ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІНІҢ БАЯНСЫЗ БАҚЫТЫ

Жыл сайынғы 8 наурыз күнін тойлау тәмамдалды. Мерекелеу біткен соң әйелдер туралы өз ойымды хатқа түсіргім келді. Жалпы әйел заты туралы емес, тек қазақ әйелі туралы жазғым келді.
Менің маңдайыма үш елде тұру бақыты жазылыпты. Қайда тұрсам да сол елдің әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін, өмір сүру дағдысын толық меңгеруге тырысамын. Өзім жалпы байқампаз адаммын. Білгенімді үнемі ойлап, сараптап отырамын. Қазірге дейін білгенім аз емес. Білгендерімнің ішінде әр елдегІ «әйел бақытына» деген әркелкі ұстаным таң қалдырады.
Бірден айтайын – біз, қазақ әйелдері, орыстар мен түрік әйелдерінен қатты бөлектенеміз. Біз – басқамыз.
«Өз тәжірибемде әйел затының қазақ әйелі сынды осыншалық өзін құрбан ететінін көргем жоқ. Сендердің әйелдерің өзін ойлай білмейді. Бар армандарың баламның, ата-анамның, туыстарымның тыныштығы, солардың бақыты деу екен. Әйелдің жеке, өз бақыты туралы мүлде ойланбайды екенсіңдер» – деген еді он жыл бұрын Мәскеуден Астанаға келіп әйелдерге рухани өсу туралы жаттығу өткізген жаттықтырушы Татьяна Погосова. Сол сабақтарға өзім қатысып жүргенде естіген сөзім.
Біздер, сол тренингтің қатысушылары, оның сөзін теріске шығаруға тырыстық. Бірақ шынымды айтсам, ешбір салмақты дәлел келтіре алмадық. Ақырында әркім өз пікірінде қалды. Біз өзіміздікін дұрыс дедік. Татьянаның бізге үйреткені біздің қоғам үшін тым артық, революциялық жаңалықтар болып шықты. Көпшілігіміздің санамызға жат болды.
Сенің құндылығыңды ғана бөлісетін ортада өмір сүргендіктен өзіңдікін дұрыс деу оңай. Жұрттың бәрі осылай өмір сүреді деген қара тастай айғақты ту етіп көтересің. Алайда өз илеуіңнен шығып, айналаңа қарасаң, өмірде басқалардың мүлде ерекше өмір сүретінін көресің.
2009 жылы мен ресейлік орысқа күйеуге шықтым да Мәскеуге кетіп қалдым. Күйеуге шығарда ешбір кедергі көрмеген едім. Шын мәнінде қатты қателесіппін. Біз – екі бөлек екенбіз. Ресейде тұратын орыстар біздің «қазақ орыстардан» басқа болып шықты.
Қысқаша айтсам, отбасылық кемеміз мәдениет түрлілігі атты құзға соғылып, шашылып қалды. Бұл тосқауылды асып кете алмадық. Ең қиын күрмеу – менің туыстармен қарым-қатынасым болды. Біз, қазақтар, туыстармен тым жиі араласамыз. Ата-анаға, туыстарға, бауырларға көмектесу дұрыс деп есептеледі. Ресейліктер бөлек өмір сүреді. Әркімнің өз отбасы бар. Ері, әйелі, балалары. Бітті. Ата-анасымен араласуы да шектеулі. Өзара тәртіпті бұзбауға тырысады.
Баяғы да біреулер ең жақсы туыс – қайтыс болған туыс дегенінде менің қазақы болмысым дір еткен. Не деген сұмдық сөз? Бұл дұрыс емес дегенді алға тартатынмын. Әрине, онымды ешкім елемейтін. Бұл майданда мен жеңіліс таптым. Отбасылық бақытым үшін басталған күресте де жеңілдім. Бір қарағанға өзіме етене жақын, бір қарағанда сондай жат болған орыс күйеу.
Менің мәскеулік құрбыларым мені ақымақ санайтын. Күйеуіме үй шаруашылығына араласуына рұқсат еткенімді сөгетін. «Сен неге оны осынша еркелетесің, ертең мойныңа отырып алады ғой» – деп ұрсатын. Сосын олар менің неліктен туыстарыма көмектесетінімді еш түсіне алмайтын.
Ресейдегі бүкіл қалалардан мен тек Мәскеуде тұрдым. Сондықтан бүкіл Ресей туралы ауыз ашуға қақым да жоқ шығар. Бірақ ресейліктермен көп араласамын. Сол араласудан түйгендерім, ресейлік әйелдер бізге қарағанда өзін өте бағалайды. Олар ата-анасының ахуалына алаңдай бермейді, алыс туыстары туралы тіпті бас қатырмайды.
Күйеуіммен ажырасып жатқан кезде мәскеулік құрбыларым: «Өзің кінәлісің, жұрттың бәріне көмектеспеуің керек еді, өзіңнің отбасыңды ойлағаның абзал болар еді» деді. Қазақ құрбыларым: «Өзің кінәлісің, істегеніңнің бәрін күйеуіңе айта бермеу керек еді, үндемей-ақ көмектесу керек еді» десті. Олай да, былай да жасай алмасаң, қайту керек?
Отбасыдағы сенім мәселесі өзінше жеке тақырып. Қазақ құрбыларым үнемі күйеуіңе көрсетпей ақша жина деп ақыл айтатын. Көмектескеніңді айта берме дейтін. Мен үшін бұл сұмдық болатын. Сенімі жоқ қарым-қатынастың келешегі құрдымға кетпек. Күйеуімнің қарсылығына қарамастан туыстарыма көмек қолын созатынмын. Барлық туысымды Түркияға көшіріп алдым. Күйеуім содан менімен ажырасып кетті. Ол Мәскеуіне кетті, туыстарым менімен Түркияда қалды.
Шетелде ақша табу өте қиын. Әсіресе, Түркияда. Ал, әйел адамға мүлде қиын. Отбасымды асыруым керек болды. Шамам жетпес қиын жобаларды мойныма ілдім. Ешкім сұрамаса да басымды бәске тіктім. Шамам жетпеді. Енді активтерімді қалай шығарып алсам екен деп бас қатырып жүрмін. Отбасым бірі қалмай Қазақстанға оралды. Ақиқатты мойындауым керек. Көмектесу түбіме жетті.
Ойлануға уақыт болғанда басымнан өткеннің бәрін таразылап отырып түйгенім – ешкімге көмектесудің қажеті жоқ екен. Ет жақыныңа да көмектеспе. Көмектесеміз деп олардың өз күш-қуатына сенімін жойып аламыз. Өз қал-қадерінше қадам жасауына кедергі боламыз. Өз мүмкіндігін көрсету мен жетілуіне тосқауыл боламыз.
Шамаң жетпеген нәрсені мойындау әр қазақ үшін өлімге тең. Біз өтірікті көп айтамыз, әсіре боймалаймыз, шындықты жасырамыз. Өзімізді артық етіп көрсетуге тырысамыз. Шындап қарасақ, жұрттың не ойлағаны кімге қызық? Біз пікіріне құлақ асатын елдің көбі дәл солай шала жансар өтірікпен өмір сүреді.
Қоғамдық пікірге немқұрайлы болуды орыстар үйретті. Ойланып қарасаңыз, ұл сондай дені сау бейтараптық. Әркім өз өмірін сүруі тиіс.
Түрік әйелдері басқа. Жалпы түріктер ер мен әйелдің теңгерімін дұрыс сақтап қалған. Еркек түзде, әйел үйде. Үйде отырған әйелге ұлтына қарамастан істейтін іс жетіп артылады. Түрік әйелдерінің көпшілігі ақша табуды мақсат тұтпайды. Олар өздерін отбасы, ошақ қасының адамы деп таниды. Ошақтағы отты өшіріп алмауға күш салады.
Ал, біздің, қазақ әйелдері..
Ақсақалдар мен адуынды тәтелер менің пікіріме қарсы болары анық. Сонда да бірнеше шындықты мойындауыма тура келеді. Әсіресе, олардың қаншалықты қауіпті екенін түсінгелі айтқым келіп жүр. Ал, қауіптің бар екені рас. Біздің әйелдер әйел болудан қалып барады. Олар отбасының тірегіне айналды. Отбасын сүйрейтін алдыңғы дөңгелек боп алды. Жай бақытты болудың орнына олар құдіретті болуға мәжбүр.
Тоқсаныншы жылдары Қытайдың шекарасында жұмыс істедім. Достық кеденінде. Ала дорба арқалаған саудагерлердің қаптаған тұсы. Негізінен ресейліктер мен қазақстандықтар кезекте тұрады. Орыстардың тобы 100% еркектер. Қазақстандық топ 98% әйелдер. Орыстар таң қалып: «қауіпі зор, қаншама ауыр жүк арқалайтын кәсіпке неге әйелдерін жегіп қойған, еркектерің қайда кеткен сендердің?» деп сұрайтын.
Ала дорба арқалап, белі үзіліп кете жаздап, ауыр жүгін арқалаған талай әйелді көрдім. Жалғызілікті, қорғансыз, нәзіктер, олар біздің аяулы қазақтың қаһарман әйелдері ғой…
Бақытсыз әйелдерді көп білем. Оларды тыңдаған сайын ойлаймын: неге біздің әйелдер бақытсыз? Неге бүкіл туыстың мәселесі айналып келіп әйелдің иығына артылады? Бұны бізге кім аманаттап кетті екен? Неге біз, кешіріңіздер, кеміс болып туады екенбіз? Неге тек өзіміз туралы ойлай білмейміз? Неге осыншалық оңайлықпен өзімізді құрбан етесаламыз? Неге?
Өмірдің мәні өз бақытымыздан құрылуы керек дегенді мақсат етпеген соң осылай болатын секілді. Өз бақытың дегенді де түсіне алмаймыз. Бар қуанышымыз туыстарымыз арқылы өлшенеді. Шешең бақытты болса, сен де бақыттысың. Балаң бақытты болса, өзің бақыттысың. Өзімізде жеке бақыт болуы мүмкін дегенді тіпті де ойлай алмаймыз.
Бала күннен екінші сатыға түсіп қаламыз. Сол екінші екенімізді сезініп, өзімізді толыққанды адам сезіне алмай өтеміз. Шешелер ұлдарын алға шығарады. Тақ мұрагері деп әспеттейді. Біз олар үшін тек гендерлі саясатты ақтау үшін ғана бармыз. Ең басты кемшілігіміз, кемістігіміз – қыз боп туғанымыз. Сол үшін өзімізді кінәлі сезінеміз. Бұл айыпты бізге ерекше бір кесте бойынша санамызға кіріктіріп қояды. Ешкім ашық сен қызсың, екінші сатыға тұр демейді. Қыз ұлдан кем демейді. Бірақ бүкіл қмір сүру дағдымыз, әңгімеміз, әрекет, басымдықтар, отбасыдағы жүйе ұл қыздан артық екенін дәлелдеп шығады. Қыздың бойына толыққанды еместігін сіңіреді. Осының салдарынан қыздар өздерін жақсы көре алмай өмірден өтеді. Біз үнемі махабаттқа лайықты болуға тырысамыз. Ұлдан кем еместігімізді дәлелдеумен өтеміз. Осыдан барып біздің құрбан болуға асықтығымыз келіп шығады.
Менің тұрмыстағы құрбыларым күйеулеріне шағымданады. Күйеуі жоқтар жалғыздығына шағым етеді. Бірігіп алып отбасы үшін, ата-анасы үшін бір мезетте әрі ана, әрі әйел, әрі асыраушы, әрі тірек боп қалғандары үшін шағым айтады.
Біздің елде психологтарға бару әдеті жоқ. Ішіміздегіні шығару үшін достарымызға барамыз. Біз олардан көмек те, кеңес те күтпейміз. Іштегі ыза-кекті бұрқ еткізіп шығарып алсақ, сол да жеткілікті. Ары қарай өз жүгімізді арқалай береміз. Жұртқа бақыттан басы айналған әйелмін дегенді көрсетіп, өтірік күліп, баттасып боянып аламыз да, шапқылай береміз. Небір қиындық кезінде мойымайтын қалыбымызға түсе саламыз.
Соңғы жылдары адамдар арасындағы айырмашылық тек өтірікті ұтымды айта білуінде екендігіне көз жеткізіп келем. Бәріміз өтірік айтамыз. Бәрі жақсы деп өтірік айтамыз. Бұл еркіндікті өзіміз таңдадық деп өтірік соғамыз. Күйеулеріміз өсіп жатыр, біз бақыттымыз деп өтірік айтамыз. Сол күйеуді керемет сүйеміз деп алдаймыз. Сүйіктімін деп алданамыз. Бақытты деген осындай-ақ болсын деп алдауға дайын тұрамыз. Өтірікті көп айтамыз. Себебі, қорқамыз. Шындықты өзімізге айтуға, өзіміз мойындауға қорқамыз.
Әрине, бақытты қазақ әйелдері бар екендігіне шүбә келтірмеймін. Бірақ олар өте аз. Оның үстіне бақытты екендіктерін ешкімге жар салмайды. Бақыт тыныштықты жақсы көреді. Өсек құмар қазақ қоғамы үшін әсіресе өзекті болса керек.
Біздің мәдениетіміз – бір түрлі. Мүмкін менің ғана бағым жанбай қалған шығар, кім білсін.. Дегенмен де, той-томалаққа, асқа бара қалсаң, әңгіме аясы кімнің баласы өсті, қызы кімге күйеуге шықты, пәленшенің туысы бастық болғалы үй сап бергені, шетелге қыдыртқаны туралы ғана әңгіме өрбиді. Әдебиет, мәдениет, саясат, жастар, қарттар туралы сөз қозғалмайды.
Кей адамның жетістігі қанша досына, туысына көмектесе алғандығымен ғана өлшеніп барады. Мәртебесі байлықпен ғана есептеледі. Туыс арасында біреу таққа отырса, қалғандары бар қиындығын соның мойнына артып қоюды парыз санайды.
Мұндай тозақтан өзім де өткен соң айтып отырмын. Қарға тамырлы қазақ үшін туыстардың жайын жасау ең қиыны.
Ешқашан сені елемеген адамдар үшін әп-сітте керемет ет жақыны, жан туысы болып шыға келесің. Қызық. Олар менің бала күнімнен болашағым үшін алаңдаулы боп шығады. Мың адамнан сол бір хикаяны ести берген соң ойланасың. Әлемдегі ең жақсы туыс өзің екендігіңді күнде біреуінен біліп қарық боласың.
Менің жетістігіме қатысты күлкілі жайттар аз емес. Атамның жамағайындарының қыздарымен таныстым. Егіздер екен. Ешкімді менсінбейді екен. Шетелде оқыған. Бірнеше рет ас-тойда көріп жүрді, салқын амандасатын. Бір күні министрдің кабинетінің алдында жолығып қалды. Мені көріп, министрге жақындығымды көріп, өзгере салды. Өзімнің жетістігім туралы туыстар арасында ешқашан тіс жармайтынмын. Олардың көмек сұрайтынына күмәнім болмайтын. Ал, менің туыстарға көмектеспеу, оларды жұмысқа тартпау ұстанымым болды. Әлгі екеуі мені көрген соң қымбатты сіңлі атағына ие болдым. Екі жыл қыр соңымнан қалмады. Өтініштері бітпейтін. Екі жылдан соң екеуінде өзімнен аластаттым. Басқа шығып болды. Ренжіді. Бу ұрды деді. Бастық қой ол, өзінше боп кетті десті…
Бастық қыз атану оңайға тимеді. Бір күні шешем қоңырау шалды. Бес жүз доллар тапқың келе ме деп сұрады. Сөйтсем, бір пысық туыс апай қызың жұмысқа орналастырсын, бес жүз оған, бес жүз маған деп сыртымнан қазақша сауда жасапты. Мен бас тарттым. Анам жылады. «Қызың бастық екені өтірік деп ел күліп жатыр, пәленшенің қызы банкте еден жуады, түгеншенің туысын жұмысқа тұрғызды, ал сенің қызыңның қолынан түк келмейді. Елге күлкі болдым ғой, ұятқа қалдым» дегенін естігенде күлдім. Не үшін ұят? Не жамандық жасап қойдым? Мақтанудың не керегі бар?
Бірде бір туысымды жұмысқа орналастырмадым. Мүмкіндік болды. Мен ол кезде экономика мен бюджетті жоспарлау министрлігінің аппарат бастығы болдым. Жұмысқа алу менің қолымда. Сол сәтте қаптап кеткен туыстардың бірінде жолатқам жоқ. Маған келуге тыйым салдым.
Жұмысқа тұрғызып бер деген өтініш айтатындар көп. Жасы жеткен санасыз ұлдарын тықпалайтындардан шаршадым. Бұл не деген еркектер? Мен әйел басыммен жұмыста да, қызметте де өз басыммен жетістікке жеттім. Олар еркек емес пе? Қазақтың шешелері өздерінің еркетотай, қолдарынан түк келмейтін ұлдарын ақтауда алдына жан салдырмайтыны қызық.
Тік мінезді адаммын. Сұрақты төтесінен қоямын. Егер ұлыңыз 35 келгенше еш жерде бір жылдан артық жұмыс істемесе, ол қандай маман? «Менің балам жақсы, бастығы бір ит еді» дегенді естисің.
Балам, ұлым, мұрагерім, мақтанышым, ұрпақтың жалғастырушысы… «Балам, шаршадың ба, жата ғой, дем ал!», «Ой, балам, жата бер, мен істей салам ғой» – шешелеріміз баласын көрсе, әке-көкелей береді. Соғыстың кезі емес, еркектер құрып қалды дейтіндей… Қайда еркектер?
Ұл бала туғаннан көбірек махаббатқа ие. Ол отбасының үміті, тірегі. Келешек тірегіңді басқа шығарудың керегі не? Мен осыны түсіне алмай-ақ қойдым. Еркетотай ұлға қандай үміт артуға болады? Есеймей-ақ қартаятын жетесіздерге сөз өтпейді. Шешесінің баласы болып өтеді. Отызға келгенде не отбасы жоқ, не жұмысы жоқ, қоғамнан тысқары қалатын безгелдектер. Өздерін тағы өмірдің тосынсыйы деп сезінетінін қайтерсіз.
Ажарсқан соң тағы да жалғыз қалдым. Азат әйелдер қатарына қосылдым. Құда түсушілер қатары көбейді. Мен бастапқы кезде таң қалдым. Сөйтсем, өмірде жолы болмаған ұлдарын маған тықпалайды екен.
Шетелде тұрып келген соң өзіміздің қазаққа күйеуге шыққым келді. Ададмдар-ау! Әлем не болап кеткен? Бес әйелге бір еркек дегені аздай, сол жалғыз еркектің өзі бақыр бас қой. Қолынан түк келмейді.
Маған құда түскендер ішінен алыс құдалардың туысы ең тәуірі болып шықты. Ішеді екен. Бірақ қазір қойыпты. Институт бітірген соң есі дұрыс жұмыс істемеген. Қазір көліктұрақта қарауыл екен. Сол үшін институт тәмамдау керек пе еді?
Бұл әңгіме өте қызық. Әрі берер сабағы мол. Балалық шақтан басталады. Осы алыс жамағайындар өте жақсы тұратын. Әкелері Нархозда декан болатын. Сонысын мақтан ететін. Тоқсанның соңында менің апайларым бізде қыз бар, сіздерде ұл бар дегенде шоршып түскен. Отбасыларында бес бала. Үш қыз, екі ұл. Расыменде бай кісілер еді. Тек ұлдарын еркелетті. Есесіне қыздары өмірден орындарын оңай тауып кетті. Ұлдары ішіп кетті. Біреуі жуырда қайтыс болды. Екіншісі, әлгі мені алатын күйеу, қарауыл екен.
Екеуіміз де қырықтан асқан кезде мен оған тең болуға жараппын. Күлкілі ме?
Біздің қоғам әйелдерге қырын қарайды. Әділетсіз бағалайды. Береріміз көп, аларымыз аз. Бір қызығы махаббаттың осы әділетсіз теңгерімін де әйелдер өздері жасап алады. Біздің аналарымыз сөйтеді. Бақытсыз өмірдің туын бір-біріне, қолдан қолға жалғап беріп отыр.
Мен туғанда шешем жылапты. Күйеуіне жағынғысы келіп, ұл туып бермекші екен. Бірақ қолынан келмепті. Інім туған кезде үйде той болды. Қазір ше? Мен өмірде көп жетістікке жеттім. Шешем үстіне тозаң да қондырмайтын бауырым түк бітірмей әлі жүр. Тіпті мұнда оның кінәсі де жоқ. Ол біздің қоғамдағы бақырбастарды әспеттейтін шалажансар қоғамның құрбаны болып кетті.
Біздің шешелеріміз ұлдарының жайын ойлап, қатты қамығады. «Сен өлмейсің!» деп қыздарын тектеп отырады. Біз шынында да өлмейді екенбіз. Керісінше, көп нәрсеге қол жеткіземіз. Қызметте өсеміз, пәтер аламыз, құдай бұйыртса, бала туамыз, ақша табамыз… Оған қоса санасыз бауырларымыздың жүгін арқалаймыз. Ата-анамызға қарасамыз. Біз бір нәрсеге ғана үлгермейді екенбіз. Әйел бақытын сезіне алмай кетеміз.
Жан-жағыңызға қараңызшы, не көресіз? Жалғызілікті ананың пәлен бала тәрбиелеп, тек солардың келешегін ойлап, өзін ұмытып, күнді күнге, түнді түнге ұластырып жатқанын көресіз. Өзінің бақытын жасау түгілі, ол туралы ойлауға мұршасы да жоқ. Дұрыстап қарасаңыз, күйеуіне білдіртпей үйдегі бар ақшаны әке-шешесіне апарып беріп жатқан әйелді көресіз. Қолынан түк келмейтін күйеуіне тек отбасы бұзылмасын деген желеумен көніп отырған бишара әйелдерді көресіз. Балам әкесіз өспесін деп, әке-шешем қан жыламасын деп қана өз өмірін өкісікпен өткізетін әйелді көресіз.
Бұл әйелдердің әрбірі біреудің тектеп өсірген қызы. Әрбірі – сұлу, немесе сұлулығын байқамай жүрген бейбақ. Өзінің нәзіктігін сезбеген сыйқыршы. Әрбірі өзін жақсы көре алмайтын әйел.
Жақында біздің әйелдердің түрік күйеулерімен бақыты қалай қалыптасып жатқаны туралы мақалалар жаза бастадым. Кері байланыс үдеп кетті. Түрікке күйеуге шыққысы келетін әйелдер қатары көбейіп келе жатыр. Олардың көпшілігі өз бетімен жетістікке жеткен, тұрмысы жақсы, ақшасы бар, пәтері бар әйелдер. Олардың бәрі бір нәрсеге шағымданады. Шаршадым дейді.
Жалғыздықтан, бәріне көмектесуден, бәрі оны пайдаланғандықтан шаршадым дейді. Үйде, жұмыста, әулетте. Ақ тұлпар мінген ханзаданы күтуден шаршадым дейді. Әйел болғаны үшін өзін кеміс сезінуден шаршадым дейді. Жамағайындардың беделді пікірінен шаршадым дейді. Бақытсыз болудан шаршадым дейді.
Қазақтың көптеген азаматтары бұған бейжай қарайды, болмаса қарсы пікір білдіреді. Түрікке күйеуге шыққысы келетіндерді бастан-аяқ сөккендері де табылды. Бірақ, мен сол әйелдерді жақсы түсінемін. Қашып кеткісі келетін жалғыз мүмкіндік. Қазақтың тауық қорасынан безу….

Ботагөз Көпбаева
Аударған Шынар Әбілдә

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған