Қазақ ғалымы: Әйел еркектен бала туу арқылы ғана оза алады

Қазақ ғалымы балалардың әкесіне емес, анасына қарап өсетінін, сондықтан бірінші кезекте қазақ қоғамындағы әйел рөліне көп көңіл бөлу керектігін айтты.  “Бар болғаны әйел адам өзінің ер адамнан тек бала туу арқылы оза алатынын түсінгені жөн”,- дейді Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Алаш» мәдениет және рухани даму» институтының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлелұлы Темірбеков. Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлайды. «Әйелдің жаны» деген ұғым бар. Бүгінгі таңда көп әйел еркектермен бәсекеге түсіп, өздеріне тән нәзіктікті жоғалтып алып жатыр. Олардың жаны еркектеніп барады. Бұл – үлкен проблема. Әйел үй қыдырып, өсек айтып жүретін болса, бала надан болып өседі. Өйткені бала кімді жақсы көрсе, соған ұқсайды. Әкесі мың жерден ғалым болсын, баласы қой сауып, құрттап жүрген шешесіне ұқсайды. Өйткені әйелдің махаббаты кеудесінде, ердің махаббаты белінен төмен ғана», — деп атап өтті ол.

Ғалым «Байтал шауып бәйге алмайды» деген мақалдың дискриминация емес екенін түсіндірді. Айтуынша, байтал деген – әлі құлындамаған жас бие және олардың жарысы басқа болады. Қазақта бәйгеге ішінде төлі бар байталдарды қосатын болған. Себебі, олар мәре сызығына сол ішіндегі төліне бола бірінші жетуге тырысады. Кесіп өте салысымен бірден құлындайды.«Бұл жерде әйелдің жарысы мен карьерасы басқа екенін меңзеп тұр. Қазақта «Бір ұл тапқан қатын басына шылауыш алады, екі ұл тапқан төрге шығады, үш ұл тапқан үйіне сәлем бермейді, төрт ұл тапқан сұлтанның алдында, ал бес ұл тапқан ханның алдында иілмейді» деген сөз бар. Яғни әйел ер адаммен осы бала туу арқылы ғана оза алатынын түсінуі тиіс», — деп қорытты Омар Темірбеков.

 

media.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған