Қазақтың жолы «байланып» тұр…

10 қыркүйек күнгі Мәжілісте Үкі-мет сағатында еліміздегі автожолдар мәселесі қаралды. «2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында автомобиль жолдарын дамыту» тақыры-бында өткен үкімет сағатына мүдделі министрліктер мен ведомстволардың, әкімдіктер мен өңірлердің, сондай-ақ «Қазавтожол» АҚ және БАҚ өкілдері қатысты. Отырысты ашқан вице-спикер В.Божко «Ұлт жоспары — жүз нақты қадам» жобасында 65-қадам Қазақстанды халықаралық көлік-коммуникациялық ағымдарға интеграциялау басымдығы деп белгіленгенін атап өтті. Атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндама жасап, бағдарламаның басты бағыты автожол саласы екеніне тоқталды. Бұл бағытта еліміздің автомобиль жолдарын реконструкциялау мен салу жұмыстары жүргізіліп, олар еліміздің ірі қалаларын сапалы инфрақұрылымға қосатынын және автомобиль көлігімен транзиттік жүк тасымалы көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беретінін айтты. Қазіргі таңдағы атқарылып жатқан жұмыстар мен проблемаларды да қағыс қалтырмаған министр жолдың төңірегіндегі мәселелерді кеңінен қамтып өткендей болды. «Орталықты батыспен байланыстыру үшін ұзақтығы бойынша масштабты Орталық-Батыс жобасын іске асырып жатырмыз. Жобаға Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз-Қандыағаш, Ақтөбе-Атырау-Астрахань және Атырау-Бейнеу-Ақтау бағыттары кіреді. Астанадан Арқалық пен Торғай арқылы өтетін көлік ағынын қамтамасыз ету үшін біздің бірінші кезектегі міндетіміз — Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарындағы бар желілерді қалпына келтіру. Бүгінгі күні Атырау-Бейнеу-Ақтау (798 км) учаскесі толық реконструкцияланған. Биыл Қандыағаш-Мақат (299 км) учаскесінде жұмыстар жүргізіліп жатыр», — деді Жеңіс Қасымбек. Министрдің мәліметінше, бұл жобаның кешіктірілуі Ислам даму банкінің қаржыландыруынан бас тартып, басқа қаржы көздерін қарастыру себебінен болды. Осыған байланысты, Ақтөбе-Қандыағаш (60 км) және Атырау-Астрахань (60 км) учаскелерінде 120 шақырым жолды реконструкциялау республикалық бюджет есебінен басталды, ал 2019 жылы барлық қашықтықта жұмыстар жүргізіледі.«Жалпы бұл учаскелер 2021 жылы аяқталады. Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз-Қандыағаш учаскесі бойынша келесі жылы жобалық-сметалық құжаттама жасау жұмыстарын аяқтаймыз және құрылысты 2020 жылдан кейін бастаймыз. Сондай-ақ шекара бойындағы аймақтардың көршілес мемлекеттермен сауда-экономикалық қарым-қатынастарын дамыту үшін Ресей Федерациясына шығатын Орал – Тасқала (100 км), Петропавл – Ресей Федерациясы шекарасы (61 км) жобалары іске асырылуда. Қытай Халық Республикасына шығатын Қалбатау – Майқапшағай (415 км), Үшарал – Достық (184 км), Таскескен – Бақты (20 км) жобалары да қолға алынған. Маңғыстау облысында Өзбекстан Республикасына шығатын Бейнеу – Ақжігіт (85 км) автожолдары реконструкцияланып жатыр», — деді Жеңіс Қасымбек. Министрдің айтуынша, сонымен қатар ішкі мобильділік үшін Щучинск – Зеренді (80 км), Қостанай – Денисовка (114 км), Жетібай – Жаңаөзен (73 км), Қордай айналма жолы (80 км), Ұзынағаш – Отар (96 км), Меркі – Бурылбайтал (266 км), Осинов асуы (32 км) және Талдықорған – Өскемен (763 км) автожолдарын реконструкциялау жұмыстары жүріп жатыр. Жеңіс Қасымбек сонымен қоса теңгенің құнсызданғанына қарамастан еліміздегі жол құрылысы жоспардағыдай жүргізіле беретінін мәлімдеді.

Министрдің баяндамасынан кейін сөз алған, Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сәбильянов «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы кө-лік инфрақұрылымын кең ауқымды жаңғыртуды қамтамасыз еткенін жеткізді. Автомобиль жолдарын дамытуға бағдарлама бойынша бюджеттен 2 трлн. 400 млрд. теңге қарастырылған. Бұл ел экономикасының одан әрі өсуі үшін автомобиль жолдарын дамытудың үлкен рөл атқаратынын көрсетеді. Өз кезегінде депутат автожол саласының дамуына теріс әсер ететін бірқатар мәселелерге тоқталды. Олар: автожолдар бойынша жобаларды іске асырудың бастапқыда белгіленген мерзімдерінің бұзылуы және оларды бірнеше мәрте түзету мәселесі, салынған автомобиль жолдарының сапасыздығы, сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізбеу проблемасы, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуді қаржыландыру, сонымен қатар жобаларды бекіту кезінде кейбір республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу жөніндегі жобаларды қаржыландыру жүйесінде ашықтықтың болмауы мен жол сервисінің дамымағандығы, сапасының төмендігі, сондай-ақ автожолдарда навигация жүйесінің болмауы секілді біраз жайдың басын шалып өтті. «Көлік инфрақұрылымын дамытуға бюджет қаражатының қомақты түрде құйылып жатқанына қарамастан, бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық рейтингісінің «Жол сапасы» индексі бойынша 2017 жылы Қазақстан 115-орын алып, алдыңғы жылмен салыстырғанда өз позициясын 8 тармаққа нашарлатты. Тендер өткізу рәсімінің ашық еместігі, мердігерлердің адал болмауы, делдалдардың — қосалқы мердігерлердің көптігі, сапасыз құрылыс материалдарының қолданылуы, автомобиль жолдарының сапасыз салынуына себеп болып саналады», — деді Нұртай Сабильянов. Көңілдегі көп сұрақ осылайша депутаттың аузынан айтылды. Мұның барлығы жасыруға келмейтін шындық еді.
«Мысалы, 2016 жылы «Боғас – Қарағанды» республикалық маңызы бар жолының «Тарбағатай – Аягөз» учаскісіне орташа жөндеу жүргізу кезінде бірнеше мердігер тартылған. Олардың әрқайсысы асфальтты әртүрлі тәсілмен төсеген. Салдарынан жол сапасыз салынған және қазірдің өзінде ол бұзылып жатыр. 2016 жылға жоспарланған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің Шымкент пен Тараз қалаларының арасындағы жекелеген учаскілерді реконструкциялау жұмысы 2018 жылғы 1 қаңтардан әлі де аяқталмаған. Ұзындығы 245 шақырым болатын «Алматы-Талдықорған» автожолын реконструкциялауды аяқтау 2015 жылға жоспарланған. Алайда бұл жұмысты іс жүзінде ағымдағы жылы ғана аяқтау күтіліп отыр. Дегенмен, бұл жол 6 жыл бойы салынып жатыр», — деп аяқтады сөзін депутат.
Қазақстандағы жол мәселесі көпшіліктің көңіліндегі жүрген түйткілді мәселелердің бірі. Елбасы да осы төңіректе талай бастамаларды жолға қойды. Өкінішке қарай жолдарымыздың кедергісі өте көп екен. Қазірге дейін «әлемде теңдесі жоқ немесе Орта Азияда баламасы жоқ» делініп жер-көкке сыйғызбай мақтайтын жобаларымыз, жыл айналмай жатып шатқаяқтап жататынын қайтерсіз? Қаншама тағдырлар жол үстінде қиылды? Қаншама шаруа өз өнімдерін алысқа тасымалдай алмай отыр? Мемлекеттің дамуына айтарлықтай әсер ететіндігін біле тұрып, біздегі қаржының көбі атаққұмарлық үшін жұмсалатыны несі? Сұрақ көп еді… Министрлер білмейме десек, біздер қателесіп жүр екенбіз. Депутаттар білмейме десек, олар да біледі екен… Ал енді қазақтың жолы қашан оңалады? «Байланған» жолымыз қашан шешіледі?

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған