілдерді бейнелер арқылы сомдап, олардың нәзік сезімдерін көрерменге айрықша жеткізе білді. Бұл биші нағыз ұлтының бағына жаралған» деп жазды. Оған қоса Нұрсұлу апамызбен «Аққу көліндегі» испан биін билегенін есіне алған Болат Аюханов «Мен оның қасында жүріп ертегідегідей әдемілікті сезіндім. Ол билеген «Ер Тарғын» операсының соңғы актісіндегі биі ерекше еді. Нұрсұлу билеген сиқырлы сахнаға қарай бергің келетін» деп еске алыпты («Ақтөбе» газеті, 2008, 28 ақпан). Иә, сахна мен көрерменді Тәңіріндей көретін Нұрсұлу Тапалова билер алдында қатты толқып, әртістердің бірі кешігіп жатса мазасызданып, тіпті кейде найзағайдай шытынап кетеді екен. Алайда сахнада қанат біткен көбелекке ұқсайтын оның жүзінде әлгіндегі ашудың ізі де қалмай, оның орнына оймақтай қана әдемі шұңқыр пайда болып сала беретін-ді…

Нұрсұлу Тапалова

Нұрсұлу төккен нұрға шомыла жүріп, оның өміріне көлеңке түсіргендер де болды. Тасадан тас атқан театр интригасы балеринаны биігінен құлатқысы келді… Ақыры 1953 жылы отызға енді ғана шыққан Нұрсұлу театрдан кетіп тынды. Оның талантына тағзым ететін Болат Аюханов бишінің үлкен сахнадан ерте кеткенін талай мәрте айтып та, жазып та жүрді. Бірақ, естір құлақ пен көрер көз болмады. Театрдан кетіп, ән-би миниатюрасы жанрындағы эстрадалық салаға ауысқан биші Жамбыл атындағы филормонияға қызметке келді. Бұл жерде Одақ пен демократиялық республикалардың ән-би ансамблінің жеке бишісі болып қызмет етті. Оның репертуарында қазақ, қырғыз, өзбек, армян, испан, орыс тағы басқа ұлттардың билері болды. Өз рөлдерін кәсіби деңгейде сахнаға алып шыққан Нұрсұлуды алыс-жақын шетел таныды. Әсіресе, Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде өнер көрсеткен Нұрсұлудың биі туралы сол кездегі Одақ республикаларының баспасөзі жарыса жазып жатты. Ол билеген әзірбайжанның «Джуджәләрім» биі талай жанды таңғалдырды. Ол адам бойындағы мейірімділікті, перзентке деген махаббатты би өнерімен ұғындыра білетін хас таланттың нағыз өзі болатын.

«Құрқылтайдың ұясы» һәм бақытты өмір

Өнердегі ғана емес, өмірдегі бақталастары Нұрсұлудың басынан бағын тайдыруға тырысты. Не үшін? Оған себеп те бар. Қыз-қырқынның көз құртына айналған жігіт ағасы Нұрсұлуға үйленді. Бишінің Құдай қосқан қосағы – Шоқыр Бөлтекұлы. Кәдімгі қазақ боксының атасы атанған тұңғыш боксшы, бапкер.

Кезінде Бауыржан Момышұлының өзі: «Екі-ақ нағыз қазақ бар, бірі – мен, бірі – Шоқыр», – деген екен.

Қылыш жүзінен қан тамған қырқыншы жылдары өз тегін «ұлы» деп жаздырған тұңғыш қазақ осы – Шоқыр атамыз. Олар опера және балет театрының қабырғасында алғаш кездесті. Бұл отыз алтыншы жылдары Бөлтекұлының қазақ еліне бокстың былғары қолғабын арқалай келіп, «Бәрекелді!» дегізген тұсы-тын. Шаршы алаңның шаңын қаққан Шоқыр атамыз шәкірт тәрбиелеп, боксқа баулу үшін алақандай алаң іздеп, шарқ ұрып жүріп опера және балет театрының бір бөлмесін зорға сұрап алады. Күй таңдайтын күн емес, қаракөз бауырларын жанына жиған Шоқ атамыз жаттығуды бастап кетеді. Алпамсадай алып әрі шымыр денесі шиыршық атқан жас жігіт кез келген сұлуды қағып түсірердей келбетті-тұғын. Дәл осы театрда мың жігіттің меселін қайтарған мойылдай мөлдіреген Нұрсұлу Шоқырдың жүрегіне шоқ түсіріпті деседі. Әрине, театр әртістері шетінен көрікті келетіні сөзсіз. Сол жердегі сан сұлудың ішінен суырылып шыққан Нұрсұлудай жарына ағамыздың еркелетіп «Лучше всех» деп ат қоюы да содан шығар.

Шоқыр Бөлтекұлы

Олар бақытты еді. Әйтсе де, өмір бойы Жамбыл мен Масаншы көшелерінің қиылысындағы «Әртістер үйінің» құрқылтайдың ұясындай ғана бір бөлмесінде ғұмыр кешкен олардың тұрмысы тым ауыр болған көрінеді. Есімдері ел аузынан түспей тұрғанның өзінде беделін бұлдап алақан жайып көрмеген жандар екен. Белгілі журналист Мейрамбек Төлепберген ағамыз кезінде де, қазір де Шоқыр атамыз жайында жазудан жалыққан емес. Оның айтуынша, Шоқ атамыз бен би өнерінің биігіне көтерілген Нұрсұлу апамыздың ел алдындағы еңбегі елеусіз қалған. «Нұрсұлу апайды ең алғаш 1994 жылы Шоқыр ағамыздан сұхбат алуға барғанымда көрдім. Қызы үшеуі тұратын бір бөлмелі үйдің жүдеулігі сонша, көз тоқтатып қарарлық түк те жоқ. Ол кезде Бөлтекұлының атағынан ат үркетін. Солай бола тұра дүниеге қызықпаған қарапайымдылықты осы кісілерден көрдім. Тіпті Үкімет берген пәтерден ағамыздың өзі бас тартыпты. Оның: «Біз «Лучше всех» (Нұрсұлу апайды атағаны) екеуміз осы жалғыз бөлмеде тұрамыз. Бұл тұңғыш перзентім дүниеге келген, Шәкен Айманов, Бейімбет Майлин секілді достарым дәм татқан шаңырақ. Сондықтан бұл үй маған тым ыстық» дегені бар бір әңгімесінде. Кейін келе құдайы көршісі белгілі музыка зерттеушісі Петр Аравинді қимай қала берді. Ақтық сапарға да Жиренше айтпақшы, осынау «кең сарайдай боз үйінен» аттанды. Бұл менің дос пен салтқа адалдықты алғаш көруім! Ал апай туралы оған дейін естігендерім аңызға бергісіз еді. Сол заманның суретшілері қазақ қызының сұлулығын паш еткісі келсе Нұрсұлуды салады екен-міс. Жадау тұрмыстарына қарамастан сол кездегі апайдың келбетіне қарап «сапты аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейтініне» көзім жетті. Апайдың бір қасиеті сол, Шоқ атам секілді ол да өзі туралы айтқанды ұнатпайтын. Тіпті қанша сөзге тартқанымызбен шешіліп сөйлегенін көрмеппін. «Кезінде биледік қой» дейтін де қоятын. Атаққұмарлықтан ада адалдық пен абыройдың ақ туын жықпайтын жандардың бір-бірін тауып қосылғандарына таңғалғаным әлі есімнен кетпейді», – деп еске алады.

Белгілі адамдардың белгісіз қырлары

Шоқыр Бөлтекұлы боксшы ғана емес, кәнігі қылқаламшы. Кезінде Бакудың көркемсурет училищесін бітірген оның суретшілік қырын жоғары бағалаған жан Б.Майлин болатын. Татардың ұлы жазушысы Ғабдол Тоқайдың суретін салуға тапсырыс берген де сол. Тіпті оның «Қазақфильмде» суретші болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Ал Нұрсұлу апай мың бұралған биші ғана емес, «Жамбыл», «Белые розы», «Киноконцерт» фильмдеріне түсіп, актриса атанды.

Иә, олар қазақ үшін өмір сүрді. Бірі спортқа, бірі өнерге өлердей ғашық еді. Олардың қарапайымдылығы сонша, өз есімдерінен гөрі қазақ атының көбірек аталғанын қалады.

Жоғалған жұлдыз ізімен

Қазақтың қос ұлы перзентінің көзін көрген кісілерден олардың Ақтоты, Ақсұлу есімді қыздары болған дегенді естігенбіз. Жамбыл мен Масаншы көшелерінің қиылысындағы үш қабатты сары үйді іздеп таптық. Бағытымыз – «Әртістер үйі». Аулада кездескен жаннан жөн сұраймыз. Бір кезде жоқшы екенімізді байқады ма, күн шуақтап отырған орыс әжей бізге таяп келді. Осы сәтті пайдаланған біз де бағытымызды түсіндіріп әлекпіз. Өзінің елу сегізінші жылдан осы үйде тұратынын айтқан әжей іздеген жандарымыздың осында тұрғанын айтып жөн сілтеді. Үшінші қабатқа көтерілдік. Есікті қақтық. Ешкім ашпады. Сол қабаттағы екі-үш есікті қағуға тура келгенмен жан баласы ешнәрсе білмейтін болып шықты…

Айтуға оңай бағдарламасы
Айтуға оңай бағдарламасының Шоқыр Бөлтекұлы мен Нұрсұлу Тапаловаға арналған шығарылымы

«Бір білсе сол кісі білер-ау» деген соқыр үмітпен Шоқыр атамыздың шәкірті, халықаралық дәрежедегі төреші, бапкер С.Әбдінәлиев ағамызды іздедік. Таптық. Ол кісінің айтуынша «Әртістер үйіндегі» бір бөлмелі үйді қыздары сатып, басқа жаққа көшіп кеткеніне біраз болған. Мекенжайларын жиі ауыстыратыны соншалық, қазір я Маловодное ауылында, не Қарғалы ауылында тұрады деп естуі бар.

Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрына тиіп сол жаққа телефон шалдық. Мақсатымыз – кейіпкеріміз туралы титтей де болса дерек табу. Алайда ондағылар «театрды жөндеуден өткізерде барлық құжаттарды Орталық мұражайға тапсырғанбыз» деп аузын қу шөппен сүртті. Ендігі бағытымыз – Селезнев атындағы хореографиялық училище болды. Дерек таппай дағдарған біздің жолымызды оңғарып, биші, балерина әрі осы оқу орнының мұражай меңгеруші Анвара Әріпқызы кездесе кетті. Осындағы мұражайдың қақ төрінен орын берген ұлы бишілер арасынан Нұрсұлу Тапалованың да бейнесі жарқ етті. Бізге керегі осы еді. Аталған оқу орнының қызметкерлері жәрдемін аямады. Құрттай ғана білім ордасының қазақтың есімі елеусіз қалған жұлдызы Нұрсұлу Тапалова туралы азды-көпті деректерін сары майдай сақтап қана қоймай мұражай төрінен орын бергені де кенезесі кепкен көңіл құрғырды бір көтеріп тастады.

Бұдан шығып Орталық Мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалары мұрағатына қарай бағыт түзедік. Мұрағатта Нұрсұлу Тапалованың елуінші жылдары түсірілген билері бар таспалар сақталыпты. Қалың қауымның ортасында кілем үстінде мың бұрала билеген оның жанарының жарқылы мен бетіндегі қос ойық, көз ілестірмейтін жылдамдықта қозғалатын буынсыз білек пен сүйір саусақтарға қадалған көзді тайдырып әкету мүмкін еместей. Сірә, тартылыс күші дегеннің құдіреті осы шығар… Сұлу сиқырдың ішінде отырғанда кенет көз алдымызда көлбеңдеген басқа кейіпкер елес берді…

«Білесіз бе, мен ол кісіні кездейсоқ көшеден кезіктірдім. Кім біледі мүмкін танымас па едім. Бірақ, білесіз ғой, пендешілік пайыммен біреу елден ерек қымбат, не өте жадау киінсе соған назар аударатын әдет емес пе? Апайдың үстіне ілген киімінің жұпынылығы сонша, аяп қарадым. Өзіне қадалған жанарды сезді ме, ол бір сәт маған жалт етіп қарады. Жүрегім дір етті. Нұрсұлу Тапалова. Кәдімгі аты жер жаһанға жайылған Нұрсұлу апай ғой мынау… Өзгерген. Тек бір кездегі сұлу жүздің сарқытынан сыр шерткен қара көздегі жарқыл ғана. Тамағыма тас тұрғандай үнім шықпай қаттым да қалдым. Ол кетіп бара жатты. Егде тарқан сайын еңкейе түсетін қарапайым қара кемпірге келіңкіремейді. Сұңғақ та кәнігі балериналарға тән қос табанын көлбеу тастай такаппар да асқақ жүріс…». Бұл Шара Жиенқұлованың шәкірті, биші Ғайникамал Нығметжанқызының естелігі.

«Жоқ! Бұл – Нұрсұлу Тапалова емес» дейді бізге жанұшыра жан даусы шыққан іштегі үн. Иә, ел білетін Нұрсұлу сахнада ақ көбелекке ұқсап ұшып жүретін… Оның бетінде күлгенде пайда болатын әдемі қос шұңқыр бар еді… Өмір-ай десеңізші.

Бишіні ешкім жоқтамады

Хош делік, шеңберге сыймаған Шоқыр атамыз да өтті шолақ жалғаннан. Ізін басқан шәкірттері Серік Қонақбаев, Серік Әбдінәлиев, Болат Нұрсейітов, Болат Мәнкенов бастаған бір топ боксшы жігіттер арулап шығарып салды. Осы кезді көз алдына әкелген Серік Әбденалиев ағамыз: «Үйдің жағдайы кісі қабылдайтындай емес еді. Дереу Серік (Қонақбаев) кісі шақыртып үйді әктетті. Мал сойғызды..», – деп еске алады. Кеңсайдан орын таппаған соң өрлеу жерді тегістеткісі келген боксшы жігіттер бульдозерге ақша таппай шарқ ұрады. Абырой болғанда Кеңсайдың сол кездегі бастығы Шоқыр атамыздың шәкірті болып шығып, батыр Баукеңнің қасындағы кішкентай бос орынға жерлеген екен. Сөйтіп, бір кездері «ов-қа» ожырая қарап, ұлтының «ұлы» екенін мойындатқан қос бірдей ұлы жүрек бір жерде тоғысты.

Араға төрт жыл салып Нұрсұлу апамыз өмірден өтті. Қыздары Тоты Серік Әбдінәлиевке хабарласып, анасының өмірден озғанын айтады. Тағы да Серік Қонақбаев бастаған 3-4 боксшы жігіттер бас қосып, мал сойып, ақырғы сапарға аттандырады. Өкініштісі сол, жаназаға боксшы жігіттерден басқа тірі жан келіп көңіл айтпаған. Тірі жан! Өнерін өміріне балаған, 13 жасынан бастап күллі ғұмырын арнаған опера және балет театрынан да, бір кездері қызмет еткен «Қазақконцерт», Жамбыл атындағы филормониядан да жан баласы бас сұқпаған. Тіпті боксшы жігіттер жалдап апарған жалғыз көлік өрге қарай жүре алмаған соң, С.Әбдінәлиев ағамыз бастаған алпамсадай жігіттер апамызды бейіт басына дейін арқаларына салып апарыпты…

Қараусыз қалған қабір

Жұма күні Жәрдем ағаның көлігімен Кеңсай жақты бетке алдық. Қорым басына жеткенімізде күн төбеден ауып кеткен еді. Көліктен түскен біз жолбастаушымыздың соңынан еріп келеміз. Батыр баба Бауыржанның басына тәу етіп әрі жылжыдық. Кенет кілт тоқтаған Жәрдем ағаға бір, төмпешіктен гөрі шөп шөмелесінің орнына көбірек ұқсас жерге бір қараған біз аң-таңбыз. Зират дейтіндей я қоршау, я құлпытас жоқ. Сұраулы жүзімізге қараған ағамыз: «Қазақ боксының атасы Шоқыр аталарың мен қазақ балетінің жұлдызы Нұрсұлу Тапалова апаларың осы жерде жатыр», – деді. Даусында діріл бар. Аруақтарға бағышталған құранға тізе бүгіп қол жайған біздің ішкі дүниеміз алай-дүлей. Ай мен күннің аманында аруақ алдындағы парызын ұмытпаған атам қазақ тірінің байығанын емес, өлінің риза болғанын қаламап па еді… Көз алдымызда шөп басқан төбе. Құдды осы шөп ұлыларын ұлықтай алмай жүрген біздің көзімізге түскендей жерге қараймыз. Қайран, жұмбағы көп қос жұдырық пен сырға толы сиқырлы саусақтың иелері! Бұл жалғандағы таршылықтан көрген құқайларың аздай, мәңгілік мекендеріңде де тыныстарың тарылып жатыр-ау!..

Біз орнымыздан тұра бердік. Әлдеқайдан қарқылдаған қарғаның даусы естіледі. Өлексеге үймелей қалатын қарға-құзғынды «жаман немелер жүз жасайды» деп жақтырмаушы еді бұрынғылар. Мағынасыз ұзақ жасағанның мәні қанша дегенді аңғартқандары шығар. Одан гөрі биігін бағындырған соң өзін қиядан тастап жіберетін қыран ерлігін мақтан тұтады. Осынау «От бол, от болмасаң жоқ бол!» деген ұлы өмір заңына ғана мойынсұнған тағдыр иелері Нұрсұлу мен Шоқыр алдында кінәлі жандардай ілбіп басып бара жаттық.

Түйін:

Бүгінде я Нұрсұлу апамыздың, я Шоқыр атамыздың атында не бір көше, не бір мектеп жоқ. Тіпті өмір бойы тұрған үйлеріне ескерткіш тақта да ілінбеген. Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықов та кезінде талайлармен қолғап түйістірген «ежелгі» боксшылар екенін ел біледі. Ол аздай еліміздегі Бокс Федерациясының президенті Тимур Құлыбаев Шоқ атамыздың төл шәкірті белгілі боксшы Асқар Құлыбаевтың ұлы. Ендеше тізгін ұстаған былғары қолғапшылар Шоқыр атамыздың басын қарайтса, құрылғанына 75 жыл толған опера және балет театрына Нұрсұлудай өз талантын тарих тұңғиығынан аршып алу ғана қалады. Сонда ғана республикалық деңгейде Нұрсұлу Тапалова атындағы бишілер байқауы мен Шоқыр Бөлтекұлы атындағы спорт мектебі ашылса ғой деген ел үміті ақталып, аруақ алдындағы парызымыз өтелер еді-ау!

Динара ІЗТІЛЕУ
Анар ДҮЙСЕНБАЙ

szh.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған