Қазақ ұлтшылдығына атылған сөз — жебе

Неге екенін қайдам, соңғы уақытта ұлтшылдар туралы, ұлттық мәселе туралы әңгіме көбейіп кетті. Әрине, ұлттық мәселе, оның ішінде қазақ ұлшылдығына деген сан түрлі көзқарастар — күн тәртібінен түспейтін тақырыптар, дегенмен өтірік пен өсектің, жалған түсініктемелердің шектен шығып бара жатқанын мойындауымыз керек.

 

Ортамызға от салушылар

Дос Көшім, саясаткер

Қысқасы, осы мәселелерге көз жүгіртіп, саралап көрсем деген оймен, ұлтшылдыққа байланысты орыс тіліндегі жарияланған мақалалар мен зерттеулерді шолып шықтым да… жағамды ұстадым. Біріншіден, соңғы бес-алты жыл бойы жарық көрген мақала-зерттеу-пікір-сараптама-сұхбаттардың басым көпшілігі ұлтшылдық, ұлттық мемлекет, қазіргі қазақ ұлтшылдығы дегенді білмейтін, не біле отырып білмегенситін адамдардың қаламынан шыққан сияқты. Екіншіден, әрқашан тек дерек пен дәйектерге сүйеніп, бейтарап пікір білдіруге тиісті зерттеушілер мен саясаттанушылардың көпшілігі Ұлтшылдыққа, оның ішінде Қазақ ұлтшылдығына деген негативті көзқарастарын, іштей қарсылықтарын бүркемелей алмапты. Бұл жерде журналистер мен редакторларға деген өкпем жоқ — олар нақты тапсырма алып, сол бағытта жұмыстарын жүргізеді, ал зерттеушілерге не жорық?
Өкінішке орай ма, әлде қуанышыма қарай ма ұлтшылдардың өкілі ретінде аты аталған бес-алты жанның ішінде мен де бар екенмін. Сондықтан жоғарыдағы саясаттанушылардың пікірлеріне өзімнің көзқарасымды білдіруге менің толық құқым бар деп ойлаймын. Әңгіме оларды сынап-мінеу емес, олардың «ғылыми тұрғыда, терең методологиялық тәсілдермен» жүргізген зерттеулерінің кейбір ұстанымдарына өз ойымды білдіру. Әрине, бұл пікірлерден саясаттанушы ғалымдар сияқты ғылыми талдау күтудің қажеті жоқ, мен көзіме түскен және терең саяси астары, ең қорқыныштысы, нақты арандатушылық жатқан үш мәселеге көзқарасымды білдіргім келеді:

 

Қазақ Ұлтшылдығының сипатын басқаша түсіндіру
(шын мәнінде адамдарды, оқырмандарды адастыру)

Біріншіден, саясаттанушылардың (бұл сөзді тырнақшаға алайын десем, олар, шын мәнінде маман саясаттанушылар. Алайда ұлтшылдық туралы жазғандарына қарап, оларды зерттеушілер қатарына емес, өздерінің орыстілді қауымдарының бүгінгі көзқарастарын қорғайтын жанбағарлар қатарына жатқызғым келеді) ұлтшылдық туралы анықтамасымен келіскім келмейді. Мысалы, Сұлтанғалиев Сұлтанбектің айтуынша ұлтшылдықтың екі түрі бар екен: «Существует две распространения форма национализма. Первая — это бытовой. Вторая форма — это национализм политический, который провозглашает приоритетность нации в общественно-политических процессах». Тағы бір беделді зерттеуші, Рүстем Қадыржанов «На постсоветском пространстве этнический национализм называют еще титульном национализмом. Тогда как гражданский национализм — это политический национализм». Қарапайым тілмен айтқанда, бұлардың түсінігінше, ұлтшылдықтың екі түрі бар; біреуі — әр адамның өз ұлтын жақсы көруі де, екіншісі — сол елдің азаматтарын өз ұлтындай жақсы көру немесе өзінің ұлтындай қабылдау. Екеуінің бір бірінен айырмашылығы бар екендігін көрсету үшін, ұлтшылдықтың екінші түрін — «азаматтық ұлтшылдық» немесе «саяси ұлтшылдық» деп те атаған. Осы жерде, «егер бір мәселені қыйындатқың келсе, қарапайым мәселені күрделі мәселеге аударып жібер» деген ақыл есіме түседі. Меніңше, ұлтшылдық сөзінің мағынасы — біреу-ақ (өзінің ұлтын — анасындай жақсы көру), бірақ оның іс жүзіндегі көрінісінде, шынында да алшақтық бар. Сондықтан көптеген ғалымдар ұлтшылдықты «өздерін басқа ұлттан жоғары қоятын негативті ұлтшылдық» және «өз ұлтының құндылықтарын қорғайтын, сол ұлттың жерін, тілін, мәдениетіне жаны ашитын позитивті ұлтшылдық» деп шартты түрде екіге бөледі. Қазақ ұлтшылдығы, әрқашан, өзінің ұлттық құндылықтарын қорғайтын позитивті ұлтшылдық болып келді. Бұл жерде «осы бір қарапайым шындықты біздің саясаттанушы ғалымдарымыз білмейді ме» деген сұрақ туады. Әрине, біледі. Бұған талас жоқ. Алайда Сұлтанбектер мен Рүстемдердің алдарына қойған мақсаттары жоғарыдағы анықтаманың аясынан бөлек жатқан сияқты. Меніңше, олардың ойы — біздің ұлттық құндылықтарымызды қорғауға бағытталған позитивті ұлтшылдығымызды — «тұрмыстық» не «этнический ұлтшылдық» етіп көрсету де, оған негативті реңк бере отырып, «азаматтық» немесе «саяси ұлтшылдыққа» қарсы қою. Айта кету керек, ұлтшылдық туралы сан түрлі анықтама бар, бірақ маған орыс ұлтшылы В.Распутиннің айтқан сөзі ұнайды. «Ұлтшылдық дегеніміз — өзінің анасын жақсы көру деген Распутин, – мен үшін менің анам — ең сұлу, ең мейірбан, ең ақылды, т.т. Бірақ менің өзімнің анамды жақсы көруім — басқа аналарды жек көру дегенді білдірмейді. Мен барлық аналарды құрметтеймін, бірақ өз анамның бақытты болуы үшін қолымнан келгенімнің бәрін жасаймын. Осыны — ұлтшылдық», — дейді.
Енді «саяси» немесе «мемлекеттік ұлтшылдық» туралы бірауыз сөз. Ұлт өзінің мемлекетін құрып, сол мемлекеттің барлық азаматтары сол ұлттың (мемлекеттің) тілін, тарихын, мәдениетін өз ұлтының құндылықтары сияқты қабылдаған уақытта — «ұлт» сөзінің орнына «мемлекет» сөзі қолданыла береді. Сонда ғана ұлт пен мемлекет ұғымы бірігіп кетеді. Өкінішке орай, біздер бұл деңгейге жеткен жоқпыз. Мемлекеттік тілді өзінің ана тілінен жоғары қоюды былай қойғанда, біздегі өзге ұлт өкілдерінің басым көпшілігі әлі күнге дейін Қазақстанды өзінің отаным деп танымайды, танығысы да келмейді. Өкінішке орай, бұндай жағдайда, бұндай елде «азаматтық» ұлшылдық ешқашан болмайды.
Ресей империясының, одан кейінгі Ресей империясының отаршылдық саясатын басқа тәсілдермен одан әрі жалғастырған Кеңес Одағының қорқатын басты сөзі — «Ұлтшылдық» болатын. Сондықтан осы сөзді — құбыжықтың атауы, ал ұлтшылдарды — «басбұзар», «басқа ұлттардың жауы», «мемлекетке қарсы жұмыс жүргізуші» етіп көрсету жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп отырды. Өкінішке орай, осы ұғым Кеңестік ортадан шыққан тәуелсіз қазақ қоғамында әлі күнге дейін сол қалпында қабылданады. Сондықтан болуы керек, біздің арамызда «Қазақ мәселесі көтерілсе, ол — ұлтшылдық, ал орыстың мәселесі көтерілсе, бұл — интернационализм» деген ащы әзіл бар… Өкінішке орай, ұлтшылдықтың қыр-сырын түсіндіретін саясаттанушылардың сиқы жоғарыдағыдай. Осы жерде «орыстілді қазақ саясаттанушылары қазақ ұлтшылдығына келгенде орыстың шовинистерінен де асырып жібереді» (сәл өзгертулермен) деген Лениннің сөзі есіме түседі.

 

Айтпағаныңды — айтты, істемегеніңді — істеді деп,
пәле жабу (жала жабу)

Ұлттық тақырыпта зерттеу жасап, сараптама жүргізіп жүрген саясаттанушылардың тағы бір тәсілі (қазақтар бұны «пасық тәсіл» деп атайды) — айтпағаныңды — айтты етіп шығару. Мысалы, Р.Қадыржанов мырза бір мақаласында қазақ ұлтшылдары өздерінің орыстанып кеткен қандастарын «шалақазақ» деп («…которые называют русифицированных соплеменников «шалаказахами») атайды депті. Өз басым және ұлтшыл бағытта жүрген менің достарымның ешқайсысының аузынан орыстанған қандастарын — «шалақазақ» деп атағанын естімеппін. Керісінше, солардың қатарынан нағыз ұлтшыл азаматтар көптеп кездеседі. Меніңше, бұл — өздерінің тілдерінен айырылған азаматтардың қуыстанып, «біздерді кемсітесіңдер» деп ренжіген түрлері… Кейде, ұлттық мәселе туралы сұхбат жүргізген журналистердің сұрақтарының өздері арандату бағытында беріледі. Мысалы, «Что изменится в стране с приходом к власти казахских националистов?» деген сұрақтың өзі аттан салып тұр. Алайда осы күнге дейін ұлтшылдар саяси партия құрып, мемлекеттік билікті алу мәселесін қойған жоқ. Бұл да — арандатудың бір жолы. Ал Рүстем Қадыржанов болса, «националисты хотят, чтобы все казахи принимали то, что они пропагандируют» деп, кез келген идеологияның мақсатын жаңалық ашқандай етіп көрсетсе, Рақымжан Ошақбаев «принуждать другие национальности самоидентифицироваться казахами, а не казахстанцами — значит грубо нарушить их право» деп ренжиді. Бұл ұранды кім айтты немесе қандай мәлімдемеде кездестірді — ол жағы қаратүнек. (Біз «Қазақстан халқы», «Қазақстан азаматы» деген терминдерге қарсы емеспіз, бірақ «қазақстандық ұлт» — ақылға сыймайтын мәселе. Баяғыда Кеңес одағы да «советтік ұлт» жасаймыз деп ұран көтерген…) Ұлттық мәселе — сол ұлттың ғана мәселесі, басқаларды қазақ қылу — біздің міндетіміз емес. Меніңше, бұл пәле жабудың астарында бір ғана мәселе бар. Ол — «қазақтың ұлттық құндылықтары жаңғырып, қайта тірілсе, басқа ұлттардың жағдайлары жаман болады» деген негізсіз қорқыныш, дәлелсіз тұжырым. Барлық қорқыныш, барлық жеккөрушілік, барлық ішкі қарсылық — осы үрейде ғана жатыр.
Олар «осы ұлтшылдар қашан біздерді «агрессорлар», «колонизаторлар» деп атайды екен, «қашан «Қазақстан — тек қазақтар үшін!» деген ұран көтереді екен деп 30 жыл күтті, бірақ ондай ұран естілмегеннен соң, сол ұранды өздері айтып, біздің аузымызға салуға тырысып бағуда. Естеріңізде болсын, 20-30-жылдардағы «алаштықтар» да, 90-жылдардағы «Азат» қозғалысы да, «Желтоқсандықтар» мен бүгінгі ұлтшыл топтар да бұндай ақымақ ұранды көтерген жоқ. Меніңше, жоғарыдағы саясаттанушылардың ғылыми жәдігөйленуі, сан түрлі ғылыми терминдерді араластырып, қазақ ұлтшылдығына деген негативті көзқарас қалыптастыруының басты себебі де осында — «бұлар неге басқа ұлттар мен ұлыстарға қарсы шықпайды» дегенде жатыр. Олардың жынына тиетін мәселе — осы ғана. Сондықтан болуы керек, саясаттанушылардың сұхбаттары мен мақалаларында «осы сөзді не ұранды ұлтшылдардың мынадай ресми мәлімдемелерінен алдым» деген бірауыз сөз жоқ. Ең болмаса, ұлтшылдардың жетекшілері деп өздері атаған Мұхтар Шаханов, Хасен Қожа-Ахмет, Айдос Сарым, Расул Жұмалы, Дос Көшімдердің аузынан шықты деген сілтемені де көре алмадым. Журналист Женис Байхожа бір мақаласында «даже те, кто называет себя сторонником цивилизованного, просвещенного национализма, почти прямым тексом говорят: “мы, казахи, — главные на этой земле, и только нам решать ее судьбу» депті. Бұндай ақымақтықты кім айтты, қашан айтты, деген сұрақ таңғы да жауапсыз қалады. Олардың ұстанымы біреу-ақ — «Өтірік неғұрлым адамның миына сыймайтын болса, оған соғұрлым адамдар көбірек сенеді».
Сұлтанбек Сұлтанғалиев деген саясаттанушы өзінің бір мақаласында «чем является на практике призыв отдельных личностей к тому, чтобы все граждане Казахстане стали казахами» депті. Бірақ барлық қазақстандықтарды қазақ болуға үндеп жүрген «жеке тұлғалардың» аты-жөндерін атауды ұмытып кетіпті… (Бұл сасық тәсіл менің есіме кір жуатын ұнтақтың жарнамасын есіме түсіреді. Жарнамашы «мынау біздің жаңа ұнтағымызбен (атын атайды) жуылған көйлек, ал мынау сіздердің осы күнге дейін қолданып жүрген ұнтақтарыңызбен жуылған көйлек» деп кір жуатын машинадан шыққан екі көйлекті көрсетеді. Әрине, біріншісі — тап-таза да, екіншісі — қарақожалақтау. Ең қызығы, екінші ұнтақтың не аты, не заты айтылмайды. Ол да түсінікті — егер нақты бір ұнтақтың аты аталса, ертең сол ұнтақтың иелері жарнамашыларды сотқа беріп, үлкен айып төлетеді. Ұмытпасам, 1999 жылы Израйльдің Парламенті осындай жарнамаларға тиым салатын заң қабылдады. Меніңше, біздің саясаттанушыларға да осындай бір заң керек сияқты.)

 

Арандату

Соңғы уақыттағы көзге түсетін тағы бір мәселе — билік пен ұлтшылдардың арасына сына қағу жұмыстарының қызу жүргізілуі. «Ак-Орда пользуется националистами как пугалом для неказахского населения» дегеннен бастап, «билік, мемлекет ұлтшылдарға қолдау көрсетіп отыр» «Украинада Янукович те ұлтшылдармен ойнап еді, арты не болғанын білеміз», «ұлтшылдық қаупіне қарсы «Интернационалдық партия» құрамыз» деген сияқты ашық арандатушылық бағыттағы әңгімелер көбейіп кетті. Арандатушылық дегенім бұл — билікке «сендер ұлтшылдарды қолдап отырсыңдар» деген айып тағып, мемлекеттің «жоқ, ондай емес, міне — қараңдар» деп, ұлтшылдарға қарсы жұмыстарын жандандыруға бағытталған нақты тәсіл. Бір жағынан, бұл негізсіз байбаламның пайда болуы — мемлекеттің ұлтшылдыққа бұрыла бастағанының көрсеткіші сияқты, ал екініші жағынан, Президенттің «Ұлттық жаңғыру» мен «…Жеті қырының» аясындағы көзге көрімдік ғана болатын іс-шаралардан басқа билік тарапынан ұлттық мәселені шешуге бағытталған ештеңені көріп тұрған жоқпын…
Алайда оған қарап отырған ешкім жоқ. Бақытжан Көпбаев деген бір адам «Националисты сегодня угрожают всем придпринимателем имеющим актива свше 1 млн. долларов и хотят заставить их финансировать радикальных правое движение» деп «и как тогда понять лидеров наших националистов которые под чью-то диктовку поют «Ще не вмерла Украина» и вставляет это на всеобшее обозрение» деп таң қалады. Тағы да аты-жөні жоқ белгісіз «лидеры националистов». (Екіншіден, Украинаның өлеңін айту — ешқандай қылмыс емес қой). Ал Бақытжанның «Они хвастают, что власть их финансирует, что выделили 250 миллионов. …Смысл — разжигание конфликтных ситуаций с Россией прямо на границе» деген сөздері біздің заң орындарын селт еткізбегені таң қалдырады.
Дина Құдайбергенова деген тағы бір сарапшы ұлттың идеологиясы бар екендігін мойындай отырып, «что идеология есть, но внятной политической или экономической программы, которая могла бы встать в оппозицию правящему режиму, нет», — дейді. Бұл қарындасымыздың айтқаны да ұлтшылдардан оппозиция жасап, оны билікке қарсы қою сияқты.

***
Қазақстанда екі тілдік әлем қалыптасты. Біздердің алатын ақпаратымыз да, одан түйетін ой-пікіріміз де, шығаратын қорытындымыз да екі бөлек. Біреулеріміз «Дат», «Жас алаш», «Qazaqstan dauiri» оқимыз, ал екіншілеріміз Ресей ақпарат құралдарын қараймыз. Біреулеріміз — «Айтысты» қарасақ, екіншілеріміз «Пуст говоряттан» көзімізді алмаймыз. Біздің өз елімізде болып жатқан саяси-қоғамдық оқиғаларға беретін бағаларымыз да екі түрлі… Өкінішке орай, орыстілді қоғам өздерін өздері қоғамдық-саяси өмірден шектей бастады. Осы уақытта қазақтың өзекті мәселесін, қазақ қоғамының жанайқайын орыстілді қауымға жеткізетін, түсіндіретін саясаттанушылардың болмысы, жасап жатқан жұмыстарының түрі мынау.

Бұл мақала informburo.kz сайтында жарияланған. Газетімізге өңделіп, толықтырылған нұсқасын беріп отырмыз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған