Қазақ елі «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуге толықтай дайын

  «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының департамент басшылары журналистерге халықаралық көрмеге дайындықтың қалай жүргізіліп жатқандығы жайында есеп берді.

Аталмыш компанияның Басқарушы директоры Бейбіт Қарымсақов барлық нысандар көрмеге дайын екендігін алға тартты. Алайда көрме аумағын абаттандыруға қатысты бірен-саран жұмыстар әлі бітпеген.

«Біз «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің басты дайындық жұмыстарын аяқтап жатырмыз. Осы уақытқа дейін көптеген істер тындырылғаны мәлім. Бүгін барлық обьектілеріміз дайын. Ал көрме аумағындағы абаттандыру жұмыстары жақын уақытта бітеді. Бүгінгі басты мақсатымыз – «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін жоғары деңгейде өткізу. Соңғы бірнеше апта бойы біз көптеген оқу-жаттығу өткізіп, төтенше жағдайларға дайындық жүргіздік. 10 маусымға дейін көрме аумағы келушілер үшін жабық болады», – деді директор.

Ал Коммерцияландыру департаментінің директоры Дәурен Еркімбеков турникет жүйесі мен тамақтану орындарының көрмеге тас-түйін дайын отырғандығын жеткізді.

«Бүгін көрмеге келушілер тегін билет алуға мүмкіндігі бар. Олар турник жүйесі арқылы көрме аумағына кіре алады. Осылайша, біз турникет жүйесінің қаншалықты деңгейде дайын екенін тексеруге мүмкіндігіміз бар. Енді тамақтану орындарына тоқталайын. Барлық аумақта әрлендіру жұмыстары аяқталды. Алайда кейбір аумақта жұмыстар жүріп жатыр. 10 маусым күні барлығы дайын болады», – деді басшы.

Халықаралық қатысушылар мен жұмыс департаментінің директоры Илья Оразақов халықаралық қатысушыларға павильондардың толықтай пайдалануға берілгендігін жеткізді.

«Қазір біз көрмені өткізуге толық дайынбыз. 126 мың текше метрді құрайтын көрме аумағындағы павильондар дайын. Қазіргі таңда құрылыс аяқталмаған 4 мемлекет бар. Олар Шри-Ланка, Пәкістан, Беларусь, Словакия. Аргентина өз павильонындағы құрылыс жұмыстарын бүгін аяқтады. Ал қалған мемлекеттер құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтайды. Жалпы қатысушы елдер көрмеге 100% дайын. Біз халықаралық қатысушылардың операциялық құрамын дер уақытында жасақтадық. Әрбір павильонның 30-дан 150-ге дейін қызмет көрсететін жұмысшылары бар. Олардың барлығы да Астанада. Бүгін біздің қатысушыларымыз 11 павильонға бара алады», – деді ол.

Сонымен қатар Қауіпсіздік департаментінің директоры Рүстем Шәкенов көрме аумағында қауіпсіздік баса мән берілгендігін атап өтті.

«Барлық жоспарланған жұмыс ойдағыдай атқарылды. Тиісті құрал жабдықтар алынып қойылды. Бейне-бақылау, дабыл қағу жүйесі, бақылау-басқару жүйесі 100% дайын. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты құқық қорғау органдары мен жеке күзет құрылымдарының қызметкерлері қажетті оқыту курсынан, тілдік дайындықтан өткізілді. Жексенбілік топтарды жасақтауға біз бар күшімізді салдық. Олар 1 сағаттың ішінде шамамен 13 мың адамды қабылдай алады. Бұл ретте күту уақыты 30-40 минуттан аспайды. Бұған қоса, жексенбілік топтарға шетел тілін білетін еріктілерді де көмектеседі», – деді басшы.

Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында Сервистік қамтамасыз ету департаментінің директоры Дияс Әзбергенов «ЭКСПО-2017» көрме кезінде қанша медициналық қызметкердің жұмыс істейдігін айтты.

«Біз жұмыстарды қалалық әкімдікпен және жол полициясымен бірлесіп атқарудамыз. Сондай-ақ, дайындық барысында көрме аумағында орналастырылған 7 медициналық бекеттің де жұмысын сынақтан өткізуді жоспарлап отырмыз. 8 жедел жәрдем көлігі тұрақты түрде кезекшілік атқарады. Ал медициналық қызметкерлердің жалпы саны 210. Олардың қатарына дәрігерлер, фельдшерлер, реаниматологтар кіреді», -деді ол.

Ілгерілету және туризм департаментінің директоры Аллен Шайжүнісов шет тілін білетін 4 500 еріктінің арнайы іріктелініп алынғандығын қуанышпен жеткізді.

«Осы күнге дейін 4500 ерікті дайындалды. Оларды арнайы іріктеп алдық. 800 ерікті Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстарынан және Алматыдан келді. Күн сайын көрме аумағында 1500 ерікті жұмыс істейді. Алғашқы ауысым 10 маусымнан бастап шілденің 1-іне дейін. Одан кейін келесі айдың ауысымы келеді. Ал үшінші ауысым тамыздан 10-қыркүйекке дейін болады»,- деді директор.

Ал Контент және іс-шараларды ұйымдастыру департаментінің дирекоры Марат Омаров көрме аумағындағы мерекелік шаралардың жоғары деңгейде өткізілетіндігін тілге тиек етті.

«Біз үш алаңда үш шара ұйымдастырамыз. Шара ұлттық күндер, энергияхолдар және амфитеатр алаңдарында өтеді. Бізде барлығы да дайын», – деп түйіндеді сөзін мерекелік шараларға жауапты басшы

Фото: Абзал Қалиев
 Baq.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған