Сәлем салудың мәнің әлі күнге білмейтініміз бар

…2010 жылы Бекет Атаның 260 жылдығына бардық. Жиынның үшінші күні аламан бәйге 300 киіз үй тігілген Жыңғылды сайында өтті. Біз үйге кіргенде көздің жауын алатын нақышты қамзол, бүрмелі көйлек киген келіншектер сәлем салып жатты. «Бақытты бол!» «Көп жаса!», «Ұл тап!» дестік. Дастархан басында ортаға әйелдер не үшін сәлем салады деген сұрақ тасталды. Оған сол жердегі жас келіндер «ізет, құрмет қой» деп жауап беріп жатты. Тек жасы алпысты алқымдаған бір апай ғана «ізет, құрмет — сәлемінің сыртқы мағынасы, ал, ішкі мағынасы — алған жарының аман болғанын Тәңірінен тілеу! Оның дәлелі — қазақ әйелі күйеуі өлген күннен бастап сәлем салуын тоқтатады. Тоқтату міндетті емес, бірақ салмауына болады, өйткені Тәңірі оның тілегін орындамады ғой!» деп жауап берді. Келіншектер: «Апай, айтқаныңыз қандай жақсы болды, күйеуі өлсе салмайтынын естігенбіз, бірақ, не үшін екенін білмейтін едік» деп, риза болып қалды.
Демек, әйел атаулы «алғаным аман болса екен!» деп шын жүректен тілесе, сәлем салуға тиіс. Тіпті, «оқу өтіп кеткен» дейтін қайнаға, қайната тап болып, «салмай-ақ қой!» десе де «мақұл, көке!» деп алып, сәлем сала бергені жөн, өйткені оған алғанының аман болғаны ғой ең керегі. Бірақ, әйел жесір қалған соң да ізет үшін сәлем салуын тоқтатпаса, ешкім оған ұрыспайды, қайта батасын береді.
Қазақтың исламға дейін қалыптасқан тағлымға толы осынау керемет салтын көнердіге санап, күресінге лақтырып жібергісі келетіндер де бар. Ал, негізі «Алла-Тағала Адам Атаның қабырғасынан Хауа Ананы жаратқан соң, «міне, сенің өмірлік серігің» деп таныстырғанда оның басына ақ жаулық салып көрсеткен екен, Хауа Ана Адам Атаға иіліп сәлем салыпты» деп жазады «Салт-дәстүр сөйлейді». Біреулері бұны оның мән-мазмұнын білмегендіктен, алдыңғы буын айтпағандықтан, дәстүр тамыры үзіле бастағандықтан істесе, екіншілері әсіредіншілдікке ұрынады.
Мысалы, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Сенбілік таң» хабарын жүргізуші қыз жасы 40-тан енді асқан әнші Нұрлан Еспановтың келіншегіне «әлі күнге дейін сәлем салады екенсіз ғой, көрерменге де бір сәлем салыңызшы» деді. Өтініші орындалды. Қазақтың бұл қызына қазақтың салты таңсық көрініп тұр…
Екінші жақтан, ақын баурымыз Құл-Керім Елеместің «Абай.кз» сайтындағы «Беташар» деген мақаласын оқып көрейік. (Өйткені, келін алғашқы сәлемін «Беташарда» береді ғой). «Негізі адамның басы тек ғаламдардың Иесі болған жалғыз Аллаһ тағалаға ғана иілуі шарт. Сондықтан келін сәлем жасағанда оның басы намаз оқығындағыдай дәрежеде тым иіліп кетпеуі тиіс. Тек басты сәл ғана ишаралап немесе изеп, іштей әуелі Аллаһ тағаланы ұлықтап: «Аллаһу Әкбар!» деп, сосын сәлем бергелі тұрған адамына да іштей «Әссәләмуғаләйкум уә рахматоллаһи уә бәрәкәтүһ!» деп сәлем берсін». Сонда әйел үйге кірген қонақты көрген бойда сәлем салудың орнына, осы сөздің бәрін іштей шұбыртып айтып тұрады екен-дағы?
«…Сәлем» сөзінде біздің ақылымыз жетпейтін нығмет пен хикметті сыр жатыр. Міне, осындай толып жатқан «Сәлем жасаудың» астарындағы хикметті қайырып қойып, оны қайдағы бір ақша жасаудың тәлкегіне(?) айналдырудың, келіннің екі жағына арнаулы(?) екі адам тұрып алып, оны зорлықпен(?) буддистердің тас құдайларына шоқынатынындай етіп келсе-келмес, балаға да, жатқа да, тойға келгеннің күллісіне және күллі жұрттың көзінше тоңқаңдатудың(?!) еш керегі жоқ. Бұлай жасау беташар астарындағы игі мәнді жояды. Екінші, құзырлы тараптарды қарап тұрып күнәға батырады. Өйткеннен гөрі келін бетін аштырмаған қайырлы». Ой, тоба-ай, қазақтың «көрімдік беру» дәстүрі де қайдағы бір ақша жасаудың тәлкегі болып шықты ма? Қандай «арнаулы екі адам»? Олар балалы-шағалы, некесі бұзылып көрмеген, аты өсекке ілінбеген аяулы екі жеңгесі емес пе? «Зорлығы» несі тағы? «Тоңқаңдату» деп нені айтып тұр автор? Ол өзі беташар қалай болатынын көрген адам ба, көрмеген адам ба?
«…Сосын, кей өңір (қай өңір екен?) қазақтары келіннің бетін аштырмайды да. Оның екі түрлі себебі бар. Біріншіден, «келіннің бетін ашса беті ашылып кетеді» деп есептелінеді. Екінші себеп, келін бетін ашудағы жоғарыдағы сияқты кейбір шәриғи мәселелерге толық, қанағаттанарлық пәтуа жоқтығынан болса керек. Негізі беташардағы тәсілдер мен онда айтылатын сөз мазмұны мәнсіз болса, әрі келін оны болашағында дұрыстап атқаруынан күмәнданылса, қысқасы келіннің оны атқаратынына, онда да дұрыс атқаратынына көз жетпесе беташар жалған ойын деңгейіне түсіп қалмақ. Ондай жағдайда келін бетін ашпағанның маңызы әлдеқайда зор болмақ». Енді, ақынның осы айтып тұрғаны сөз бе, жоқ әлде басқа бір нәрсе ме?..
Қазақтың даласы мен тауын қажымай-талмай зерттеген еңбегі үшін фамилиясына қосымша ат жалғанған орыс ғалымы академик П.Семенов-Тянь-Шанский: «Қазақтарды оқытып қажеті жоқ, олардың салт-дәстүрлері тұнып тұрған білім!» деген екен. Құндылықтың бағасына жете білетін ғұлама солай тамсанса, «АҚШ демократиясының атасы» атанған, осы мемлекеттің негізін салушылардың бірі, оны 8 жыл басқарған Томас Джефферсон есімді әлемге әйгілі саясаткер: «Жақсы заңың болғанша жақсы дәстүрің болсын!» деп шорт кеседі. Неге олай қатты айтады? Өзінің мемлекетінің халқы қырық рудан құралған ел болғандықтан тамыры тереңге кеткен әдет-ғұрыптан мақұрым екенін көргендіктен, және оның орнын ешнәрсе толтыра алмайтынына көзі жеткендіктен айтып отыр.
Біздің ұлтымызға бүгінгі таңда ең керегі – бірлік. Татулық. Ынтымақ. Ауа жайылушылықтың кез келген түрі, оның үлкен-кішісі болмайды, ұлттың ыдырауына ғана жұмыс істейді. Дін де ұлтқа, ұлттың бірлігіне қызмет етуі тиіс. Дін – адам үшін, адам – дін үшін емес! Алла-Таағала: «18 мың ғаламдағы жаратқан нәрсемнің ішіндегі ең абзалы – адам!» деген екен. Ортамыздағы көзі тірі ғұлама Абдулла қажы Жолдасов ағамыз: «Дін – халық үшін! Ең әуелі халықты халық ететін оның тілі, одан кейін салт-дәстүрі, содан кейін барып діні. Дін салт-дәстүрге сүйеніп, ақыл-ойдың арқасында өмір сүретін адам баласын жаңылыстырмайтын, адами жолдан шығартпайтын қалып» дейді.
Ендеше, біз де ата-бабамыздың мыңдаған жылдар сүзгісінен өткен, сол арқылы өзінің өнегелі-үлгілілігін, өміршеңдігін дәлелдеген салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды көзіміздің қарашығындай сақтағанымыз, әсірешілдікке ұрынбағанымыз абзал болар.

Өмірзақ Ақжігіт

elanasy.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған