ҚАЗАҚ ПЕН КАЗАК

Қазақ халқы үшін құрбан болған батырларға жырдан тұрғызылған ескерткіш. Автор

Ермак қаласына Ақсу деген ат берілгенде төбем көкке бір елі жетпей тұрған еді.

Біз – қазақпыз, мен – қазақпын, сен де қазақ, ол қазақ.
Қазақ үшін отқа түсіп жанғандар көп маздап -ақ.
Тауарихта аттары жоқ, біз білмейміз не керек?!!!
Қай рудан,- деп, қай жерден,-деп, сұрамаңыз қазбалап!!!

Бар шындықты жазу үшін, қолға алдым қаламды.
Ер ғып өсір, құл қылма,- деп, жасөспірім балаңды.
Жылнамалар жылғасынан жыраулардай жыр жазып,
Казактардың қылышы салған жазайын,- деп,жараңды. ..

Уақыт шіркін тұрмайды ғой, бір орнында аялдап.
Ал, оқушым келдім Сізге, ғасырлардан аяңдап.
Көне көз бір қариядан, естіген осы әңгіме,
Парыз санап жас ұрпаққа, беруді мен баяндап.

Балық аулап ерке Ертіске, барған едім көктемде.
Бозторғайлар әнге басып, қойлар жатқан бөктерде.
Бір қария мал қайырған, жайғасты да жаныма,
Көзін қадап көкжиекке, көп қарады өткелге.

Өмір-өткел білгендерге, кімдер жалдап өтпеді.
Қысқа айналған ынжықтардың, өмірінің көктемі.
Болашақты болжай алған, ұрпақ үшін қан төккен,
Батырлардан, өткен күннен, амал қанша жоқ белгі.

Ақсақалдың сол бір сәтте, не жатты екен ойында.
Жүрді ме әлде шежіре айтып, Хас батырдың тойында.
Бір тылсым күш қарияны, тұңғиыққа сүңгітті,
Ұмыттырып бөктердегі, жусап жатқан қойын да.

Түсті ме екен әлде есіне, жастық шағы шалқыған.
Сұлу құшып, сүйсінген сәт, жан-дүниесі балқыған.
Мүмкін, ерттеп көк дөненін, қиялменен қалықтап,
Сарыарқамды аралап жүр, жусан исі аңкыған.

Еске алды ма жиырма бесті, кеткен кезін бағынбай.
Өксітті ме өткен күндер, қалған қамал алынбай.
Шаужайына жабысып ап, жібермейді қарттығы,
Қуса-дағы желге мініп, жеткізбейді сағымдай.

Балаларын, немересін, мүмкін ойлап жабықты.
Бір жұмбақ жан, жаны неден, соншамалық қамықты.
Қайғысы оның көп болды ма, әлде мүмкін, таукымет,
Маңдайына әжімдер де, өрнек салып алыпты.

Қиял кетті таудан аққан, өзендей боп гүрілдеп.
Сол кездері шақырды әлде, қолын бұлғап, жүгір,- деп.
Дұға оқыды, болмаса әлде, түсініксіз мен үшін,
Ақсақалым көп отырды өз -өзімен күбірлеп.

Не ойлады, нені айтты, естімедім дауысын тек.
Неге сонша қиналды екен, тек жақсылық болсын деп.
Дәстүрменен аталардан, қалған бізге мұра боп,
Сәлем бердім жақын барып, «Алладан нұр жаусын»,*-деп.

Сәлемді алды ақсақал да, маған-дағы нұр тілеп.
Бақ қарасын қарағым,- деп, қыдыр мойынын бұрсын,- деп.
Жөн сұрады:- Қайдан келдің, қай рудансың қарағым?
Жалғыз куә Ертіс қана, ағып жатқан бүлкілдеп.

-Үш жұртымның бірі,- деген, нағашыма келіп ем.
Барқытбелдің күнгейінен, қалың Найман елінен.
Атпен жүрсе бес күндік жер, құс қанаты талатын,
Маған қымбат, сіз білмейтін, Ұржар атты жерінен.

Сол бір жерде кіндік қаным, тамған екен тамшылап.
Келдім мұнда шындық іздеп, тұлпарымды қамшылап.
Бабалардан бір дерек бар, соны айтпақ нағашым,
Тарихтардың қойнауынан, көрсем шіркін аршып ап.

Ұлы бабам ақ патшаға, қарсы шыққан тайсалмай,
Тұрса екен,- деп, қазағымның, шаңырағы шайқалмай.
Итжеккенде, Сібірде өлді, -Құл болма,- деп, басқаға,
Бір ғасырдай бар шындықты, жүрдік біздер айта алмай.

Ал, атаммыз болыс бопты, Бақты деген ауылда.
Ақтас деген жайлауы екен, Тарбағатай тауында.
Қызылдар кеп қырғын салып, Қытай асып кетсе де,
Ол жақта да қарайласқан, туған-туыс, бауырға.

Қытайда оның зираты да, іздеп бірақ таппадық.
Қарасақ та ол жақта біз. мұрағатты ақтарып.
Халық жауы деген атпен, ұлтшылдарым сотталса,
Егеменді ел болған соң, жатыр міне ақталып.

Кездер болған марқасқалар, себепсізден сорлаған.
Зар заман боп аспанымды, қайғы бұлты торлаған.
Басқаларға басты имеген, бабаларға өлеңнен,
Бір ескерткіш орната алсам, ерлікке тең сол маған.

-Пәлі,- деді ақсақал да, мына сөзге марқайып.
-Білмеген соң тарихыңды, жүре алмайсың шалқайып.
Сәтбек атты батырдың мен, ұрпағы едім балам-ай.
Жаза алмаймын амал қанша, қалдым міне қартайып.

Ақсақал да танысқан соң, ағытты әңгіме бұлағын.
Талай шындық естігенге, қанық болды құлағым.
Ауылым менің «казак қырған», жерде,- деген кезде мен,
Неге солай атады, – деп, ақсақалдан сұрадым.

-Жас екенсің сөз ұғарлық, балам саған не дейін.
Тыңдасаңыз болған тарих, біраз сырлар төгейін.
Көптен бері шешілмеп ем, ақтарайын бір шындық,
Айтпайын,-деп, жүрсем-дағы, бүлкілдейді көмейім.

Сол бір жерді «казак қырған», – деп атайды біліп қой
Аңыз емес, болған тарих, құлағыңды түріп ой.
Балықшысың, мүмкін ақын, баяндайын қарағым,
Сол кездерде, сол заманда, казак салған бүлік қой.

Кездер болған еркін жүрген қазақтан бақ таймаған.
Мыңғыраған малыменен байтақ жерді жайлаған.
Сол заманның батырлары, ерекше боп туылып,
Намыс үшін жанын қиып, басын оққа байлаған.

Көреген боп ақсақалдар, болашақты болжапты.
Бақ дарыған қазағымды, Қыдыр-ата қолдапты.
Әмеңгерлік жолды ұстап, бағынған соң халайық,
Жетім деген, жесір деген, түсінік те болмапты.

Хандарымыз бір жарғымын, басқарыпты халықты.
Шариғаттан көп ереже, басшылыққа алыпты.
Береке мен тыныштықтың, орнағаны соншама,
Болзторғайлар қой үстінде, жұмыртқалап қалыпты.

Сол тыныштық бұзылыпты, казактар кеп ауылға.
Арақ-шарап ала кепті, тыныш жатқан қауымға.
Мас болғандар қызды көрсе, қызартқан соң көздірін,
Қыз – келіншек күдік алып, шыға алмапты сауынға.

Атаманы Ермак деген, келген мұнда Сібірден.
Қазағымның байлығына, көзін қадап үңілген.
Құлқынның құлы болған, жалдамалы казактың,
Мәңгілікке осы жерде, қалатынын кім білген.

Сәтбек атам осы ауылдың, аңшысы еді сұрмерген.
Біреулерге жалшы болмай, аңшылықпен күн көрген.
Тоқалы менен бәйбішесін, қазақ үйде қалдырып,
Жасыбайдан құлжа атып, оралатын жүлдемен.

Қанша кедей болса – дағы, көрмепті ол бас ұрып.
Ар-ұжданы ешбір жерде, көрген емес басылып.
Жас тоқалын зорламақшы, болған кезде оралды,
Қолаңсасы қолқа жарған, Ермак деген басынып.

Мұндай сұмдық құлақ естіп, тіпті көзі көрмеген.
Қарс айрылды көкірегі де, ыза- намыс кернеген.
Басын шауып тастау керек, ескі дәстүр бойынша,
Мұндай қорлық көру деген, тең болады өлгенмен.

Дала заңы сондай қатал, әділ болған бірақ та.
Талай пенде шыдамаған, тағдыр салған сынаққа.
Қасым – ханның қасқа жолы, Жеті жарғы және де,
Жауап берген шешілмейтін, осындай бір сұраққа.

Осыны ойлап сөз сөйледі, қаңғып келген казакқа:
-Қандай қазақ шыдап тұрар, мынау болған мазаққа.
Бұл жалғанмен жалғап тұрған, жібіңді мен кесемін,
Қинамаймын тіпті сені, түсірмеймін азапқа.

Қазағымда қыздар көп қой, тоқал маған табылар.
Маздап жатқан жалын сөнсе, қайтіп қайта жағылар.
Кердең тартқан кеудеңдегі, басыңды мен алмасам,
Қалдықтарың қалса егер, кейін тағы қағынар.

Мен де ермін еңіреген, халық қамын жеген ем.
Бірақ сендей кінәсізді, зарлатқам жоқ дегенмен.
Сасық теке секілденіп, сапсиғанмен сақалың,
Қоштасады ақымақ басың, кеудеңдегі денеңмен.

Белдеудегі қылыш түсті, осы сәтте ойына.
Парызды өте,- деп, атасы, іліп кеткен мойнына
Сан ғасырлар бұдан бұрын, бұл қылышпен бабасы,
Кәззәптердың басын алған, Арғын-өзен* бойында.

Сол қылышты батыр алды, ыза-кекпен қолына.
Жығайын,- деп, басынғанды, өзі қазған орына.
Ермак тағы батыр еді , жау жасқайтын айбыны,
Қоштасарын бұл жалғанмен, кеш түсінді сорына.

Екі аяқтан алшаң басып, тұрды казак талтайып.
Қолдан келсе қылып ал,- деп, тұрғандай ма шалқайып.
Қыннан шыққан алмас қылыш, қан сағынған талай жыл,
Шапқан кезде атаманды, құлады ол жантайып.

Ақ патшаны арқаланып, жүрген казак жалданып.
Жығылса да түрегелді, сасық кеуде паңданып
Қайқы қылыш жарқ еткенде, жерге түсіп домалап,
Бұл қалай,- деп, денесіз бас, кете барды таң қалып.

Сондай, қалқам бір оқиға. болған екен өңірде.
Ал, бабамыз намыс үшін, басын тіккен өлімге.
Казактардың басын алған, тарихымның куәсі,
Сол қылышы бабамыздың, іліулі тұр төрімде.

Шегіндірсек артқа қарай, өткен біраз ғасырды.
Басқа елге құл болғандар, көрсетпеді – ау асылды.
Қазағымның даласында, болған барлық шындықты,
Басқа жерге тығып бізден, мұрағатқа жасырды.

Қабанбайдай, Бөгенбайдай, батырларым қаншама,
Бала кезден сол жырларды, тыңдап өстік тамсана.
Мінбелерге шығып алып, дұшпан жоқта ер болып,
Ал, біреулер;- Батырмын,- деп , өзеурейді соншама.

Отар болған басқаларға, өмір-бақи қор болар.
Арландарым қоян болса, далам қалай қорғалар.
Ешқашанда ешбір жерде, намысыңды жіберме,
Арыстанды қой басқарса, арыстандар қой болар.

Қияметті айтсам егер, көтере алмас қырық құл.
Бар болмысты зерек көңіл, айтпай бәрін ұғып тұр.
Қазақ көрген қорлық аздай, Полигон,-деп аталып,
Абай атам туған жерде, бомба жарды қырық жыл.

Батырлардың ұрпағы еді, Сәтбек атты есілім.
Жазып кеткен жадымызға, қашап тұрып есімін.
Ал, осымен тәмәм болсын, казак қырған батырмен,
Жамай алман тарихымның, жыртығы мен тесігін.

Сын сағаты туған сәтте, бір қадам да шегінбе.
Намыс ұшін, Отан үшін, басыңды тік өлімге.
Төмен етек бір әйелдің, намысы деп қарамай,
Бар қазақтың намысы деп, білу керек тегінде.

Деп,-ақсақал бір күрсініп, шақшасын ап қолына.
Ұмыт болған хас батырды, есіне алды торыға.
– Сендер түгіл біз білмейміз, қайтейін-ай қарағым,
Бір тарихшы сөз жазбады, қазағымның сорына.

Талай жерді аралаттым, тарих атты қайықпен.
Өткен сондай бір замандар, жалшысы мен байы тең,
Әңгімемен байқамаппыз, күн де еңкейіп қалыпты,
Қайтайын ,- деп, тұрды орнынан, ақсақалым байыппен.

Мен де қалдым жағалауда, терең ойға көміліп.
Жас жүрегім тебіреніп, жыладым бір егіліп.
Бұрын-соңды өлең жазып, көрмесем де о тоба,
Осы жырлар келіп қалды, көмейіме төгіліп.

Құлдық сезім, құлдық сана, қалай одан сақтандық.
Казак атын мақтан етсек, нағыз құдай атқандық.
Қаны сұйық сол казакқа, ескерткіш те орнатып,
Ақсу атты қаламызда, құл болғанды мақтан ғып.

Нағыз ханның тұкымдары, басты ешкімге имеген.
Жауласа да жарты әлемді, дін-дәстүрге тимеген.
Казактарды қалқан қылған, княздіктін барлығын,
Шыңғыс – ханның ұрпақтары, үш ғасырдай билеген.

Шыңғыс десе жарты алем, бөркін шешіп тастайтын.
Біліп жүрсін ұрпақтарым, батырлар кім, қаскөй кім.
Қарыздан да құтылар ек, сол бабага орнатсақ,
Бір ескерткіш ортасынан, ойып тұрып Мәскеудің.

Намыс оты бір өшкен соң, қайта жағу болар мұң.
Сол намыстың қайдан білдік, қайда барып қонарын.
Желтоқсанда мұз айдында, Қайраттағы бұла күш,
Хас батырдың ерлігінің, сарқыншағы боларын.

Сексен алты сол кешінде, тұғырда түлеп қыраным,
Бас көтерді құл болмасқа, Қайрат атты ұланым,
Сұңқар тектес сол батырым, өлген кезде нақақтан,
Естігенде сөз таба алмай, үнсіз тұрып жыладым.

Басқа біреу, басқа тілде, басқарғанға төзбеді.
Есіне әлде түсті ме екен, Сәтбек – баба кездері.
Басы түгіл, тізесін де, имей кеткен ұланның,
Жүрегімде жазулы тұр, айтып кеткен сөздері;

-Әділеттік менің жолым, оған кәміл сенемін.
Мен бір бұтақ, аман болсын, қазақ атты еменім.
Еркек тоқты құрбандыққа, шалынады қашанда,
Бар қылмысым ұлтты сүйдім, ұлтым үшін өлемін.

Ұмытпадым қайда жүрсем, қазақ деген затымды.
Ту еттім мен намысыма, казак қырған батырды,
Халқым үшін өліп кетсем, арман болмас менде де,
Тарихыма қанмен жазам, Қайрат деген атымды.

Тәңір берген мына өмір, сорым ба, әлде бағым ба.
Жан берсең де сорлы болып, басқаларға бағынба.
Еңбектеген баламыздан, еңкейген сонау ақсақал,
Осы айтқан сөздерімді, жазып алсын жадына.

Ақтық сөзі осындай боп, кетті келмес көшімен.
Қоштаса алмай анасымен, туған-туыс, досымен.
Қайрат жайлы дастан жазса, қалар едім мен-дағы,
Бір ескерткіш көргендей боп, тарихымның төсінен.

Жантық болған ақындарға, талай батыр өкпелі.
Сәтбек батыр қазағымның , қыраны еді көктегі.
Казак-орыс, үш әріпті, кеудесімен қарсы алған,
Батыр жолын жалғастырған, Қайрат сынды көк бөрі.

Шындық іздеп Қабдеш, Мұхтар талай таңды атырды.
Ал біреулер:- Тарих жоқ,- деп, басымызды қатырды.
Құрдымдарға кетіп дәлел, бармақ қалып шайнауда,
Қолдан тарих жасағандар, мансап үшін сатылды.

Жау жоқ кезде батырлар көп, таласпағын олармен.
Бүгін батыр таба алмадым, ренжімеймін оған мен.
Жауға шауып атойлаған, қазағымның қыздары,
Сәтбек сынды Батыр туса, атқосшысы болар ем!!

Сөгілмесін іргең сенің, қазақ атты ұлысым.
Ұмытпаңыз халқым менің, Сәтбектердің ұлы ісін.
Бейкүнә ел қырғын көрмей, болашақта қазағым,
Тек музейден көрсе деймін, казактардың қылышын.

Біз білмейтін алдымызда, қиындықтар тұр тағы,
Ойлап кетсем көп болған ғой, тарихымның бұлтағы.
Мұны жазған білгің келсе, Шыңғыс-хандай батырдың,
Амалсыздан ақын болған, жиырма алтыншы ұрпағы!!!

* «Алланың нұры жаусын», – арабтың «Ассалаумуғалейкум», -сөзінің қазақша баламасы.
* Арғын-өзен – сібірдегі қазіргі Аргунь өзені.

Советқазы Нұрсила 
Тамыз 2007 жыл

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған