Қазақ тойындағы “сорақы” қылықтар

Тойда жаңа түскен келінді төрге отырғызу.
«Баяғыда келін төрге отыру үшін еңбек сіңіру керек болған. Оларға бала туғаннан кейін ғана ата-енесі үлкен үйдің төріне шығуға рұқсат берген екен. Ал қазір, қарап тұрсаңыздар, төрге апарып қақайтып отырғызып, қарияларды етекке жайғастырып қояды. Жас жұбайлар төрге шығып отырғанша барлығы қарап тұруы керек. Осының өзі біздің ұлттық дәстүрімізге қайшы.

 Жартылай жалаңаш қалыңдық көйлегімен келінге беташар жасау.
Біз кез келгендікін оп-оңай аламыз. Өзіміздікін көрсеткіміз келмейді-ау, келмейді. Қараңыздаршы, қалыңдықтың киетін көйлектерін қараңызшы. Кеуде түгел ашық, оның бетіне бір жапырақ фатаны жауып соған беташар жасайды. Денесінің жартысы ашық бәлеге беташар жасаудың қажеті қанша?! Неге сол жерде үлбіретіп тұрып сәукеле, ұлттық киім кимеске?! Бұрын қыздарды ұзатататын кезде қырмызы көйлек кигізген. Үйінен шығар кезде қыз қызыл көйлегін шешіп, өзі кестелеп тіккен ақ көйлегін киген.

 Қыз ұзатуда әкесімен вальс билеу.
Қазір қыздар ұзату тойында сыңсу емес, әкесімен қоштасу вальсін билейді екен. Астапыралла, қай қазақ қызын билеп жүріп күйеуге берген? Мұндай салт ешбір ата-бабамызда болған жоқ.

 Гүл лақтыру.
Кейінгі кезде қалыңдық ортада тұрып, артына гүлді лақтыратын әдет пайда болды. Сол тойда үлкен-кіші түгел жүреді, қыздардың әке-шешелері тұр. Байсырап бара жатқандай улап-шулап, соған таласып-тармасып, не көрінді сонша? Ұят нәрсе. Сол гүлді лақтырғанша, үкісін артындағы қыздарға үлестіріп бергені дұрыс. Енді ол келіншек болады, сәукеле киеді, бір жыл бойы соның желегін салады.

 Ата-енеге торт жегізу.
Тағы бір сорақы нәрсе – ата-енеге торт жегізу. Сол торт қай уақытта келеді? Ел әбден қызып, түйенің екі өркеші көзге төртеу боп көрінген кезде келеді. Оның алдында шам өшеді. Тойда шам өшіру деген ырымға қандай жаман. Қазақ шырағың сөнбесін дейді. Ал қуаныштың үстінде шам өшіру қазақтың дәстүрінде жоқ нәрсе. Содан кейін жігіт пен келінді ортаға шығарады. Ата-аналары қоса шығады. Шаңырақ көтеріп, жігіт болып жатқан азаматтың қолына әйелге ұқсатып, пышақ ұстатып, оған торт кескізеді. Келін әлгі тортты қасықпен енесінің, атасының аузына салады. Ол бүгін атасының аузына қасық тықса, ертең көзін шұқып алады ғой?! Кішкене әдептілік керек емес пе?

Бұл – бізде жоқ салт. Қазақта осы дәстүрді жасауға болады, “келіншай” дейтін бұрыннан бар. Келін түскен соң, ауылдың үлкендері келіннің тәтті шайын ішеміз деп келеді. Сол жерде келін ең алғаш сыннан өтеді. Оның отырыс-тұрысы, оның шай ұсынуы, баптауы сынға түседі. Содан кейін аталар бата береді. Әжелер қолындағы сақинасын білезігін «Итаяғыңа сал» деп шешіп кесеге сап береді. Ол тұңғыш баласын қырқынан шығарған кезде күмістерді суға салып, түсір дегені. Сол тойдың үстінде келін шай жасауға болады. Үлкендер отырған үстелге сызылып қана бір-бір кесе шай құйып берсе болады ғой?

 Құрсақ шашу.
«Қазір шатастырып жүрген салттар көп. Өткенде атақты әншінің бірі ай-күніне жетіп отырса да мешітте құрсақ шашу жасапты. Ол құрсақ шашу емес, жарысқазан жасайтын халге жетіп отыр ғой. Содан кейін тортты көріп зәрем ұшты. Торттың бетіне әдемілеп суретін салыпты. Іші шығып тұр. Енді сол тортты пышақпен кесетіні белгілі ғой. Оның басын бас, аяғын аяқ, қолын қол қылып, ішіндегі баласымен қосып кесіп тастайды. Неге ойланбады екен? Ол ырымға жаман ғой».

 Құрсақ шашудың мәні.
«Бұл дәстүр қай уақытта болады? Ол келіні жаңадан жерік болғанда орындалады. Жерік әйел көңілі неге тартып тұр, неге іңкәрі ауып тұрғанын білмей қиналады. Мінекей сол кезде енесі оның жерік асын тауып беру үшін ауылдағы әйелдерді шақырады. Барлығы үйлерінен бір-бір дәм алып келеді. Тамақ алып келеді. Не нәрсеге әуес екенін табуға тырысады. Мүмкін бір тамақ болмаса бір тамаққа көңілі шабар дейді. Тіпті оған ер азаматтар да сырттай аңның, құстың етін, балық, қарақат, мойыл секілді нәрселерді әкеледі. Өйткені жерік асты тауып беру сауабы мол, қасиетті нәрсе. Баланың қалай болуы, алдағы уақытта оның күш қуатының қандай болуы, оның иммунитеті осы жерік асқа байланысты».

 Қазіргі тұсаукесер тойы

Қазір баланың тұсауын үш адамға кескізіп жүр. Қанша той осылай өтіп жатыр. Бірінші ала жіппен, екінші көк шөппен, одан кейін тоқ ішекпен дейді. Қандай қисын бар? Балаң кімге тартсын деп тұрсың? Ала жіптің мән-мағынасын «Кісінің ала жібін аттамасын», – деп мүлде жеңілдетіп алған дейді. Сонда біреудің бірдемесін іліп кетпесін деп қана тұсау кесу керек пе?

Бұның мағынасы өте тереңде жатыр. Ала жіп деген тіршіліктің нышаны, тіршіліктің символы. Өйткені бір жаратушы жалғыз. Қалғанының бәрі екіден: ер мен әйел, ыстық пен суық, қараңғы мен жарық, қыс пен жаз осылай кете береді. Олар бірінсіз бірі болмайды. Жақсылық болған кезде асып-тасып кетпесін, жамандық келгенде басылып қалмасын, екеуінен тең өтсін деп пышақпен кеседі.

Қазір қайшымен кесіп жүр. Қайшы деген екі жүздің бір бірімен қайшылануы. Баланың өмір қайшыланады. Қайшымен кесуге болмайды. Артынан кескенді де көрдік. Бала артына жүрмейді ғой?!

Зейнеп Ахметова 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған