Қазақтың ең жас композиторы Нұрәлінің 30-дан аса туындылары бар

Әрбір адамның жүрек түкпірінде бір сиқыр бар тәрізді көрінеді. Бұл ғажайып сырға толы сандықта неше түрлі арман-мақсаттар жатады. Ал бұл сандықтың ең түбінде немесе кейде жарық жұлдыздай алға шоқ етіп шығатын өнер деген құдірет бар. Жарық жұлдызы төрт жасынан жарқыраған Нұрәлі Бейсеқожа еліміздің ең жас композиторы боп танылған. 6 жасында әуен жазып, бірте-бірте әуендері үлкен шығармаларға айналған жас дарын қаламыздағы А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының 7-сыныбында «скрипкадан» жеке сабақ оқиды. Музыканың қара шаңырағында ол өз дарынын одан сайын жетілдіріп, тек фортепианода ғана емес, сондай-ақ скрипка аспабында да шебер ойнауды үйренген. Нұрәлі бос уақытын доп қуалап, ойын ойнаумен емес, фортепианода ойнаумен өткізеді.

— Нұрәлі, кейде музыка жанның емшісі деп айтып жатамыз, жанға емші болатын әуенге деген әуестік сенің бойында қай кезден басталды?
— 4 жасымда фортепианода өздігімнен ойнап, 6 жасымда алғашқы әуендерімді шығара бастадым. Сол кезден бастап өнерге деген, әуенге деген қызығушылық пайда болды. Әуелде әуен жаза бастадым, кейін әуендерім үлкен шығармаларға айналды. Бос уақытымда өзімнің музыка әлеміммен бірге болғанды ұнатамын. Музыка жан тыныштығын сыйлайтын күш қой. Сөйтіп мен фортепианоммен бірге болып, өзімнің туындыларымды шығарамын.
— 6 жасында әуен шығара бастаған бала композитор биыл 13 жаста. 7 жыл аралығында қанша музыкалық шығарманың авторы атандың? Солардың ішінде жанына жақын, ерекше құлшыныспен орындайтын қай шығармаларыңды атап өте аласың?
— Бүгінде 30-ға жуық авторлық туындыларым бар. Бұл шығармалардың бәрі өзімнің ішкі жан дүниемнен шығатындықтан, маған олардың барлығы ыстық. Ал ең әсерлі туындым, ол Қазақстанның мәнерлеп сырғанаудан үш дүркін чемпионы Денис Теннің қазасына қайғыра отырып «Аққан жұлдыз» атты туындымды шығарғаным. Жас таланттың өмірден ерте озғаны маған қатты әсер етті, қатты ауыр тиді. Оның өлімі туралы қайғылы хабарды естігенде көңілім босап, өзімді жұбату үшін пианиноға отырып музыка шығара бастадым. Екі-үш күннен кейін ата-анама туындымды тыңдатып, оған атау қоюға бәріміз бірдей ойлануға кірістік. Бірауыздан «Аққан жұлдыз» деген атауды лайық көріп, шығармам сол атаумен жарық көрді. Бұл шығармадан басқа репертуарымда «Көктемнің алғашқы гүлі», «Болашаққа үміт», «Мерекелік вальс», «Жанұя», «Әлемнің жарық жұлдызы», «Күзгі вальс» және т.б. туындыларым бар.


— Қандай жанрда әуен шығарғанды ұнатасың? Және бойыңа біткен ерекше өнер ата-анаңнан дарыды ма, әлде туа біткен талант па?
— Жалпы шығармаларымның барлығы классикалық жанрда. Авторлық туындыларым европалық классикалық музыка стилінде. Мұндай музыка жазатын композиторлар қазір жоқтың қасы. Сол себепті де классикалық жанрда жақынмын.
Ата-анам өнер адамдары емес, бірақ Ғаламат пен Нұрсәт деген екі ағам әрі күйші, әрі композиторлар. Бойымдағы талант ағаларымнан дарыған болу керек, өз басым олардың жолын қуып, мен де композиторлықтың тізгінін ұстадым. Тек менің аспабым бөлек.
— «Аспабым бөлек» деп айтып өттің, фортепианодан басқа тағы қандай аспаптарда ойнауға қабілетің бар?
— Менің негізгі аспабым — скрипка, одан кейінгісі — пианино. Екеуіне де шығармалар жазамын, бұл екі аспапта туындыларымды шығарып, келешекте танымал музыкант болу үшін еңбектенемін.
— Өзіңе үлгі тұтатын композиторың бар ма? Сен болашақта әйгілі композиторлардан кімге ұқсағың келеді?
— Мен көптеген композиторлардың шығармаларымен таныспын, солардың ішінде маған туындылары көбірек әсер еткен композитор Фредерик Шопен. Ол — виртуоз пианист, оның шығармалары ой-қиялыңды көкке самғатып, алпыс екі тамырыңды қозғап, өзгеше әсер береді. Әлемдік ұлы композиторлардан бөлек маған қазақтың ән жанрының әйгілі майталманы, аса көрнекті сазгер Шәмші Қалдаяқовтың шығармаларын тыңдаған ұнайды. Әсіресе, Шәмшінің «Қазақ вальсіне» арнап өзімнің «Қазақ вальсі» деген музыкамды шығардым. Бұл — қазақ вальсі королінің шығармаларына деген құрметім. Мен өзім атап өткен музыканттардың өнеріне тәнтімін, ал оларға еліктеп щығарма жазамын деп айта алмаймын, себебі менің шығармаларым ешкімге ұқсамайды. Мен біреуге ұқсас болғым келмейді, стилі бөлек, әуені бөлек композитор болғым келеді.
— Бүгінге дейін жеткен жетістіктерің қандай? Алдағы уақытқа белгілеген қандай жоспарларың бар?
— Мен «Әлемнің жарық жұлдызы» атты жаңа композициямды еліміздің мақтанышы, дарынды әнші Димаш Құдайбергеновке арнаған едім. Оған Димаш ағам жоғары баға берді. Бұл мен үшін үлкен жетістік болды. Және де мен 2015 жылы, 3-сыныпта оқып жүргенімде «Kazakhstan music stars» атты жас музыкант-дебютанттардың республикалық байқауында «Қазақстанның ең жас композиторы» атағын алдым. Бұл сәттегі менің қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Болашақта бұдан да зор белестерді бағындырғым келеді. Алдағы жоспарларым: жеке шығармашылық кешімді өткізу, өз композицияларымды шетел сахналарында орындау. Тума талант Димаш ағасындай әлем сахналарын бағындыруды көздейді. Басты арманы елімізге танымал композитор болу. Қазақстанның келешегі осындай өнерлі балалармен өрге жүзеді. Оларға қолдау көрсетіп, талантын өшірмеу керек. Сонда ғана біздің елде де өнерлі жастардың қатары көбеймек.

Ақнар Қазезова

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған